Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мешіт көркі – жамағат

Мешіт көркі – жамағат


Қазіргі таңда ауданда кәсібімен қанатын кеңге жайып, тіршілігінің тасын өрге домалатып отырған азаматтар аз емес. Олар өңір экономикасының артуына ғана емес, әлеуметтің әлеуеті жақсаруына да сеп болуда. Мәселен, «Әбдіманап базары» ЖШС директоры Әбдіғани Шорабаевты айталық. Ол тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ата-анасынан айырылған жетім балаларға жәрдем көрсетіп келеді. Өңірде өткен ауқымды іс-шараларға демеушілік танытқаны тағы бар. Міне, осы сынды халық игілігі үшін істеген жұмыстарын жұрт жадынан шығарған емес. Бүгінде аудан халқы Әбдіғани Дүйсенұлын туған жердің көсегесін көгерткісі келетін атымтай азамат деп таниды. Көнекөз қариялар кәсіпкерге көрген жерінде бата берсе, ақ жаулықты әжелер ақ тілегін жаудырады. Ал бұл әрекеттер өскелең ұрпаққа және өзге де кәсіпкерлерге үлгі екені шүбәсіз.
Сәрсенбі күні Әбдіғани Шорабаевтың тағы бір игі ісіне Қарғалы жұрты куә болды. Себебі, аталған елді мекенде кәсіпкердің қолдауымен 165 орындық мешіт бой көтерді. Салтанатты рәсімге ауыл тұрғындары ғана емес, аудан мен облыстан келген қонақтар қатысты. Жаңа мешіттің ашылу салтанатына жиналған жамағат алдымен Құран бағыштап, дұға оқыды. Одан кейін ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлының ыстық ықыласын тыңдады. Бас имам келушілерді алдымен жаңа ғимараттың бой көтеруімен құттықтап, содан соң мешіттің адам өмірінде алар орнына тоқталды.
– Мешіттің көркі – жамағат. Сол себепті мешіт әсемдік, әдемілік үшін тұрмауы керек. Оның ішін жамағатпен толтыру керек. Әсіресе, ақсақалдар, жұма күні мешіттің төрінде отырып, кішілерге үлгі көрсетіп, еліміздің тәуелсіздігі үшін ризалық білдіруіміз қажет. Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары небәрі 40-қа жуық мешіт болды, ал қазір 3000-ға тарта мешіт бар. Әрбір аудан мен ауылда, тіпті бір аймақта екі мешіттің бар екені бізге мәлім. Сондықтан осының барлығын Алланың бізге берген үлкен нығметі деп түсінгеніміз абзал, – деді қажы. Содан кейін Ә.Шорабаевқа және жаңа мешіттің жамағатына Құран кітап тарту етті.
Айтулы күнде ақ тілектің тізгінін ағытып, жүрек жарды лебіз айтуды аудан әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Әбдірахманов, аудандағы қажылар қауымдастығының төрағасы ­Оразбай Мысырханов әрмен қарай жалғастырды.
Қарғалы халқы үшін қуанышты сәт саналған күнде ауыл кәсіпкері Үдер Зұлыпхар мен Серік, Есенғали, Әлімбай сынды Алтай қожа ұрпақтары Әбдіғани Дүйсенұлына ризашылығын білдіріп, ата салт бойынша ат мінгізіп, шапан жапты. Алайда, жақсылық жасауды азаматтық борышым деп түсінген кәсіпкер өзіне берілген сый-сияпаттың біреуін ауыл тұрғыны Ұлболған Үсенқызына табыстады. Себебі, Ұ.Үсенқызы – жаңа ғимараттың бой көтеруіне бірден-бір себепкер жан. Ал қалған тарту-таралғыны кәсіпкер жаңа мешіттің имамы Қуанышбек Жорабековке қажылыққа баруы үшін тарту етті.
Ақ тілектер айтылып болған соң аудан әкімінің орынбасары мен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы жаңа нысанның лентасын қиды. Мешіттің есігі айқара ашылған соң, өңір ардагерлеріне және барлық имамдарға тәбәрік ретінде шапан жабылып, келген қонақтарға ас берілді. Сонымен қатар қаза болғанына 10 жыл толған белгілі кәсіпкер Әбдіманап Шорабаевтың рухына Құран бағышталды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


22 қазан 2019 ж. 960 0