Егемен елдің еңсерген 30 жылы
Екі ғасыр тоғысында тәуелсіздік таңы атты. Ұлы көш басталды. Бұл – жаңа белеске, жаңа кезеңге өту көші. Бүгінгі Қазақ елі – абыройы асып, мерейі үстем болған, бүкіл әлем көз тігіп отырған жас мемлекет. Дербес ел болғалы 25 жыл болды. Осы уақыт ішінде біз талай белестерді бағындырып, талай асуларды өткердік. Жас Қазақстан дүниежүзілік аренада өз орнын тапты.
Тәуелсіздіктен артық, одан қымбат, одан киелі ұғым жоқ. Осы тәу етер жалғыз киемізге дақ түсірмей, қадірлеп өту – әр қазақстандықтың парызы. Біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Біз бүгінде қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Сақтайтын, ардақтайтын дүниеміз, Тәуелсіздік деген ең қымбат құндылығымыз бар. Сондықтан біз қашанда алға, баянды болашаққа нық сеніммен қараймыз.
Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз тағдыр таңдауын қабыл алдық. Берекелі бірлігіміз бен еселі еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры бекітілді. Мәңгілік Ел болуға бет бұрдық. Ал бұл жолда білім ошақтарының орны маңызды. Яғни, білімді шәкірт тәрбиелеуде білікті ұстаздардың рөлі басым. Ал, бүгін қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар Шиелі ауданындағы №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейіне 70 жыл толып отыр. Қос тойымыз қабат келген бұл жылды жақсылықтың нышанына балап, ертеңгі күнге ерекше үміт артамыз. Тарих шежіресінде 70 жылды артта қалдырып, сан мыңдаған шәкірттің қанатын қақтырған киелі оқу ордасының әлі де болса берері көп.
Ең алғаш өткен ғасырдың 50 жылдарында орыс мектеп болып іргесін қалаған №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейі бертін келе орыс-қазақ аралас мектебі, 1993 жылдан бері қазақ мектебі ретінде ұрпақ тәрбиелеп келеді. Тар жол тайғақты күндерді өткеріп, егеменді ел болғанымызға биыл міне 30 жыл толды. Бұл жылдар ішінде қазақ елі адам танымастай өзгерді. Бір ғана Шиелі ауданының өзінде оңды өзгерістер орын алды. Білім саласы жаңа жаһандану дәуіріне қарай бейімделіп, 3 тілде білім беруде.
Алия Смайлова