Көшеттерінің төлқұжаты бар
Ұрпағына мал емес, тал қалдыруды ойлайтын қазақ халқы көктем шыға көшет іздеп сабылады. Ондағысы ертеңін ойлап ертерек қам қылғаны. Бір түп жеміс ағашын қадасаңыз жүз жыл азық боларын білесіз. Содан болар ауласын гүлге орап, бақшасын жеміспен жайқалтқанына балаша қуанады. Мейрамбекше жырласақ «Көк шыққанға бір қуанып, шөп шыққанға бір қуанып» өтіп жатқан өмір-ай дерсіз.
Иә, әне-міне дегенше біздің өлкеге де көктем келіп жетті. Қаһарлы қыстан төрт көзі түгел шыққан ағайын жеңілденіп, бойында қан жүгіре бастады. Мінезі мың құбылатын ерке қыздай биылғы наурыз айы да бірде түнеріп, бірде күлімдеп есті алады. Табиғат та, жан-жануар да түлеп, жаңарады. Тал-терек бүршiк жарып, тоқсан күн тоң болып қатқан қасиеттi қара жер тынысын кеңейтті. Расында да көктемде алтын күннің нұрлы шуағынан Жер – ананың алпыс екі тамыры түгел иіп, дала төсі жасанған қыздай құлпыра түседі. Сайын өлкенің бояуы қоюлана бастап, айнала әсем күйге енетін шақ. Көгілдір көктемде ауылдағы жайлауға бара қалсаң, нағыз көктем осында ма деп қаласың. Бозторғайдың үніне маңғаз дала манаурап, жасыл шалғынға аунап, еңбектің, жасампаздықтың, табиғаттың жасару мезгілі екенін ұғынасың.
Кент ішінде орналасқан «Нұркелді» мейрамханасына бара қалсаңыз қарама-қарсы бетте орналасқан «Гүл – бақша әлемі» деген маңдайшасы бар дүкен көзге оттай басылады. Жуырда ғана ашылса да алдынан адам үзілмейтін дүкеннің ішінде керектің бәрі бар. Керек болғанда сол көктемде егетін сан түрлі жеміс көшеттері мен ешкімнің есігінің алдынан кезіге бермейтін ерекше гүлдерді табуға болады. Мәселен, алманың 4 түрлі сорты, алмұрт, өрік, қара өрік, шабдалы, анар, жаңғақ, терек, лимон, тұт ағаштары бар. Сондай-ақ раушан гүлдерінің түр-түрі, лагестремия, будлея, жасмин, бақтағы декаративті гүлді шеңгел, яғни, бульденеж, көп жылдық шөмішгүл (фодосбор), олеандр, ирис, лабазник, юкка гүлдері үйдің ауласына отырғызуға арналған.
– Жарық әлемде нәзік жандылар әрқашан сұлулыққа құштар болуы қажет. Әйел адам айналасын арайландырып, әрдайым сұлулық сәулесін шашып жүруі тиіс. Сұлулық адамның жанын жылытады, керемет күйге, тылсым сезімге бөлейді. Үйіміздің ауласындағы әрбір ашылған гүл жанымды жадыратады. Әсем гүлдер көңіліме қуаныш сыйлап тұрғаны үшін күнде таңертең бақшамызды аралап, олардың әрқайсысына алғысымды білдіремін, олармен сырласамын. Таңертең таңғажайып гүлдердің керемет көрінісінен рухани ләззат аламын. Адамдар ерінбей еңбек етсе ғана, айнала қылқалам шеберлерінің туындыларындағыдай көріністерге бөленіп, адамның жан-дүниесінде әдемі көңіл-күй орнайды, – дейді, дүкен иесі Базаркүл Жеңсікбаева.
Есігінің алдына 40-тан астам гүлдің түрін отырғызып, эксперимент жасаған бағбан Базаркүл олардың күтімі, өсу барысы жайында толық зерттеген. Сондықтан болар тұтынушыға сапасыз өнім ұсынбаймын дейді. Көшетке жаңа туған сәбидей күтім жасайтын ол сатып алушылармен де білгенімен, тәжірибесін бөлісіп отырады. Дүкен ішінде арнайы тыңайтылған топырақ, тыңайтқыш, өсімдікке нәр беретін дәрі-дәрмектің бәрі бар. Реаниматор, борогум-н сынды тыңайтқыштардың қалай, қай кезде, қанша мөлшерде қолданылатынын да тілге тиек етті. Естеріңізде болса Шиеліге анар ағашын жерсіндіріп, өсірген адам туралы өткен жылдары мақала жазған болатынбыз. Ал Базаркүл кивиді жерсіндіріп, киелі мекенге әкелуді көздеп отыр.
Дүкен сөрелерінен бөлме гүлдерін де аңғардық. Көктем мерекесінде ең көп сұранысқа ие болған құтыдағы гүлдері нәзік жандыларға қуаныш сыйлауға жарап тұр. Ал көшеттерді арнайы тапсырыс арқылы Сарыағаш пен Ресейден алдырады. Ал алдағы аптада питомниктен төлқұжаты бар көшеттер келеді екен. «Яғни, 30 көшет алып, 3-еуі ғана өнеді деп қорқатындар үшін құжаты мен гарантиясы бар көшеттерді ұсынатын боламын» деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз.
Өсімдіктің өсімінен өмірге деген құлшынысы артатын кәсіпкердің ісіне қарап сүйсінбеске болмады. Айналасын гүлдендіріп, ауласын баққа айналдырған Базаркүл Яхулақызының ендігі арманы киелі Шиеліні тек ши мен шие емес, ерекше жемістерімен де таңқалдыруды қалайды.
Гүлнәр Әбдіханиқызы