Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалқымалы көпір қайта қалпына келді

Қалқымалы көпір қайта қалпына келді


Күн шуағын төккен көктем де келіп жетті. Қыс бойы мұз қатқан Сырдарияның суы да ери бастады. Сіресіп қатқан мұз ыдырап, балығы секіріп ойнайтын жайма шуақ күндер бастау алды. Бірақ, дарияның мұзымен бірге Қарғалының қалқымалы көпірі де жылжып кеткен еді. Алайда ауыл әкімі Қайрат Парманқұловтың қолдауымен бұл олқылықты қайта қалпына келтірді.
Қарғалы ауылы 1973 жылы Сырдария өзенінің бо­йында қаракөл қой совхозы болып құрылғанын көнекөз қариялар жақсы біледі. Ауыл тұрғындары кентке қатынау үшін 1973-1977 жылдары Сырдарияның үстінен паром арқылы өтіп жүрді. Одан кейін екі араға арнайы қалқымалы көпір орнатылды. Қалқымалы көпірден ақау табылса ауыл мен кент арасындағы қатынастың қиындығы халықты әбігерге түсіретіні ақиқат. Қыс мезгілінде сең жүргенде көпір болмай, орталыққа барар жол 40 шақырым емес, көрші Жаңақорған ауданы арқылы 140 шақырымға созылатыны тағы бар.
Жолға шықса жетуге асығатын қарғалылықтар мәселенің оң шешімін оңай тапты. Ауыл әкімі Қ.Парманқұлов ауыл азаматтарының ұйымдасып, көпірді қайта қалпына келтіруіне қолдау танытты. Айта кетейік, биыл қалқымалы көпір бойында 33 қайық бар. Олардың кейбірін көктемде еріген мұз жылжытып жіберген болатын. Соның салдарынан ауыл мен кент арасындағы қатынас тоқтап қалған. «Жол жөндеу немесе салу ең сауапты іс. Ауызбіршілікпен «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарған» ауыл азаматтарының арқасында қиындықтың күрмеуі шешілді. Осындай игілікті істің басы қасынан табылған жомарт жандарға ауыл тұрғындары атынан алғысымды білдіремін» деп, ағынан жарылды ауыл әкімі. Расында, халық игілігі үшін жасалынған әрбір істің сауабы мол. Ең бастысы қарғалылық ағайын 140 шақырымдық жолды еңсермей, қалқымалы көпірмен жүріп өтуде.

Шапағат Тілеубаев
09 наурыз 2021 ж. 849 0