Көшет егудің мәнісі неде?
Міне, тағы бір көктемнің күнін қарсы алудамыз. Табиғат қайта түлеп, жаңаша кейіпке енуде. Енді бірнеше күннен кейін жерден тоң кетіп, айнала көгере бастайды. Қыстан аман шыққан ағайын ауласын тазартып, бау-бақшасын қалпына келтіріп, көркейту жұмысына кіріседі. Сондай-ақ ауданда жылдағы дәстүр бойынша көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қолға алынады.
Қазақтың сөз қоржынында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсіл бар. Ал ислам діні «Ағаш отырғызған адамға ағаштан жиналатын жеміс-жидектің мөлшеріндей сауап беріледі» деп көшет егудің тағы бір пайдасын көрсетеді. Бұдан бөлек ғылыми зерттеулер де әлдеқашан ағаштың адамзат баласына берері ұшан-теңіз екенін дәлелдеп қойған. Ғалымдардың айтуынша, орта көлемдегі бір ағаш 24 сағатта үш адам тәулік бойы дем алған оттегінің орнын толтырады екен. Ашық шуақты күні бір гектар жасыл желек 220-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-220 келі оттегі бөліп шығарады. Осыдан кейін ағашты тіршіліктің табиғи өкпесі деп атасақ та артық етпейді. Қазіргі таңда берері мол ағашқа әлем назары ауып отыр. Айталық, Жапон үкіметі Токио қаласын ыстық ауадан қорғап, оттегіні молайту үшін үйлердің төбесіне ағаш егу мәселесін көтеруде. Себебі, соңғы жүз жылда ауаның температурасы 2,9 градусқа жылынған. Әрине, оның қасында Қазақстандағы жағдайға «тәубе» дейміз. Алайда, ауданда көшет егуге қатысты әттеген-ай дейтін тұстар кездесіп жатады. Иә, ауданда көктем сайын көк шыбықты отырғызамыз. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Бірді-екілі жерде ғана жасыл желек жайқалып тұрады. Ал кентке кіреберіс жерде, ауданның теріскей жағында, я болмаса Көкшоқы елді мекеніндегі сыммен қоршалған жерде еккен көшет өнбей қалады. Неге?
Аудан халқына белгілі гидротехник Әлияр Сейітов жүрген жерінде тал мен көшет егіп жүретіні көпке мәлім. Ол «Ықыласпен егілген көшет қана мәуелі бәйтерекке айналады» деп айтып жүреді. Олай болса кенттегі көшеттердің көркеймеуі топырақ пен қоршауда емес, ықыласпен егілмегенін де шығар. Сондай-ақ уақытылы күтім көрмегендігінен де болуы мүмкін ғой. Ол үшін ендігі кезекте көшет отырғызып, оны баптауды да жасылдандыруды жаны сүйетін, әр ағашқа өз меншігіндей қарайтын адамға тапсыру қажет шығар. Оның үстіне биыл еріктілер жылы. Еріктілер жиналып биыл көшет отырғызып, кентті көркейтуге үлес қосса қалай болар екен? Әрі келесі көктемге дейін сол көшетті баптап, күтімін жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы кезде басқа да тұрғындар еріктіліктің ерен үлгісін байқайды.
Осы орайда тақырыпқа тұздық болсын деген оймен мына бір әңгімені ұсынғымыз келіп отыр. Ертеде бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» дейді. Сонда қария «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?» дейді. Патша «Неткен әдемі сөз» дейді де қарияға 400 динар береді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша «Неге күлдіңіз?» деп сұрайды. Қария «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді» дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар береді. Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда «Зәйтүн ағашы жылына бір рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар береді. Сосын атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» деп таңырқаған уәзіріне «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» деген екен.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА