Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш отырғызу – сауапты іс

Ағаш отырғызу – сауапты іс


Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба қойған жоқ. Ағаштың ауаны тазартқанымен қатар оны реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын­ реттейді, топырақтың құнарлығын сақтайды, дауылдың екпінін азайтады. Қысқасы, бесік, табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейін игілікке жарайды. Сондықтан, ағаш отырғызу ұрпаққа мұра қалдырғанмен пара-пар.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ауданды абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен ­танысты. Яғни ағаш отырғызу акциясына қатысып, өңірді көркейту-көгалдандыруға үлес қосып, шыбық қадады. Аудан басшысымен қатар басқарма басшылары, аудан ардагерлері де қатысты. Аталған акцияға 50-ге жуық адам атсалысып, 650-ге тарта көшет отырғызылды. Еңбек ұжымдары шие, жиде, терек секілді ағаш көшеттерін отырғызып қана қоймай, оның айналасына түскен жапырақтарды, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартты. Сонымен қатар тоңып жүрген халыққа ыстық бауырсақ пен шәй үлестіріп, игілікті істің маңызы айтылды. Аудан әкімі дәл осындай шаралардың әлі де жалғасатынын тілге тиек етіп, алдағы аптада мектеп аулаларына да ағаштар отырғызылатынын айтты. Ал егілген көшеттерге «Ардагерлер аллеясы» деген атау берді. Акция барысында алдағы аптада «Ардагерлер аллеясы» жанынан «Nur Otan аллеясын» ашу жоспарда барын сөз етті.
Жыл өткен сайын шөл далалардың көбейіп, құрғақшылық артып, экологияның күрт бұзылуына тікелей ағаштардың, ормандардың азаюы себеп болып отырғаны мәлім. Осы мәселелерді ескере отырып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұранмен ұрпаққа ағаш егу мәдениетін үйретуді насихаттады. Дамыған алпауыт елдерде ағаш егу мәдениеті қалыптасып, арнайы бір күнді белгілеп те қойған екен. Бірақ әр елдің ағаш отырғызу күні әртүрлі уақытта. Тіпті Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави, т.б. елдерінің ағаш егу күндері бар. АҚШ елін басқарған президенттердің бірі Франклин Рузвельт «Бір елдің өркениет дәрежесі, өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен.
Иә, біздің ұлттық сенімімізде де ағаштың әрбір жемісі сол ағашты еккен адамға сауап болып жазылады деп айтылады. Онымен қоса сол ағаш кімде кімнің немесе қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, жемісін жеп, бір адам көлеңкесінде демалса, яғни кәдесіне асырса сауабы жазылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық ағаш егудің маңыздылығын жеткізу мүмкін емес шығар, сірә.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

04 желтоқсан 2019 ж. 2 186 0