Жазылған жайға жауап
«Өскен өңір» газетінің 27 ақпан күні №16 санында жарық көрген Елдос Жүсіптің «Аялдамалар неге алқам-салқам?» атты мақаласында кенттегі аялдамалардың жағдайы көңіл көншітпейтіндігі айтылған болатын. Айтылған жайды жауапсыз қалдырмаған тиісті сала мамандары мәселенің анық-қанығын айтып, редакцияға хат жолдады. Билік пен халық арасында кері байланыс орнағанда ғана жұмыстың жемісті, істің келісімді боларын ескерсек, газетте көтерілген мәселелерге уақытылы жауап қату да жауаптылықты аңғартады.
Кент әкімі Ғ.Аманжолов «Шиелі кенті, Ш.Бәкіров, Н.Бекежанов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, Әл-Фараби, А.Яссауи көшелеріндегі автобус аялдамаларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, 2021 жылдың наурыз айымен және кәсіпкер Рсымбетов Маратпен 1 млн 450 мың теңгеге келісім шарт жасалды. Алдағы уақытта Шиелі кентінде орналасқан автобус аялдамаларын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Әл-Фараби көшесі бойында орналасқан аялдамаға соққан кінәлі тұлғаны анықтау үшін Аудандық ішкі істер бөліміне хабарландыру беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда» деп жауап қатты.
Орайы келгенде айта кетейік, естеріңізде болса аталған мақалады автор: «Сөйттік те кент әкімінің ұйымдастыру және шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалымжан Бисембавеқа телефон шалдық. Жұмыс телефонын көтерген әкімдік қызметкері біз сұраған жауапты маманның да кент әкімінің де жұмыс орнындарында жоқ екенін, әлде бір шаруалармен көше аралап кеткенін айтып тұтқаны қойды» – деп жазған. Оқырмандар арасында осы сөзге түсініспеушілік туындап, автордың «Жұмыс телефонын көтерген әкімдік қызметкері» – дегенін Ғ.Бисембаев деп түсініп жатқандар да бар секілді. Бірақ, біз сіздерге мақалада жазылғанда «Біз сұраған жауапты маманның да» деп, Ғ.Бисембаевты айтып тұрғанымызды, телефон тұтқасын кент әкімдігінің басқа қызметкері көтергенін, Ғ.Бисембаевтың бұл жерге еш қатыссыз екендігін ескерткіміз келеді.