«Самғаудағы» салтанат
Әлемнің мәнін әйелден іздеген шиеліліктер де мерекеде әр саладағы нәзік жандыларды құттықтады. Осылайша жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел – өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Көктемнің алғашқы күні аяулы анамен сымбатты аруға арналып «Самғау» оқу орталығында «Алыптар туған анадан» атты салтанатты шара өткізілді.
Мерекелік жиын «Самғау» оқу орталығында білімді ұрпақ тәрбиелеуге белсене араласып, нәсібін өз кәсібінен тауып жүрген арулар мен отбасы ұйытқысына айналған аналарға әдемі гүл шоқтарын берумен басталды. Оған осы оқу орнының ұстаздары қатысты.
Осы орайда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов аталған оқу орнына өлшеусіз үлес қосқан барша ұстаздарға риясыз ризашылығын білдіріп, төл меркемен шын жүректен құттықтады.
Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының басты бағыты бұл – ұрпақ тәрбиесі. Бұл дегеніміз – білім саласында жұмыс жасайтын әрбір қызметкерге, ұстаздарға, жас жеткіншектерге артылар жүктің, жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетеді. «Самғау» оқу орталығы – өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ақылды да алғыр бәсекеге қабілетті азаматтарды даярлап шығаруды мақсат тұтып отыр. Сонымен қатар, жеке бастауыш мектеп тарапынан ата-ана қамқорлығынсыз балаларды тегін оқытып, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан балаларды жеңілдікпен, демеушілердің есебінен оқытуда. Қазіргі таңда оқытушылар саны 25 болса, 115 оқушы бар. Мектеп ашылғалы бес мыңға жуық оқушы білімін жетілдіріп, тіл үйренді. Мереке қарсаңында еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет істеп жүрген ұстаздар мен аналарды құттықтауды естен шығармаған аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов салтанатты кеште жылы лебізін білдірді. Айта кету керек, салтанатты іс-шарада осы оқу орнының өнерпаздары ән айтып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сымбат Серікқызы