Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасының шырағы

Отбасының шырағы


Аудан әкімдігінде халықаралық әйелдер күніне орай «Әйел – тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы» атты шара өтті. Жиында ауданымыздың түрлі саладағы ардагер аналары марапатталып, алғыс айтылды.
Аудан әкімінің қабылдауын бұл жолы оның орынбасары Алмасбек Есмаханов жүргізіп, Қамбарбек Амангелдіұлының денсаулығына байланысты қатыса алмағандығын айтты. Аудан әкімінің орынбасары «Құрметті аналар! Сіздерді бүкіл дүниені шаттық шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүрекен құттықтаймын. Халқымыз жәннат – ананың табанынның астында деген. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп, тіршілікке тірек болған асыл мұраттары мен қажыр-қайраттары үшін біз ана мен асыл жарға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараймыз. Ауданда ауызбіршілікке ұйытқы болып отырған «Аудандық әйелдер кеңесі», «Шиелі аудандық әйелдер бірлестігі», «Аналар қоғамдық қоры» және әрбір ауылдық округте «Әйелдер кеңесі» табысты жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінде елімізде әйелдер саясатта болсын, бизнес­те, экономикада, қай салада болса да еңбекке белсене араласып, іскерлігін көрсетіп келеді. Ауданымызда 2946 алтын және күміс алқа иегері бар. Сонымен қатар Шиелі ауданының мемлекеттік қызметкерлерінің 43 процентін әйелдер құрайды. Дана халқымыз нәзік жандыларды құрметтеп, шаңырақтың ұйытқысына балап, ынтымық пен ырыстың алтын діңгегі деп білген. Біз де сол дәстүрді жалғап құрмет көрсетуді жалғастыра бермекпіз» деп, аудан әкімінің тілегін жеткізді.
Жиында ауданымызға танымал ардақты аналарымыз Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира ­Ержанова, Айша Меңдібаевалардың еңбек пен отаншылдық қасиеттері айтылып, есімдері ардақталды. Одан әрі келелі кездесудің қонақтары Гүлсін Әлімбетова, Сабира Өтегенова, Гүлсім Дәрібаева, Айжан Серікбаева, Құралай Қонаева, Гүлзат Карибаева, Нәйла Палымбет секілді аналар марапатталып, тілектер тыңдалды. Алдымен аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздықовқа сөз берілді. Болат Сыздықов нәзік жандыларға жүрек жарды тілегін жеткізіп, олардың еткен еңбегі өлшеусіз, әрі әйелдер кез-келген марапатқа лайық деді. Кездесу барысында Айжан Серікбаева, Нәйла Палымбеттер сөз сөйлеп, Құралай Қонаева ана туралы ән айтты. Аудандық өнерпаздар да қалыспай «Ана» атты әуезді ән орындап, көзімізге жас келтірді. Көптен бері басы қосылмаған аналар өткеннен сыр шертіп, естелік суретке де түсті.

Рамазан Әнәпия
09 наурыз 2021 ж. 353 0