Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім емес, ақын болып танылған

Әкім емес, ақын болып танылған

МӘҢГІЛІК АЯЛДАМАСЫНА БЕТ АЛҒАН ӨМІР КЕРУЕН КӨШІНЕН ҚАЙ ЖЕРДЕН ЫСЫРЫЛЫП ТҮСІП ҚАЛАРЫН ПЕНДЕ ШІРКІНГЕ БІЛУГЕ ЖАЗБАҒАН ҒОЙ. ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫ, АТТЫҢ ЖАЛЫНА ЖАРМАСЫП АЗ КҮН ЖАРЫҚ ДҮНИЕНІҢ ШАПАҒЫНА ШОМЫЛЫП СӘУЛЕСІН ДЕ , ӘУРЕСІН ДЕ КӨРЕ ЖҮРГЕНГЕ НЕ ЖЕТКЕН ШІРКІН!? АМАН БОЛСА БИЫЛҒЫ ЖЫЛ ДӘУЛЕТбек БАЙДРАХМАНҰЛЫ ДА 75 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ. ҚҰДАЙ БЕРГЕН ҚАРЫМ-ҚАЙРАТЫН АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫНА САРҚА ЖҰМСАҒАН ДӘУКЕҢНІҢ ЖҰРТШЫЛЫҚ ҚАЛАМ-ҚАБІЛЕТІН БАҒАЛАПТЫ. ЕЛ ЕСІНДЕ АУЫЛСОВЕТ ДӘУЛЕТ ЕМЕС, АҚЫН ДӘУЛЕТ БОЛЫП ҚАЛЫПТЫ.
Дәулетбек ағамызды алғаш рет сонау 1982 жылдың тамылжыған тамызында көрген екенмін. Арада көп уақыт өткенде қатарлас, қызметтес болармыз-ау деген ойдың ұшқыны да жоқ еді. Жақында ғана отау тіккен келіншегім Гүлдана ауыл мектебіне мұғалім болып орналаспақшы. Осы мәселемен ауылдан өзімізше желмаяға мінгендей желдей есіп екі аяқты ескі мотоциклге мінгесіп келмейміз ба?! Аудандық бас мекеме орналасқан кеңсе ғимаратынан сәл берірек көше қиылысындағы көлеңкелі қараталдың біріне көлігімді сүйей салып, шеткері шығып күтіп тұрмын. Кеңсе алдында шоғырлана шүйіркелескен ала-құла жеңіл киінген адамдар тобы бар. Арасында жеңді көйлектерін білегінен түрініп, қатырма шляпасын желпінген, өзіме сабақ берген ағайларымның да төбесі көрінеді. Ұстаздық әдеп пе, әлде аудандағы өте абыройлы кеңсенің мысы баса ма, жәй айтылған абың-күбің дидар сұхбат естілер-естілмес күбір-сыбырға ұласып, құп алғандары басын изеп, қош көрмегендері бастарын шайқаған бір бейбіт те, барақатты іш пыстырарлық көрініс. Кенет, шеткері топқа жан бітіп, жел шайқағандай қозғалысқа түсіп, күлкі аралас жарқын дауыстар шыға бастаған жаққа еріксіз назар аудардым. Әппақ костюм шалбар, жылтыраған ақ түстес жеңіл аяқ киімді, ашық көгілжім көйлегін алқымдатып бос ораған қызыл жолақты галстугі желбіреп жарқ-жұрқ еткен бір жайсаң. Дөңгелек жүзіне желкілдеп қона кеткен ұзын шашы жарасып, жадырап жайраң қағады. Әйтеуір, жұрттан ала-бөтен өзгеше, бар қимыл-қозғалысын екі қолы сүйемелдейтін екпіні бар бір сал-сері дерсің. Жуан да жарықшақ дауысы гүр-гүр етіп, әр топқа кіріп бірінің қолын сілкіп, бірінің арқасын қағып күлдіріп, дүрліктіріп әп-сәтте ұйлығысқан топты үйіріп әкетіп еді. Топ үйректің ортасына ғайыптан келіп, жалп етіп қаз қонғандай. Ерекше кескін келбетті ағамыз өткен-кеткендерге, әсіресе, әдемі қыз-келіншектерге әзіл тастап, ортасын мәре-сәре қылып тұрғанда тұстарынан өте берген ұзынша ақ көйлек киген менің келіншегіме де көзі түсті: «көктен түскен періште... (сұлуға сұқтанбаса ақын болар ма?)» дей бергені сол, шоқ басқандай ыршып түскен мен адымдай басып қолынан ұстап жетелей жөнелдім. Ұнатпай қалғаным түсінікті әрине. Мұғалімнен көрі спортшыға, спортшыдан да бұрын шығармашылық адамдарға көбірек келетін бұл ағамыздың – әдебиетші, белгілі ұстаз Дәулетбек Байдрахманов екенін артынша сұрастырып біліп едім.
Өмірімде бірінші көргенде осылай есте қалған Дәулет ақын Бөкен жеңгеміз екеуі бертін келе жазушы ағамыз Оразбекпен де етене силас, іні-келін ретінде қатысып, өзіміздің қадірменді аға-жеңгеміз болып жүрді. Өздері қатар өскен үлкен апам Хадиша мен Уалихан жездем отбасымен де тонның ішкі бауындай жанұялық жарасымды қатынасы өз алдына.
Жалпы, ол кісінің бар саналы ғұмыры аудан халқының көз алдында өткені анық. Елдік жұмыстармен біте қайнасып, шегі көрінбейтін әкімшілік-шаруашылық жұмыстардың отымен кіріп, күлімен шығып жүрді. Кейбіреулер секілді қолына аз-кем билік тиіп, лауазым иеленсе жеке бас пайдасын көбірек күйттейтіндердің сойынан емес еді. Үй қабырғаларын қалы кілеммен көмкеріп (бір кездері ондай да ғұрып болған), сервант-шкафтарына сақырлатып стақан мен ыдыс-аяқ жинамапты. Қабырға толы қатталған кітап, газет-журналдар тігіндісіне қарап-ақ, қолы тисе кітап оқитын санаулы зиялы азаматтар қатарына жататынын байыптар едіңіз. Десек те, күйбеңі көп күйкі тірліктің шылауында әдеби ортадан алыстап қалғаны шындық болатын. Алас ұрып ноқтасын үзбесе де, қамауда тұрған қырандай еркіндік пен кеңістікті аңсайтыны сирек те болса жеңгеміздің тәуір коньягінен дәм татып әңгіме дүкен құратын сәттерімізде сезіліп тұратын. Тумысынан шығармашыл адам, Алматыдағы достарын айтып, бірыңғай қаламгерлікке бет бұра алмағанына да мұңаяр еді. Жалындаған жастық шағы мен қабілет-қарымын, қаламын ұштауға тиісті көп уақытын рәсуа етіп текке жоғалтып алдыма екен деген ой келетін ондайда. Әрине, ол кісіні әбден түсінуге болады. Әрі кеткенде зәуде бір орайы келетін, (әлбетте, мұндай кездесулер жергілікті ақын Дәукеңсіз өтпейтін) танымал ақын-жазушылармен болатын шығармашылық кездесулерде пікір білдіріп көсіле сөйлеп, ретті жерінде өлең оқып бір жеңілдеп қалатынын талай көрдік те. Әсіресе, жыл аралатып келетін өзі, қонақ етіп күтіп алатын Оразбек ағасы, одан да жиірек Бақыт (Сарбала), өзге де қаламгер достарымен дастархан басы, шәй үстінде сәті келетін дидар-ғанибет жүздесулерде өзгеше бір кейіпке еніп әруағы асып, рухы тасып айбаттанып, қайраттанып шыға келетін шабытты шақтарын талай көргенмін. Осындайда, той басқару мен тамадалыққа кеткен есіл ердің елеусіз өтіп, еш кеткен қайран уақыты-ай деген өкінішті ой қылаң берер еді. Оның есесін өзіміз көрген сайын қызыға қарайтын берекелі де, мерекелі, айрандай ұйыған ынтымақты үй ішілік мейірім, шынайы мәһаббатпен нұрланған, шуақты шаңырақтағы жағымды аурасы, желкілдеп өсіп келе жатқан тәлім-тәрбиесі ерекше ұл-қыздарының жетістіктері мен қуанышы толтырып жуып шаятын болса керек. Расында да, ол кісі жеңгемізді Бөкенім-Бөкен, перзенттерін көкешім-көкем деп көтермелеп отыратын. Бірі отбасының – тірегі, екіншісі – жүрегі болып, жарасымды ғұмыр кешкендері үлгі боларлықтай өнегелі өмірнаменің жазылмай қалған бір парасындай. Бақшасы мәуеге, есік алды гүлге оранған, тіпті есік алдындағы қара талына дейін қырқып-күзеп түрлі фигуралар жасап әсемдеп қоятын айрықша эстетикалық талғам мен мәдениеті қалыптасқан шаңырақ болатын. Өзінің афоризмге айналған Шиелісін Сыр бойының Швейцариясына теңейтіні де тегін емес, өз үйі айналасын да кішкене «Швейцария» жасап қойғандығында болса керек.
1980 жылдардың аяғында Алматының Әбіш ағамыздан бастап бірталай атақты жазушылары қатысқан Оразбек ағамыздың қыз ұзату тойында №2 асабалықты аяқ астынан (тартып алғандай болып) өзі-ақ алып кеткен Дәукең, негізі үлкен әдеби орта болып саналатын мүйізі қарағайдай ағаларының аузын аштырып, таңдай қақтырып, жасындай жарқылдағаныны күні бүгінгідей есімде. Аяқ астынан өлеңдетіп бір-екі шумақ арнау айтып мақтауын келістіріп төгіп-төгіп жібергенде, әуелде тосырқап: «әй, мынау шайырың кім, осыған дейін неге көрмегенбіз? Алақандай Шиеліге қалай сиып жүрсің, қарағым-ау...» – деп қолпаштаған кіл жазғыштар ортасында желдей есіп, көлдей тасып еді. Атақтарынан ат үркетін, өздерін тірі классиктерміз деп санайтын олардан қымсыну не жатырқау жоқ, артынша-ақ күнде араласып жүрген сыралғы достарынша қолтықтаса иықтасып, тең дәрежеде емен-жарқын араласып кете баруының өзі Дәукеңнің әдебиет айдынында балықша жүзетін білім-біліктілігі мен жасқануы жоқ жүректілігі, спортшыға тән күрескерлік қасиеті болмағанда не болмақ? Осыдан кейін: «Әй әттегене-ее, наны көтерілсе, жүретін ортасы осы екен-ау...» деген ойға еріксіз оралар едіңіз. Әсілі, өз уақтысында, өз ортасынан табылу – шығармашыл адамға жаңа көкжиектер ашатыны анық қой, балалы-шағалы азамат тұрмыс жағдайына тәуелді болды ма, «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген бабы келсе де бағы тартпай тұрған Дәулет ағамыз осылай ауылда қалып кете барыпты ғой. Ауыр науқас иектеген өмірінің соңғы жылдарында бар күш жігерін жұмылдырып қалам, қағазын қайта қолға алғанын көрдік. Көп уақытын босқа өткізіп алғандай күй кешті ме екен, балдағын жанына сұлатып, қобыраған қағаздарын жайып тастап, жамбасымен жылжып жанталаса еткен еңбегінің нәтижесін де көрді. Бірінің артынан бірі кітаптары шығып, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп, қаламгерлік қарымы мойындалған ағамыздың шыққан кітаптарын құшақтап балаша еміреніп отырған бейнесі әлі көз алдымызда. «Есабыз бабамның рухы қолдап, уақытым жетіп жатса, осылардың бәрінің үстінен қайта қарап шығып редакциялап, асықпай қайта жазып шықсам, бір қайнауы ішінде бабына келтіріп пісіре алмаған дүниелерім көп...» дегенді айтатын. Сағаты – санаулы екен, оны өзі де сезгендей тым асығыс еді. Қалай болғанда да, аудан тарихында «ауылда жүріп 6 кітап жазған Дәулет Байдрахманов» деген тарихта аты қалды. Бұғанда шүкіршілік. Арқалы ақын ағамыздың алды жарық, жаны жәннатта болғай!

Исабек Сәрсенбайұлы
16 ақпан 2021 ж. 333 0