Майталман маман
Мамандық – әр адамның сүйіп жасайтын ісі. Жүрек қалауымен істесе ғана биікке өрлеуге, шыңға шығуға болады. Сәйкесінше мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана өз ісінің үздігі болып шығатыны бар. Сондай өз ісіне беріліп, мамандығын мақтанышы санайтын жандардың қатарында Алғабас ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Айнұр Ысқақова да бар.
– Менің өнерге деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ басталған. Әлі есімде, 6 сынып оқитынмын. Ән сабағынан беретін ағайым әнге деген қабілетімді байқап, ауылымыздағы мәдениет үйіне қарай жөн сілтеді. Алғашында қобалжу болды, өйткені мен бұрын-соңды сахнаға шығып көрмеген едім. Дегенмен бала күнімнен өнер адамы болуды армандайтынмын. Осылайша арманыма біртабан жақындағаныма қуандым. Аллаға шүкір, қазір Алғабас ауылдық мәдениет үйінде белді қызметкерлердің бірімін, – дейді мәдениет саласының маманы.
– Менің өнерге деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ басталған. Әлі есімде, 6 сынып оқитынмын. Ән сабағынан беретін ағайым әнге деген қабілетімді байқап, ауылымыздағы мәдениет үйіне қарай жөн сілтеді. Алғашында қобалжу болды, өйткені мен бұрын-соңды сахнаға шығып көрмеген едім. Дегенмен бала күнімнен өнер адамы болуды армандайтынмын. Осылайша арманыма біртабан жақындағаныма қуандым. Аллаға шүкір, қазір Алғабас ауылдық мәдениет үйінде белді қызметкерлердің бірімін, – дейді мәдениет саласының маманы.
Иә, Айнұр Ысқақовамен тілдескенімізде өнерге деген шексіз махаббатын айқын аңғардық. Тіпті көздерінен әлі өнердің шыңына шығамын деген мақсатты байқадық. Айта кетейік, А.Айтмұхамедқызы Шымкент қаласында мәдениет саласы бойынша жоғары білім алған. Өнер жолы қиын болғанымен, отбасының түтінін түзу шығарып отырған аяулы жар, асыл ана, ардақты келін.
– Өнер жолы қиын да күрделі. Оған сарқылмас жігер, қайтпас талап, айнымас мақсат керек. Біздің концерттік бағдарламалармен жүретін, басқа аудан, қалаларға шығатын кездеріміз көп болады. Осындай сәттерде отбасыңның қолдауы өте маңызды. Әсіресе, құдай қосқан қосағыңның. Аллаға шүкір, мен екі жолда да жаңылдым деп айта алмаймын. Өмірлік жан жарым мен мамандығым өзіме ұнайды. Сондай-ақ мен жұмыс істейтін Алғабас ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қытық» әзіл-сықақ ұйымы бар. 2006 жылдан бастап мен сол ұйымның мүшесімін. Мен әншілікпен қатар, интермедия ойнап, монолог оқуға қатысамын. Талабы қатты көшбасшымыздың арқасында талай аудандық, облыстық жүлделерді иелендік, – дейді өнер иесі.
Айта кетейік, Айнұр Ысқақова топтан бөлек жеке өзі де қанатын қомдап, алға ұмтылып, кәсіби біліктілігін шыңдаудан еш танған емес. Өткен жылы Жаңақорған ауданында өткен монолог оқудан жүлделі III орынды иеленген. Одан бөлек ерекше дауысымен көрерменді елітіп жүрген таңдаулы әнші. Айтуынша, мұндай өнер оған өзінің асқар тау – әкесінен дарыған екен.
– Менің өнер жолын таңдауыма сүбелі үлесін қосқан ұстазым – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, сатирик, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің директоры Кенжебай Жүсіп. Ол кісінің менің майталман маман болып қалыптасуыма қосқан табанды еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Тіпті айтар алғысым да шексіз. «Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» демей ме? Алла қаласа, мен де шәкірт тәрбиелеп, жас бүлдіршіндерді өнер жолына баулығым келеді. Және осы үшін осы кезден бастап тынбай, талмай, шаршамай, шалдықпай жұмыс істеу үстіндемін, – дейді маман иесі.
Иә, «Өнер уыстаған жерде қалмайды, өсек уыстаған төрге бармайды» деген тәмсіл бар. Астарына үңіліп, пайымдасақ, тағылымды тәрбие жатқанын көруге болады. Бүгінгі біз мақаламызға арқау еткен мәдениет қызметкерімен әңгімемізде біраз нәрсені көкейге түюге болады. Ендеше Айнұр Ысқақоваға қазақ өнеріне өшпестей із қалдырып, сахнаның саңлағы, майталман маманы, мәдениет саласының үздігі болуын тілейміз.
Фариза НЫШАНБЕКҚЫЗЫ,
штаттан тыс тілші
штаттан тыс тілші