Сүйікті ісін кәсібіне айналдырған
Жаңа ғасырда бүкіл әлемнің өзгергені соншалық, кәсіп бастау да тың идеяны талап етті. «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» демекші бизнес әлемінде ұтымды ұсынысы мен жүйелі жоспары барлар ғана топ жарып келеді. Қазір тұрғындардың өзі базардағы қарапайым заттарға да ерекше мән береді. Таңдап, таразылап, сапасына ғана емес сәніне де, әдемілігіне де ерекше назар аударады. Бұрынғыдай табылғанын емес, таңдағанын киіп, қалаған жерден ауқаттанады. Әрине, мұндай сұраныстың барлығы бизнесте бәсекелестік қалыптастырады. Ал бәсеке бар жерде ілгері даму мен өсу болатыны белгілі.
Мәселен, көше тағамын айталық. Бұл шет мемлекеттерде қарқынды дамығаны әмбеге аян. Біздің елге соңғы бес жылдықта келсе де демде танымалдыққа ие болды. Қазірдің өзінде беделін төмендете қойған жоқ. Керісінше, күн санап сан түрге еніп, келушілердің көңілінен шығудың амалын жасап жатыр. Сол секілді бүгінгі заманда ілгері дамып келе жатқан кәсіптің түрі – үйіңізді тазалап, жинап беру. Иә, шалыс оқыған жоқсыз. Қазіргі таңда бір ғана қоңырау шалсаңыз болды, бір топ қыз үйіңізді айнадай етіп жинап беруге даяр тұрады. Тек ақысын төлесеңіз болды. Сол секілді жиһазды да, кілемді де, керек десеңіз киімді де ақысына тазалап беру – бүгінгінің бизнесі. Бір қуантарлығы, кәсіптің бұл түрлері адам өмірін жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге септігін тигізеді. Ол ол ма, қазіргі қыз-келіншектер той-томалақта, ас-жиында дастарқан әзірлеп те әуре болмайды. Өйткені әп-сәтте үстеліңіздің үстін әртүрлі асқа толтырып, керек десеңіз қалауыңызша әрлеп беретін он саусағынан бал тамған қыз-келіншектер бар. Кәсіптің бұл ерекше түрі еліміздің түкпір-түкпірінде дамығанымен, ауданда қолға алынғанына көп болмады. Жасыратыны жоқ, тойда тапсырыспен дастарқан дайындап, ас әзірлейтін кәсіпкер қыздар біздің өңірде бірен-саран. Солардың бірі әрі бірегейі бүгін біз мақаламызға арқау еткелі отырған – Жанна Оралбекқызы.

Тыңнан түрен салып, өңірде ерекше кәсіпті қолға алған Жаннаның өзі де, әзірлеген асы мен дастарқаны да аудан халқына жақсы таныс. Себебі кез келген құдалық, қыз ұзату, келін түсіру сынды қуанышты жиындар оның қатысуынсыз өтпейді. Екі жыл бойы осы кәсіппен айналысып келе жатқан Жаннаның негізгі мамандығы – ақпараттық жүйе. Алайда сүйікті ісі тамақ пісіру болғандықтан, бұл істі табыс көзіне айналдыруға бекиді. «Талаптыға нұр жауар» демекші талабы мен таланты ұштасып 2018 жылы той-томалақтың дастарқанын дайындауды бастап кетеді. Әрине, алғашқы кезде үрей мен күдік болатыны белгілі. Бірақ қонаққа да, тапсырыс берушіге де Жаннаның әзірлеген әртүрлі тағамы ұнап, бірінен соң бірі сұраныс көбейеді. Мұның барлығы жас кәсіпкерге шабыт берді ме, әйтеуір не керек ол өзінің сүйікті саласы осы екенін аңғарып, қолы қалт етсе болды ас әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп, дастарқанның әрін кіргізуге сан түрлі идея ойлап табады. Өз ісінің майталманы атану үшін бірнеше мәрте ас әзірлеуді үйрететін шеберлерден дәріс алады.
– Кішкентайымнан асханаға жақын болдым. Бір жағынан әнге де құмар едім. Содан болса керек, бойжеткенде әнші боламын деп армандадым. Бірақ оған әкем қарсы болды. Үйдегілердің қалауымен ақпараттық жүйе мамандығына оқуға тапсырдым. Бірақ көкейдегі арман тыныштық бере ме? Уақыт өте келе әнші емес, асхана шебері болғым келетінін түсіндім. Күн сайын ерекше, әртүрлі тағам әзірлеуге құмар едім. Қазір кәсіптің, табыс табудың сан түрі шығып жатыр ғой. Әсіресе, шет елдерде мұндай сала жақсы дамыған. Соны неге біздің ауданда дамытпасқа деп ойлап, 2018 жылдан бастап тапсырыспен дастарқан дайындауды қолға алдым. Бауырсақтан бастап, ыстық тағамға дейін дайындаймыз. Дастарқанға не қоятынымызды той иесімен алдын ала келісіп аламыз. Сәйкесінше салаттың, ыстық тамақтың түр-түрін жасаймыз. Керек десеңіз жеміс-жидекті де ерекше сәндеп береміз. Бір сөзбен айтқанда той иесі қонақ күтетін кезде дастарқанды бізге толықтай сеніп тапсыруына болады, – дейді Ж. Тұрысбекова.
Қонақ келетін кезде «Не пісіремін, қонақты қалай күтемін?» деген сауал кез келген келіншекті мазалайтыны белгілі. Әсіресе, торқалы той болатын кезде дастарқанның өзін ерекше мәзірмен жасағысы келетіндер жетерлік. Бірақ оған көбісінің қабілеті жете бермейді. Себебі тағам әзірлеу де сүйіспеншілік пен шығармашылықты талап етеді. Жаннаның әрлеген дастарқаны мен әзірлеген ас-ауқатына қарап өз ісін ерекше жақсы көретінін бірден аңғаруға болады. Айта кетейік, осыншама қыруар жұмысты ол жалғыз атқармайды. Қасында қолғабыс болып, жүгін жеңілдетіп жүрген екі қыз бар. Оның бірі өзінің апасы болса, екіншісі – сіңлісі.
– Бәзбіреулер үшін бұл жұмыс оңай көрінуі мүмкін. Алайда оның қаншалықты қиын екенін басы-қасында жүрген адам ғана түсінеді. Оның үстіне біз самса, тәтті бәліш сынды көптеген затты түнгі уақытта пісіреміз. Ал күндіз ыстық тағам әзірлеп, дастарқанның бетін сәндейміз. Осының барлығына толық бір күніміз кетеді. Кейде демалыс алмастан, бір үйден келесі үйге барып дастарқан жасайтынымыз бар. Оның үстіне барлық үйдегі дастарқан бірдей болып қалмас үшін күнде жаңа нәрсе ойлап табуға тырысамыз, – дейді жас аспаз.
Жанна Тұрысбекова үй мен түздің тірлігін қатар алып жүрген жас аналардың қатарында. Оның жұмысы уақыт талғамайтыны белгілі. Кез келген уақытта тапсырыс түсіп, әлдекімнің қуанышты сәтін есте қаларлықтай етіп өткізуге барын салады. Әйтсе де ол бір сәт бала тәрбиесі мен отбасының берекесін естен шығарған емес. Қазіргі таңда айрандай ұйып отырған отбасыда екі баланы өсіріп, үшінші сәбиін тағатсыздана күтіп жүр.
Қазақта «Қимылдаған қыр асады» деген бар емес пе? Қазіргі таңда екі қолға бір күрек таба алмай, жатыпішер жалқау атанып жүрген жастар жеткіліткі. Ал Жанна қолдан келгенше қарманып, кәсібінің тасын өрге домалатып отыр. Бұл – «жұмыс жоқ» деп қолын қалтаға салып, талтаңдап жүрген кез келген адамға үлгі.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ