Жаңа оқу жылындағы жетістіктер

Кәсіптік техникалық білім саласы экономикамызға өте қажетті, өндіріспен тығыз ұштасып жатыр. Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың алуандануына аса көңіл аударып отыр. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырылуы керек екендігін тілге тиек еткені есімізде.
Жуырда Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде аудан әкімі Қ.Мүбараков және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Г.Есқалиева кәсіптік білім беру жүйесінің 80 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы мерекелер қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Арнайы келген кеш қонақтары шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан колледж ұстаздарына алғыс айтып, құттықтау сөз сөйледі. Қадірлі мерекеде құрметке лайық болған ұстаздар қауымын марапаттап, сый-сыяпаттар табыстады.
Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен, оқу орындарын материалдық техникамен жабдықтау, шетелдік әріптестерді тарту, халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстарын жүргізу үшін қолға алынған «Жас маман» жобасы аясында колледждің заманауи қондырғыларымен толықтырылған материалдық-техникалық базасымен танысты. Іс-шара барысында Қ.Амангелдіұлы «Фермер», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша облыстық деңгейде өткізілген «WORLDSKILLS Kyzylorda 2020» VІ кәсіби шеберлік чемпионатында 2 орын, «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығы бойынша 3 орын алған жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хаттарын табыстады.
Ұлы Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан болады» деуі бекер емес. Бұл тұрғыда әсіресе, ұстаздар қауымына артылар сенім, жауапкершілік жүгі жеңіл болмаса керек. Оның бір дәлелі – өндірістік оқу шебері Н.Өтегеннің еңбегінің нәтижесінде білім алушысы А.Жұмағазиев «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша Нұр-Сұлтанда өткізілетін Республикалық «WORLDSKILLS - 2020» байқауына жолдама алуы.
Сонымен қатар колледж жеткен жетістіктің бірі – Қызылорда қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының еңбекті қорғау жөніндегі «Үздік техникалық инспекторы» облыстық байқауының жеңімпазы Г.Әбдірахманованың Республика бойынша да 1 орын алғаны. Бұл сүйіншілеткен хабарды осы іс-шарада облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Г.Есқалиева жеткізіп, Г.Әбдірахмановаға салалық кәсіподақ грамотасын және 250000 теңге сертификатын табыс етті.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дейді дана халқымыз. Шара соңында әрбір жастың талабын ашып, толағай табыстарға жеткен колледж ұжымының ісі берекелі, жұмысы жемісті екеніне тағы да көз жеткіздік.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ