Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пайданың көзі – құрылыста

Пайданың көзі – құрылыста

Ел экономикасының едәуір дамып, тұрғындардың әл-ауқатының біршама дүзелгенін ауданда жаңа нысандардың құрылысы жүріп, кешегі кеңес уақытында салынған үйлердің орнына заманауи үлгідегі еңселі баспаналардың бой көтеріп жатқанынан байқауға болады. Иә, бүгінде ауыл мен қаланың айырмасы жоқ деуге келеді. Облыс орталығы мен қала, кенттегі халыққа көрсетілетін бүкіл жағдай қазір шалғай ауылда да бар. Ауыл тұрғандары баяғы отын жағып, күл шығару машақатынан да алыстап, көгілдір отынның қызығын көре бастады. Ал мұз ойып, ат шаптырым жерден су тасу өткен ғасырдың әңгімесіне айналды. Шүкір. Халқымыз ондай бейнеттен босап, қолдарын ыстық суға малып отыр. Түсіне білген адамға бұның өзі үлкен нығмет. Жалпы, бүгінгі ұрпақтың осылайша маңдайлары жарқырап, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заманда өмір сүріп жатқаны, кешегі қиын-қыстау уақытта сабыр етіп, барға қанағат қылып, шүкіршілігінен айнымаған бабаларымызға Құдай тағаланың жасаған тартуы ма, деген ойға келесің. Өйткені қасиетті құранда «әрбір қиыншылықтан кейін жеңілдік» бар дейді. Лайым Жаратқанның сыйы ұзағынан болғай.
«Қазақ байыса той жасайды, өзбек байыса үй салады» деген жұрт арасында әзіл-шыны аралас тәмсіл бар. Бірақ, мына карантин бұл тәмсілді теріс айналдырып жібергендей. Осы күні қазекеңдер де бейберекет тойлардың санын қысқартып, пайдалы әрекеттерге көшуді жөн көрген. Соның ішінде құрылыс саласы да бар. Біз бұл жерде республика бойынша жүріп жатқан ауқымда құрылыстарды емес, аудан, елді мекендердегі жекелеген үйлердің құрылысы хақында айтпақпыз. Иә, қазір үй салу үшін қанша қаржы кетеді, құрылыс жұмысын атқарып жатқан кімдер? Міне осы сауалдарға жауап іздемекпіз.
Карантин демекші, қырсық індет бізді енжарлықтан арылтып, еңбекқорлыққа бейімдеді. Өйткені, көктем келіп күн жылынғаннан бастап, Қазақстанға қарай жыл құсындай ағылатын өзбек ағайындар биыл жоқ. Есесіне құрылыстан хабары бар, екі қолға бір күрек таппай жүрген өзіміздің жігіттердің бағы жанып, ел ішінде істейтін жұмыс көбейді. Байқасаңыз қазір ауыл-ауылдарда құрлысты меңгерген жігіттер бастарын біріктіріп, бригада құрып, жұмыс істеп жүр. Тірліктері де көз сүйсінерлік. Бұхара мен Намәнганнан келген шебер ұсталардан еш кем емес. Мәселен кенттің іргесіндегі Ы.Жақаев ауылының жігіттері үйдің ірге тасын қалауға машықтанған. Ойыңыздағы үйді қағазға түсіріп, сызбаңызды қолдарына ұстатсаңыз болды ұсталар үйдің көлеміне қарай есебін шығарып, бір апта ішінде шаруаңызды бітіріп береді. Бет қатталып жатқанда ұсталармен хабарласып, еңбекақыларын да сұрастырған едік.
– «Құрылысқа қажетті барлық құрал жабдықтарымыз өзімізден. Тапсырыс берушімен бағасына келіссек болды. Одан кейінгі жұмыс пен құрылыстың өміршеңдігіне өзіміз жауап береміз. Ал еңбекақыға келер болсақ, төленетін ақша да әр үйдің көлеміне қарай өзгеріп отырады. Көлемі көбейген сайын, төленетін қаржы да көбейе түседі» деді – Рауан Нәрзілдаев.
Құрылысшылармен сөйлесе келе орташа үйдің іргетасын (фундаментін) 400 мың теңге жобасында қалайтынын білдік. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтпақшы қазақ біреудің ақшасын есептегенді жақсы көретін халықпыз ғой. Төрт жігіт бір аптада 400 мың теңге табыс табады. Енді әрімен қарай өздеріңіз есептеп көріңіздер. Сонда бір жігіт күніге 15 мың теңге табыс тауып отыр. Бұл дегеніміз, қара жұмысқа жегіліп, бейнет кешіп жүрген біздегі қарапайым жұмысшылардың еңбектерінің бағаланып жатқанын көрсетпей ме? Бұл енді тас қалаушылардың жұмысы. Баяғыда Байдүйсен Оразов үйдің ірге тасын қалап қойып, кемпіріне «Төсенішті жайып, дастарқанды алып кел! Үйдің бітпеген несі қалды» деген екен. Бірақ ол заманның кеткені қашан. Осыдан кейін қалақшылардың жұмысы басталады. Олардың өз есептері бар. Қазір қалақшыларыңыз әр қойған кірпішіне сол кірпіштің сатылымындағы бағасымен бірдей ақша алады. Шеберлер шатырды 500-600 мың теңгенің көлемінде жауып береді. Солайша сіздің бітпеген үйіңізге бір жарым млн теңге қаржы кетеді екен. Әрине, құрылыс заттарын есептемегенде. Ал үйдің ішкі жұмысына басқа ұста іздейсіз. Оның еңбекақысына бөлек келісесіз.
Иә, ұсталардың еңбекақысының өскені қара халыққа оңай тимейтіні анық. Дей тұрғанмен мұның екінші жағы бар. Ол – біздің түнімен көше кезіп сенделіп, жатып ішуге бой үйреткен жастарымызға қамшы болмақ. Қымбатшылық қашанғы жатқызар дейсіз. Ұсталардың еңбекақысы дәл осы қарқынмен өсе берсе, олар да оянар. Әрекет қылар.

Елдос ЖҮСІП
13 қазан 2020 ж. 565 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031