Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ келіні болу – үлкен мәртебе

Қазақ келіні болу – үлкен мәртебе

Ақ босағаға бас сұққан сәттен бастап, бүтін бір әулеттің міндетін өзіне жүктеп алатын қазақ келінінің жауапкершілігі зор. Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөз содан қалса керек. Жас келіндер ауылдағы үлкен ақ жаулықты апалардың сынынан өтіп тұрғаны да дұрыс. Әрбір жас келін үшін білмегенін үйреніп, ақ жаулықтылардың ақ батасын алу – үлкен мәртебе. Соның бір парасы ретінде өткен аптада онлайн форматта ұйымдастырылған келіндер сайысын ауыз толтырып айтуға болады. Алғабас ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған шара қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ келіндерін насихаттау, сондай-ақ Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен.
Жарыс барысында кір жуу, сиыр сауу, көрпеше көктеу, өз өнері секілді күнделікті өмірден қалыс қалып жатқан шаруалар болды. Ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған, әрбір ісі қыздың жиған жүгіндей, өте тиянақты келіндер қатысқан аудандық сайыс онлайн форматта өткендіктен, тағайындалған қазылар алқасы арнайы түсірілген видеожазбалар арқылы тамашалады. Осылайша видеожазбаларды ледэкраннан көріп, қазақ ауылының көрінісін көз алдарына елестетті. Бір-бірінен өткен пысық, жылдам, сұлу да сымбатты келіндерді көріп, қайран қалды. Айта кетейік, қазылар құрамында аудандық мәдениет үйінің қызметкері Айзада Әшімқызы, №157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебінің тәжірибелі мұғалімі, көпбалалы ана ­Меруерт Нұрмаханова, ауыл тұрғыны, ақ жаулықты әже, қолөнер шебері Гүлнар Тәженова болды.
Тағы да айта кететін жайт, келіндер жарысына Төңкеріс, Жөлек, Досбол би, 1 май, Алғабас, Жаназар батыр, Бәйгеқұм, Нартай, Сұлутөбе, Еңбекші ауылдары мен «Арман» мәдениет үйінің атынан қатысқан. Аталған елді мекендерден кір жуу сайысы бойынша Еңбекші, Бәйгеқұм ауылдарының келіндері ерекше өнер көрсетті. Ал сиыр сауудан Алғабас, Досбол би, Жөлек, Төңкеріс ауылдарының келіндері көш бастап тұр. Көрпеше көктеуге де келіндердің тас түйін дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Әсіресе, «Арман» мәдениет үйінің атынан қатысқан қатысушы мен Нартай, 1 май, Сұлутөбе, Жаназар батыр, Бәйгеқұм ауылдарынан қатысқан жандардың еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық. Соңғы сайыс түрі – өз өнері. Жарыстың бұл түрінен де келіндер шаршы топта тосылмайтынын тағы бір дәлелдеді. Бір-бірінен өткен өнер додасы болды десек артық айтқандық емес. Біреуі әуелетіп ән салса, екіншісі жүректі тебірентер поэзияны нақышына келтіріп орындады. Ал кейбіреулері мың бұрала билесе, шешендік өнерімен де, қолөнермен де таң қалдырған жандар кездесті.
Сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлде еңбекшілік Мейрамкүл Арқарбекқызына бұйырды. Ал I орынды Алғабас ауылының келіні Айгерім Қыдырбаева иеленді. II орынды төңкерістік Ақсұңқар Әуілбекова жеңіп алса, III орын «Арман» мәдениет үйінің атынан қатысқан Айгерім Әлмаханға бұйырды. Барлық қатысушыларға грамоталар мен сый-сияпаттар табыс етілді. Иә, келін болу, әсіресе, қазақ келіні болу – үлкен мәртебе. Қазақылығымызды көрсететін осындай додаларға қатысып тұрған да дұрыс. Бұл жан-жақты жетілуге, ой-өрістің дамуына көп септігін тигізері анық.

Фариза КЕНЖЕШОВА
24 тамыз 2020 ж. 1 114 0