Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болмаған балалық шақ

Болмаған балалық шақ

«Түседі еске жалаң аяқ күндерім, ақ сүйекті ала қашқан түндерім. Сол қашқаннан мол қашыпты балалық, қайда екенін көптен бері-ақ білмедім» деп Қасым Аманжолов жырламақшы, балалық шақтың қас-қағым сәтте өте шығатынын ешкім байқамайды. Бірақ балалық күндегі тәтті естеліктер адам баласының жадында мәңгі сақталады. Уайым-қайғысыз асыр салып ойнаған уақытты ешкім оңай ұмыта қоймас, сірә! Бірақ жер бетіндегі барлық баланың балдәурен кезі бақытты естеліктерге толы деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, олай емес. Қалтарысы мен бұлтарысы көп өмір соқпағына егде тартқан кісілер ғана емес, бұғанасы қатпаған бүлдіршіндер де кездеседі. Әрине, балалықпен басына түскен қиындықты сезбей қалуы мүмкін алайда, сол кездегі еңсені басқан ауыртпалық қанша уақыт өтсе де жүректен өшпейді, естен кетпейді. Бұл сөзімізге ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» прозасы дәлел.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы Жүсіпбек Аймауытов «Әдебиет – ұлттың жаны» деп айтып кеткен. Ал Елбасы «Кітап – ең сабырлы ұстаз» деп бір-ақ ауыз сөзбен кітап құндылығына мән берген. Рас, қазіргі таңда қалтасында қаржысы бар адамның барлығы кітап жазып, атағын айға жеткізуде. Алайда, олардың арасында оқырман жүрегіне жол тауып, оң бағасын алып жатқандары көп емес. Ал ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесті кітап болып басылмай тұрғанында-ақ көп оқырманның жүрегіне жол тауып үлгерді. Аталған шығарма 2008 жылы жазылып, ғаламтор арқылы кеңінен тарады. Кейін бестселлерге айналып, оқырман қатары тіптен көбейді. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама нәтижесінде «Болмаған балалық шақ» «ХХІ ғасыр басындағы үздік 20 прозалық туынды» тізіміне енді. Шағын шығарманың көпшілікке ұнауына оқиғаның шынайы болғандығы себеп. Автор кітапқа өзінің балалық шағындағы қызықты әрі қайғылы оқиғаны бүкпесіз жеткізген. Бұл туралы Ақберен Елгезек бір сұқбатында «Болмаған балалық шақ» – менің ішкі трагедиям, менің тағдырым. Оны шығармасқа болмайтын еді. Естеліктер ішті мүжіп жеп қойды. Оқырмандар осы кітапты оқыған соң менің өлеңдерімді түсіне бастағанын жеткізді» деп айтса, кітаптың кіріспесінде «Шығарма шырайы шындығында демекші, осы хикаятта баяндалған оқиғалар – ойдан шығарылған дүние емес, менің басымнан өткен тағдыр. Хикаятта аты аталған кейіпкерлер де кездейсоқ, қиялымда туған жандар емес, бірі бақиға аттанған, бірі фәниде сау-саламат ғұмыр кешіп жатқан адамдар. Мен осы шығарманы жазу барысында бір кейіпкерлерімді жақсы жағынан көрсетіп, екіншісін әжуалап, жамандауды мақсат еткем жоқ. Керісінше басымнан кешкен оқиғаларды, бүлдіршін кезімнен жадымда сақталған үзік-үзік естеліктерді әдебиетсүйер қауымға жеткізгім келді» деп баяндайды.
Негізі Ақберен Елгезекті көбісі ақын ретінде таниды. Оның бүгінге дейін «Көлеңкелер күбірі», «Ғарыш», «Шексіздік сыртындағы шам» атты жыр жинақтары жарық көрген. Ал біз тақырыпқа арқау етіп алған туындысы ақын Ақбереннің тұңғыш кітабы.
Бізге балалық пен бақыт егіз ұғым секілді көрінеді. Тіпті кез келген шығарманы ашып қарасаңыз да, балалық шағындағы тәтті естелікпен бөлісіп жатқандар көп-ақ. Бірақ «Болмаған балалық шақты» оқып отырып, мұндай тәтті естеліктерді кездестіре алмайсыз. Керісінше кішкентай жүректің үлкен өмірмен арпалысын аңғарасыз.
«Жейтін таяқты өзіңнен жесін деп, мені шешеме қосақтап шығарып салды. Сол күн – менің балалық шағымның тәтті дәурені таусылған күн еді» дейтін Ақберен Елгезектің бүлдіршін кезі расымен ауыр өтті. Ол төрт жасында алғаш рет ажал деген сұмның бар екенін біледі. Өлім өзінің досындай болған мүгедек ағасы Данышпанды алып кетеді. Иә, төрт жастағы бала не біледі деп ойларсыз? Бірақ сол кезде бала Ақберен қазалы топтың бір шетінде тұрып «Енді маған суретті кім салып береді?» деп көзіне жас алады. Ал бұдан соң Ақберен анасынан тірідей айырылады. Анасы екінші рет тұрмыс құрғандықтан баласын төркініне тас­тап кетеді. «Әкесі жоқ – мас жетім, анасы жоқ – қас жетім» демекші, тұлымшағы желбіреген бала сол сәттен бастап жетімдіктің ащы дәмін татады. Біресе жеңгесінен шапалақ жесе, енді бірде ауыл адамдарының аяп, мүсіркеген көзқарасын байқайды. Тіпті анасы Ақберенді өзімен алып кетсе де, ол бақытты бола қоймайды. Себебі өгей әкесінің тоқпағы, сол үйдегі қара кемпірдің суға қайнатылған макароны, таң алагеуім атқаннан қара кешке дейін бітпейтін үй жұмысы, бір үзім нан жесе де өзгеге жалтақтап қарауы Ақбереннің бала көңілін қуанта алмады. Тіпті ол балалық шағын мүлдем есінен шығарғысы келді. Алайда, Ақберен жан жарасын емдеудің жолын өлеңнен тапты. Оның поэзияға келуінің астары осында жатса керек?! Жақындарынан жабыққанда, олардан тарыдай бір мейірім көрмегенде ішіндегі сыры мен мұңын қағаз бетінде түсірді. Ол өмірдің сан алуан кедергісімен өлеңі арқылы күресті.
Қазіргі кезде ақиық ақын Ақберен Елгезектің балалық шағы дәл бұлай өткенін бірі білер, бірі білмес. Бүгінгідей дайын асқа тік болып немесе «Бәке, Сәке, көке» арқылы мансабын жасап жүргендерге осы тұлғаның өмірі үлгі. Ол қираған жеңілістен жеңіс көре білді. Талдырмашынан талай қиындық көрсе де, өз атын поэзия әлемінде қалыптастырды. Болмаған балалық шағының арқасында шыңдалды, қайраттанды, жігерленді. Әр ащы жастың астында тәтті сый болатынын дәлелдеді.
Хәкім Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деген өлеңі бар емес пе? Қазіргі таңда жастардың қит етсе өмірден безіп, тіпті өз-өзін өлімге қиып жатқанын да естіп жүрміз. Дегенмен жеңіл жолмен келген жетістіктің игілігі болмайды, керісінше қиындық адамды шыңдап, өмірге бейімделуге үйретеді. Ақберен Елгезек те қиындықты жауы емес, ұстазы ретінде қабылдап, биік белесті бағындырды. Ол балалық шағында бақытты болмаса да, ақын боламын деген арманына жетті.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
13 тамыз 2020 ж. 9 062 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031