Шоққа піскен нан қандай!
Танымал жазушы Чак Паланик «Адамдар ауылдан қалаға көшуге асығады. Бірақ, туған өлкеге деген сағыныш оның ешбірін айналып өткен емес» деген. Расында, өсіп-өнген қарашаңырақ, балалық шақтың бал дәурені өткен ауылың, білім ұясы, асыр салып ойнаған достарың, осының барлығы туған топыраққа деген ықыласты күшейтеді. Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат болып кетсең де, перзенттік сезім жүректі елжіретіп, жансарайды жылылыққа бөлері анық. Марина Фраймен әлеуметтік желі арқылы тілдесу бізді біраз ойға жетеледі.
Марина Обендерфердің тарихи отаны – Германияға көшкеніне 20 жыл уақыт болды. Қазір ол отбасымен Германияның Оснабрюк қаласында тұрады. Жайлы жұмысы, құтты қонысы бар, жақындары жанында. Алайда, оның туған өлке – Шиеліге деген сағынышы әлі басылған емес.
– Ата-анам қасиетті өлкенің қысылтаяң кездері пана, ыстықта сая болғанын үнемі айтатын. 1937 жылы әкем анасы және бауырларымен бірге Украинадан Қазақ еліне келген. Ол кезде 7 жаста болған екен. Көп ұзамай анасы науқастанып, қайтыс болады. Осылайша, «Жаңатұрмыстағы» бір отбасы бауырына басқан. Анамда да осы жағдай. Олар қазақ халқының кеңпейілділігін, жомарттығы мен қонақжайлығын бізге үлгі етіп өсірді. Отбасымызда 10 баламыз. №207 мектепті тәмамдадық, әрбіріміз өмірдегі өз орнымызды таптық. 1994 жылы Шиеліге қоныс аударып, сол жақта диплом бойынша аудандық аурухананың хирургия бөлімінде жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, 2 баланың анасы атандым.
2000 жылдары Германияға көштік. Сол кездегі қимастықты еске алсам, көзіме еріксіз жас үйіріледі. Бірақ, Шиеліде әпкелерім қалды, соларға қонақтап барып тұрамын. Бұл өлкеден бізге ағайынның кіршіксіз көңілі, дəм-тұз бұйырды. Ыстық естеліктердің барлығы Шиеліммен байланысты, – дейді Марина.
Кейіпкеріміз әңгіме барысында ауылдағы ыстық табананның иісін, құнарлы құрт пен сөгін ерекше сағынғанын айтты. Өзі де әр жұмада бауырсақ қуырып, ет асып, отбасымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін де тойлайды екен. Қазақшаға судай.
– Қызылорда десе, бүйіріміз бұрып тұрады. Соңғы рет 2006 жылы бардым. Бұйыртса, анам екеуміз туған елге әлі талай барамыз, – дейді Марина.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.