Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРАШАҢЫРАҚТАН ҚАСИЕТ КЕТПЕСІН

ҚАРАШАҢЫРАҚТАН ҚАСИЕТ КЕТПЕСІН




Қазақ танымында қарашаңырақтың мағынасы терең әрі ауқымы кең. Ол – қасиетті де қастерлі орын. Қарашаңырақ көбіне кенже баланың еншісіне тиеді. Кейде ата-ана қай баланы қолда қалуға жайлы деп тапса, сол ұл әрбір перзенттің жүрек түкпірінен өшпейтін киелі ордаға ие болады. Тіпті, кейде тұңғыштар да сол шаңырақ тұтқасын ұстайды.

Атадан балаға мұра болып қалған бұл баспана «киелі үй» деп аталады. Оны ел, ағайын туыстары «қарашаңырақ» деп құрмет тұтады. Оған ұл ғана ие болады. Үлкен балалары отау тігіп, енші алып, бөлек шыққанда, кіші ұл ата-анасымен бірге қалады. Ал, кенже ұл иеленген әке шаңырағы басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі әрі қасиетті үй ретінде саналған. 
Бүгінде қалаға қарай ұмтылатын болдық. Мұндайда қарашаңырақ бос қалып, жүректі ауыртып жатады. Осындайда ел үлкендерінің «Қарашаңырақты бос қалдыруға болмайды» деген сөзі еске түседі. Ел ішінде мынадай әңгіме айтылады. Бір кісінің 6 ұлы болыпты. Барлығы да үлкен қызметкер. Бірі мекеме басқарса, екіншісі әкімдік бөліміне жетекшілік жасайды. Тіпті, үлкені министр екен. Содан алтауы ақылдасып, ата-анасын қалаға көшірмекке бекінеді. Министр баласы: «Әке, бар жағдайы жасалған үлкен үй алып қойдық. Анда жүріп апам екеуіңізге қатты алаңдаймыз. Ауырып қалмаса екен деп тілеп жүреміз. Қалаға барсаңыздар қасымызда боласыздар» – деп барынша үгіттейді. Басқалары да ағасын қоштайды. Сонда ақылы асқан әке: «Айтыңдаршы, Астана не үшін керек?» деп сұрақ қойыпты. Үлкен ұл: «Қалайша не үшін, Астана – еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің тірегі» деп жауап береді. Қария: «Міне, көрдіңдер ме, қарашаңырақ та сендердің тіректерің, жүректерің, өсіп-өнген астаналарың. Астана керек болса қарашаңыраққа келесіңдер» депті. 
Расында, тауып айтылған сөз екен. Қазақ халқы шаңырақты қасиетті санап, қадіріне жете білген. Ел басына күн туып, қара қазан сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған. Қарашаңырақтан қасиет кетпесін десек, оның қадіріне жете білейік.



Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

30 қыркүйек 2018 ж. 1 613 0