Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СӘРСЕНБЕКТІҢ САТИРАСЫ

СӘРСЕНБЕКТІҢ САТИРАСЫ

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ ақын, журналист ретінде оқырманға кеңінен белгілі. Оның қаламынан ұлттық дәстүр, ата салт, тәуелсіздік, жаңа қоғам, тіл мен дін туралы ордалы ой қозғаған тамаша дүниелер өмірге келді. Қаламгердің біз біле бермейтін тағы бір шығармашылық қыры бар екен, ол – сатирасы. 22 маусым – Сәрсенбек Бекмұратұлының туған күні. Осыған орай ақынның әзіл-оспағын жерлестерінің назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Газик пен газет»
Сәрсенбек Бекмұратұлының аудандық газетте жауапты хатшы боп жүрген кезі екен. Редакцияда сегiз орындықты «Газ-69» ескi жеңiл көлiгi бар. Бiр күн жүрсе, бiр апта тұрады. Редактордың «ермегi» сол машина. Орынбасары өте серi. Есiл-дертi – сырахана, буфет (ол кезде кафе, бар деген әлi жоқ). Хатшы қыздың аңсары киноға ауып тұрады. Сәрсенбек таңертеңнен кешке дейiн газет макетiмен әуре. Кейде үнпарақ шығып жатқанда ақылдасарға жан таппай қиналады. Сондай сәтте:
– Бастықтың есiл-дертi – газик,
Сәрсенбектiң есiл-дертi – газет.
Орынбасардың есiл-дертi – вино,
Хатшы қыздың арманы – кино, – деген екен.

«Енді иманды ойлау керек қой...»
Сәрсенбектiң «тентек» суды қойғанына ширек ғасырдай уақыт болса керек. Көптен кездеспеген жерлесi кезігіп қалып, «жүз грамға» шақырады. «Менiң бұл «тентегiңдi» татпағаныма көп болды. Дәмiн де ұмытып қалдым» деп әрi-берi айтса, еш көнбейдi.
– Тым ерте қойған екенсiң. Қалжырап тұрған қарт емессiң, алып бара жатқан ауруың да жоқ. Анда-санда iшiп тұрғаның өзiңе жақсы, қаныңды қуалайды, – дейдi құрдасы қутыңдап. Сонда Сәкең:
– Бiз де біраз жасқа келдік қой, ендi бұрынғыдай диван мен «Иванды» емес, иманды ойлау керек қой, – дептi.

«Әйелi жақсы қазаннан iшедi...»
Редакция қызметкерлерi түскi ас үшiн үйлерiне бара бермейдi. Бұл – қалыптасқан жағдай. Көбісі асхана мен кафеде, кейбiрi кеңседе-ақ тағамдары мен шайларын iше бередi. Осындай түскi тамақтың кезiндегi сапырылыста Өтеш Қырғызбай ұжымның ақсақалы Сәрсенбек Бекмұратұлына қаратып:
– Асхана жағаламай-ақ, үйден әкелгенiмiздi кеңседе талғам қылмаймыз ба? – дейдi. Сонда үйінен ештеңе әкелмеген Сәрсекең:
– Әйелi жақсы қазаннан iшедi, әйелi салақ базардан iшедi, – деген екен.

«Шапалақ емес, шапан керек екен...»
Атақты адамның мерейтойы өтiп жатады. Қызметтес болғандар, шапағатын көргендер, ақыл-кеңесiн тыңдағандар сөз алып, естелiк айтады. Кезек ақын Сәкен Иманасовқа келедi. Сахнаға шығып, қойнынан бiр бума қағаз шығарады. Алдында сөйлегендердiң бәрi бірге жүрген сәттеріндегі ананы-мынаны айтып, жиналғандардың iшiн пыстырса керек, өлең оқиды ғой деп елеңдесiп отырады. Өкiнiшке қарай, Сәкен де жазып әкелген естелiгiн оқуға кiрiседi.
Жұртшылық үнсіз тыңдауда. 5 минут, 10 минут... Кенет бәрi дүркiрете қол соғады. «Бұлар неге қол соғады? Мен әлi бiткен жоқпын ғой» деп ойлаған ақын аң-таң боп жан-жағына қарап, сәл-пәл тыныстап алады да, сөзін қайта жалғастырады. 5 минут, 7 минут... Зал тағы да қол соғады... Не керек, әйтеуір жазып келгенiн түгел оқып бiтiргенше, сахнадан кетпейдi. Бiткен кезде той иесi Иманасовтың иығына шапан жабады. Осы сәтте залда отырған Сәрсенбек Бекмұратұлы:
– Е-е, неге ұзақ оқыды десек, Сәкен ақынға шапалақ емес, шапан керек екен ғой, – дептi.


«Ылғи сыйлықты ойлай бермей...»
«Алматы ақшамы» газетінің аға фототілшісі Самат Құсайынов – өз ісінің шебері. Бір айыбы – сүрбойдақ. Жыл сайын әртүрлі фотобайқауларға қатысып, тарту-таралғы алып жүреді. Бірде Қазақстан Президентінің сыйлығын алып, әріптестеріне дастарқан жайыпты. Газеттің ақсақалы Сәрсенбек Бекмұратұлы:
– Саматжан, жеңісіңе ризамыз. Әйткенмен, өзге тілегіміз де жоқ емес, ылғи сыйлықты ойлай бермей, бір мезгіл құйрықты да ойласаңшы, – деген екен сөзінің аяғын әзілге тіреп.

Домалақ арыз
Сәрсенбектiң Алматы облыстық «Жетiсу» газетiне қызметке келген кезi екен. Газет редакциясында арыз-шағым көп жазылатын тұс болса керек. Облыстық партия комитетiне газет редакторының үстiнен жазылған домалақ арыз түседi де жатады. Күнде тексерiс, күнде айғай-шу. Тексерушi – облпарткомның жауапты қызметкерi мән-жаймен танысады. Ұжым екiге жарылып арыз жазған. Бiр жағы басшыны қараласа, екiншiлері қорғапты. Арыз жазғандардың iшiнде ұжым бойынша жалғыз Сәрсенбектiң аты-жөнi болмай шығады. Не мақтағандардың, не даттағандардың ішінде жоқ. Тексерушi Бекмұратұлын шақырып алып:
– Екi жақтан жазылған арыздардың iшiнде де аты-жөнiң жоқ, бұл қалай? Коммунистiң өзiндiк көзқарасы болу керек емес пе? – дейдi. Сонда Бекмұратұлы облпарткомның өкiлiне:
– Мен Алматыға арыз жазу үшiн емес, өлең жазу үшiн келдiм, өзіндік көзқарасым – осы! – деп қысқа жауап берiптi.

«Иванның соңы диван болады»
Қаламгерлер Төлепберген Тобағабылов пен Сәрсенбек Бекмұратұлы және бiр-екi жiгiт Алматы маңындағы бiр ауылға жолы түседi. Осында тұратын Төкеңнiң ағайын iнiсiнiң үйiне ат басын тiрейдi. Алматыдан келген қонақтарға ауылдың ақкөңiл жiгiтi балаша мәз болады. Қой соймағанымен, бар етiн қазанға салдырып, әне-мiне дегенше дастарқанды жайнатып жiбередi.
«Петров», «Царь Петр», «Смирнов» сияқты орыстың шет елдерге елiктеп шығарған сайтан сулары лезде сап түзеп тұра қалады. Алдымен буы бұрқырап шай келедi. Артынан ентiгiп ет жетедi. Iшiлген iшiмдiктер құмға сiңгендей iз-түссiз жоғалып жатады.
Жақсылары бiткен болуы керек, бiр кезде қисаңдап орыстың кәдiмгi қисық арағы келедi. Күнi бойына тәуiр арақ пен тәуiр тамақ жеп отырған қонақтардың көңiл күйлерi күрт түседi. Төрде төбедей болып жатқан Төлепберген Тобағабыл:
– Сәрсеке, басы жақсы-ақ едi. Соңы сұйылып бара ма, қалай? «Царь Петрмен» бас­тап едiк. Сосын «Смирнов», «Петров»... Ендi мынау Иван келдi... Соңы не болар екен? – дейдi. Сонда Сәрсенбек Бекмұратұлы:
– Иванның соңы – диван болады да! – деген екен.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
сатирик
23 маусым 2020 ж. 489 0