Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүйсенбі мектебі

Дүйсенбі мектебі


Журналист, ақын Дүйсенбі Смайылов туралы толғаныс.
Сонау елуінші жылдар еді. Шиелінің даңқы дала академигі Ыбырай Жақаевтың есімімен дүркіреп тұрған болатын. «Авангардта» Тян Гын Чер, «Гигантта» Хан Леонтий, «Коммунизмде» Шырынкүл, «Қызылтуда» Қойшыбай, Заһира, «Телікөлде» Жадыра баспасөз бетінен түспейді. Сонау Мойынқұмнан атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың Ыбырай ауылына арнайы келуі қарсаңында ақын Әбділданың құрыштан құйылған диқанға «Ағатай» деген өлеңін оқыған адам тебіренбей тұра алмаушы еді. Талантты жазушы Оразбек Бодықовтың «Менің бақытым» атты даңқты күрішші жайында жазған шағын повесі қолымыздан түспейтін. Диқанның құдіретті сөзін қамшының өріміндей кестелеген Оразбек қаламының шеберлігіне тәнті болғанымыз жасырын емес. Құнарлы сөздің бұлағы атанған Оразбекпен аудандық газетте қызметтес болдық. Екі тілде бірдей жазатын талантын жоғары бағалайтынбыз. Газеттің бірнеше нөміріне «Лалақ туралы дастан» деген повесін бергенде, оқырманнан оң бағасын алған болатын. Бұл күнде Оразбектің есімі ескерусіз, елеусіз қалды.

Алғашқы еңбек жолымды Шиелінің «Өскен өңір» (бұрынғы «Коммунизм жолы») газетінен бастадым. Корректорлық жұмыс Қызылордадан табылмай, Шиеліден дәм-тұз бұйырған еді. Кейін ауданнан партияға өтіп, әдеби қызметкерге көтерілгенім есімнен әлі күнге кетпейді.
Аудандық газетте Сейтқасым, Жүніс ағалар көптен істейді екен. Екеуі күн құрғатпай мақала жазады. Сейтқасым оқта-текте фельетонмен сықақ-өлең айтып, кемшілікті түйреп тастайды. Ортамызға кейіннен Ә.Боранов, Ф.Жүсіпова келіп қосылды. Одан соң Алматыдан ауа райы жақпай, «Мың бір түнді» аударған Қалмахан келді. Газеттің күнделікті қым-қуат тіршілігінде Шәден Бектасов, Оразбек Бодықов үшеумізге жас болған соң жүк көбірек түсті. Сол шақта жауапты хатшылықты Дүйсенбі Смайылов атқаратын. Дүйсекең макетті шебер жасайтынымен қоса, қаламы ұшқыр, төгілтіп өлеңдер жазатын. Редакторымыз – обкомнан келген, мамандығы мұғалім Қалқабай Әбенов. Ол кісі басмақала жазудан басқаға қолы бармайды. Жауапкершілік түгелімен редактордың орынбасары Ә.Сатыбалдиев пен жауапты хатшы Д.Смайыловқа артылатын. Соған қарамастан аудандық газет көркемдігі мен мәселе көтеруі жайында облыста көш бастап тұрды.
Аудандық газеттегі бар материал қолмен теріледі. Гранкіде іріктеліп, содан соң оқылады. Баспаханадағы май иісі мұрын жарса да, аптасына екі рет газет шығарамыз. Бүгінгедей компьютер түсімізге кірмеген кезде қиналған сәттер көп болды. Мереке сайын ғана газет қызыл түске боялатын.
Баспаханада Сақып, Жаңыл қолы қолына жұқпайтын әріп тергіштер еді. Кейін Мәлике, Хадиша, Шәрбан, Лизалар бұл іске машықтанды. Бірі әріп терсе, екіншісі бет жасайды. Корректорлар Құлахмет Ақпанбетов, Құрманбек Рысбековтер көз майын тауысып, әріпті санап оқиды. Ол кезде газетте қате кетсе, үлкен дүрбелең болатын. Өйткені, жауапты хатшы Дүйсекеңнің талабы қатты еді.
Бәрімізді журналисттік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегі зор. Оның жазылған әрбір дүниені түрлендіріп, тақырып тауып қоятын нағыз шебер еді. Әдебиетке жақын жастардың басын қосып, әдеби бірлестік ұйымдастырды. Ол кезде мектепте оқитын Оразбек Сәрсенбаев, Сәрсенбек Жұмабековтерді бауырына тартып, Оразбек жазған дүниелерін үзбей жариялап отырды. Ұлты шешен, қазақшаға судай Абдулхамид Исаев деген азамат болды, мөлдіретіп қазақша әңгіме жазады, талантты азамат еді. Осы азаматты Оразбек Бодықов қамқор құшағын ашып, әңгімелерін республикалық газет, журналдарға шығаруға мұрындық болып, шеберлігін шыңдауға көмек көрсеткеніне біз куәгер болдық.
Дүйсекеңнің балалық шағы кіндік қаны тамған «Ортақшыл» атты ауылдан басталды, алдымен педучилищені, одан соң КазГУ-дің журналистика бөлімін бітірді. Мектепте ұстаз болды, кейін журналистік қызметке бар ғұмырын арнады. Газет редакторынан бастап, аудандық партия комитетінің хатшысы, обком нұсқаушы, облыстық газет редакторының орынбасары дәрежесіне дейін жоғарылады. Қай қызметте жүрсе де қаламын қару етіп, жұрт көкейіндегі өткір мәселелерді көтерді.
Республика жұртшылығына кең тараған «Жас дәурен» ансамблінің репертуарына арнап, сазгер Әсет Бейсеуовпен бірігіп, «Сыр маржаны» атты ән жазды. Сол ән әлі күнге ел аузында.
Ақын азаматтың өлең жырларын, дастандарын, арнау өлеңдерін, сықақтарын зайыбы Кеңескүл Байжанова пен Мұрат Күлімбет жинастырып, «Сыр маржаны» атты жинақ шығарды. Жинақтағы азаматтың үні мен орамды ойы, туған жерге деген ыстық ықыласы, отанға деген сүйіспеншілігі оқырманды еріксіз баурайды. «Сыр маржаны» атты жинақ «Жастық шақтың жылнамасы», «Туған жерге тағзым», «Тың толғауы», «Кавказ әуендері», «Сықақ пен мысқыл» атты төрт бөлімнен тұрады.
Ақын «Жаса елім» атты өлеңінде:
Жасара түс, жаса елім.
Жаздың ерке гүліндей,
Әлі біздің алдымыздан,
Күн шығады күлімдей.
Керіліп жатыр кең дала,
Көркемдік мұнан өтерме.
Көрсем әсем сан қала,
Шиелім саған жетер ме? – десе, «Күйлер», «Еңбек», «Ақындыққа не керек?», «Өмір сәулесі», «Отан қорғау», «Мұғалім», «Ұлы отанға ұл болам», «Мол өнімшілірге» атты өлеңдеріне патриоттық сезімі кең пафоста жырланады. Ал, «Сыр бойы көріністері» атты тарауында көркем табиғат пен еңбек адамының келбеті нанымды баяндалады. «Тың толғауы» атты топтама негізінен достыққа, бірлікке арналады.
Дүйсекең газет жұмысының иығына түскен қым-қуат сәттерін былайша суреттеді:
Өлеңді жазушы едім дүркін-дүркін,
Сүйсініп оқушы еді туған жұртым.
Соңғы кез қалам суып кетті біраз,
Иыққа мінгеннен соң газет, шіркін!
Жинақты ажарландыра түскен «Кавказ әуендері», «Кисловодск вокзалы», «Олховка» атты өлеңдерінде жер бейнесін айшықты өрнектейді. Бұл туындыларды оқып отырғанда Кавказдың биік шыңдарында тамсана жүріп, серуендегендей күй кешесіз.
Ақын қаламынан туған «Сықақ пен мысқыл» атты тарау өзіндік болмысымен ерекшеленіп тұр. Ақынның «Жүзім мен терек», «Дандайсыған Дастан», «Шалберген сот алдында», «Бағбан мен бақа» атты шымшымалары босбелбеу, еріншендік сияқты басқа да жат әдеттерді мысқылмен келтіреді. Оның «Сыр маржаны» атты жинағы оқырманды сан-алуан ой толғауларымен өзіне баурай түскендей жағымды әсерге бөлейді.
Дүйсенбінің журналистік мектебінен С.Мұсайымов, А.Достияров, Н.Аюпов, А.Айтуаров сынды басқа ондаған тілшілер тәрбиеленіп, газет мәртебесін көтерді.
Қамқор аға нағыз кемел шағында жұмбақ жағдайда пәни дүниеге аттанып кеткеніне біраз жылдың жүзі болды. Мезгілсіз ажалға ұшырағанына әлі де сенбей, жүрек сыздайды. Болжам айтылып, шындық жібі тарқатылмай қалды. Сүйікті жары Кеңескүл мен артында қалған ұрпағы, көзін көрген әріптестестері барда ақын-журналист Дүйсенбі Смайыловтың бейнесі ұмытылмайтыны анық.


Қайырбек Мырзахметұлы,
журналист-ардагер.

07 сәуір 2019 ж. 1 490 0