Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихты білуге талпыныс

Тарихты білуге талпыныс

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ауызша айтылған нәрсе ұмытылады, жазба жазылып қалады. Қайбір зат, не болмасын, кім болсын, қай сала болса да, өзіндік болмысы бар. Оны тарихшылар ғана зерттеп, былайғы жұрт білмесін демеген шығар. Мені өзім қызмет жасап, отставкаға шыққан аудандық ішкі істер бөлімінің тарихы қызықтырды. Жалпы кешеге дейін «милиция», одан «полиция» аталған ішкі істер қызметі ел үшін аса маңызды болды.
Қай кезде, қай қоғам болмасын тәртіпке, ішкі тәртіпке ерекше көңіл бөлген. Яғни қоғамдық тәртіп, ішкі тәртіп, сайып келгенде елдің ішкі тыныштығын, адамдардың еркін, бақытты ғұмыр кешуін, алаңсыз еңбек етуін, тыныштықпен тамағын ішіп, күліп-ойнап жүріп ұрпақ өсіруін қамтамасыз етіп, оған кепіл болған. Кеңес милициясы сапында алғашқы жылдары орыс патшасының тыңшылары, полиция урядниктерінің, жандармдардың, тергеушілерінің де қызмет атқарғаны жасырын емес. Осы арқылы кеңес милициясы ұзақ жылдар өсу, даму, тәжірибе жинақтау жолдарынан өткен. Қазақ еліндегі милиция қызметіне келсек, ол да патша кезеңінен басталады. Патша заманында қазақ даласында ояздар яки уезд бастықтары мен полиция ішкі тәртіпті қадағалап отырған. Патша өкіметі құлаған тұста қазақ даласында Алаш милициясы да, кеңес милициясы да қызмет еткен. Бірақ кеңес дәуірінде Алаш милиция­­сы жөнінде айтуға тыйым салынған. Қазан төңкерісі жүзеге асқан соң көп ұзамай, яғни 1917 жылдың 10 қарашасында кеңестік милиция құрылады. Ресейде Кеңес өкіметі орнаған соң, оның көсемі, В.Ленин үш күннен соң 10 қарашаны кеңес милициясының күні деп жариялаған. Ресейдің боданында болған, кейін КСРО құрамына енген 15 республикалар да 1991 жылы КСРО тарап, егемендік алғанша осы кеңес милициясының заңымен қаруланып, жұмыстарын жүргізді. Сыр өңірінде өткен ғасырдың 20 жылдары Ақмешіт уездінің жауапкершілігіне, құзырына қарайтын Шиелі, Тереңөзек, Аламесек аудандарын орталықтандырылған уездік-қалалық милициясы, 1956 жылы Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы 2005 жылдың мамыр айынан бастап ішкі істер департаменті болып құрылды. Егеменді еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын қорғайтын Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 28 жыл толып отыр. Елдігіміз айқындалған 1992 жылдың 23 маусымында Елбасы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» заңды қабылдау Жарлығына қол қойып, Қазақстан полициясы құрылды. Тәуелсіз еліміздің халқының қамқоршысы, қоғамдық тәртіп сақшылары, биліктің қолдаушысы – Қазақстан полициясының төл мерекесі – 23 маусым күні тойланады. 2018 жылдан бас­тап ішкі істер бөлімдері полиция бөлімдері деп атала бастады, қазір Шиелі аудандық полиция бөлімі аталып, солай жазылады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында милиция сан салалы қызмет атқарды. Олар қылмыспен де, тұрмыстық жанжалдар мен адамдар арасындағы дау-дамайларды да, билік тарапынан үйлер мен ғимараттар ғана емес, өздеріне не зат қажет болса, соны милиция арқылы алдырған. Ненәрсеге тыйым салу керек етсе, милицияның қолымен істеген. Милиция сондай-ақ сол заманғы парақорлықпен де айналысқан. Адамдар болыс сайлану үшін жоғарыға пара беріп отырған. Милиция сол тұста Аралдағы тұз контрабандасымен, базардағы тәртіп, теміржолдағы тәртіп, жасырын мақта өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкер саудагерлермен күрес, маскүнемдермен, жезөкшелікпен күрес, жұмыс істемейтін алаяқтармен күрес, тағы басқа қоғамға жат жайттардың барлығымен күрес милицияға жүктелген. Олар араласпаған сала, олар қатыспаған шаруа қалмаған секілді. Содан да болар, халық арасында милицияның рөлі, беделі артып, әке-шешелеріміз бала кезімізде жылап қалсақ «Жылама, ал милиция келе жатыр» деп қорқытатын. Шынымен бөжей келетіндей үнсіз қалатынбыз. Шиелі милициясы тарихына үңілсек, ауданда тұңғыш милиция бастығы Әли Палмұхамедов деген кісі болыпты. 2000 жылдары аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары, милиция подполковнигі Нұрғали Қожақов бөлімде музей бұрышын ашпақшы болып, бұрын бөлімді басқарған басшылар туралы мәліметтер жинай бастады, мұрағаттан құжаттар алдыртты. «Сіз де көріңізші» деп маған да қолқа салды. Мен үйге барғасын әкем Әзімхан Исмаиловқа айтып едім, сәлден соң бір сарғайған папканы алдыма қойды. Іс-қағаздар, өмірбаян, бұйрықтар сақталған екен. Таныса бастап едім, «Бұл сенің атаң, менің Бәкір әкемнің туған інісі Әли Палмұхамедовтың құжаттары. Сен сұраған, сендер іздеген адам, Шиелі милициясының тұңғыш бастығы болған осы көкең» деді. Ұлы Отан соғысына өзі сұранып кетіп, 1943 жылы Сталинград шайқасында жау оғынан мерт болды. Елге оралмады. Осыған дейін бұны естімеппін, аға (әкемді аға деп өскенмін) неге айтпадыңыз дегендей таңқалыс білдірдім. Перовск уездік-қалалық милициясы 1921 жылы берген куәлікте Әли Палмұхамедовты Шиелі милициясының тұңғыш бастығы етіп тағайындағаны тасқа таңба басқандай жазылып тұр екен. Әли Палмұхамедовтың әкем Әзімханның ағасы екенін де сонда ғана білген едім. XIX ғасырда Сыр бойындағы «Жөлекте» Палымбет деген қолөнерші өмір сүрген. Оның Әбу, Бәкір, Әли атты үш ұлы сондағы орыс-қазақ (русско-туземная) бұратана мектебінде оқиды. ­Палымбет Әбу мен Әлиді орыс сыныбына, Бәкірді қазақ сыныбына береді. Сол кездегі жағдайларға байланысты Әбу Балмұқамбетов, Әли Палмұхамедов, Бәкір Палымбетов болып (қуғын-сүргінге, репрессияға) ұшырамасын деді ме бір әкенің балаларының тегін үш түрлі етіп жаздыртады. «Біреуі кетсе, бірі қалар» деген болу керек. Палымбет қария жаңылыспапты. Кіші ұлы Әли 1938 жылы репрессияға ұшырап, қызметінен төмендетіледі. Айыбы – ағасы Әбудің әйелі байдың қызы екен. Әли сол үйге жиі барып тұратын көрінеді. Міне, осындай жаламен қазақтың қаншама зиялы азаматтары жапа шекті десеңізші. Соның салдарынан Ақтөбе облыстық сотының арнаулы коллегия мүшесі Әли Палмұхамедов қызметінен босатылып, Шымкент адвокатурасына адвокат етіп жіберіледі. Намысқа булыққан Әли 1941 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, өзінің кінәлі еместігін көрсетті, коммунистік ары соған итермелесе керек. Әли Палмұхамедов Шиелі милициясының бастығы қызметінен соң ОҚО-сы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы 1931-1934 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып Петропавлда, 1935 жылы жоғарғы сот коллегиясының мүшесі болып Алматыда, 1936-1938 жылдары арнаулы коллегия төрағасы болып Ақтөбеде қызмет атқарады. 1939 жылдан Шымкентте облыстық адвокаттар коллегиясында қызмет істей жүріп, 1941 жылы соғысқа аттанып кете барған. Ағасы Әбу Балмұқамедов 1921 жылы Ташкент облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Түркістан аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1922-1926 жылдары Ташкентте облыстық милиция бастығы болып, сол жылдары облаткомның, облыстық партия комитетінің және Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланады. Түркістан Республикасының қарауында болған Қазақстанның қазіргі түстік облыстары (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл) Қазақ АССР-на қосылғаннан кейін Әбу Балмұқамедов 1926 жылы Қазақстан Орталық атқау комитетінде (КазЦИК) нұсқаушы болады. Ал 1930-1931 жылдары Қазақстанның 3 ірі өндіріс орнының бірі Балқашта аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1931 жылы Қазақстанның тағы бір өндіріс орны Қарсақпай мыс қорыту комбинатына екінші басшы болып келеді. Осында жүріп ауырып, 1933 жылы дүние салады. Қарсақпайда бірге қызмет істеген әлемге әйгілі Қаныш Сәтпаев пен аудандық «Қызыл кенші» газетінің сол кездегі редакторы, жерлесіміз, ақын Әбділдә Тәжібаевтар Ә.Балмұқамедовтың қазасына көңіл айтуларын газет бетіне береді. Әли Палмұхамедовтың ағасы Бәкір Палымбетов 17 жыл «Ащықұдық» колхозының (қазіргі Бала би ауылы) төрағасы болып, науқастанып, 1950 жылы өмірден озады. Сөйтіп жөлектік қолөнерші Палымбет Сартбаевтың үш ұлы Әбу – 1897-1933 жылдары, Бәкір – 1899-1950 жылдары, Әли – 1901-1943 жылдары туған еліне адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, өздерінің аз ғұмырында үлкен істер атқарып, арттарында өшпес із қалдырып кеткенін қалайша мақтаныш етпеске?
Менің әкемнің әкесінің ағасы Әбу Балмұқамедов Ташкент облыстық милициясының бастығы болса, інісі Әли Палмұхамедов Шиелі аудандық милициясының бастығы болған екен. Пәленбай жылдан кейін бұл кісілердің немересі мені, шөберелері Асқан Әзімхан мен Дарын Әзімхан Өркенұлдарын милиция, полиция болады деп кім ойлаған десеңізші? Асқан аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып қызметін бастап, облыстық қаржы полициясының подполковнигі дәрежесінде отставкаға шықты. Дарын аудандық полиция бөлімінде жасөспірімдер жөніндегі инс­пектор, полиция капитаны. Бұны бір сөзбен Палымбет әулетінің династиясы десек, артық болмас, яғни ұрпақ сабакқтастығы. Бұл тақырыпты полиция подполковнигі Н.Қожақов қозғамағанда, осынша әңгіме тумас та еді. Ол мұрағаттардан соғыстан кейінгі мәліметтерді ғана тауыпты. Мен де соған қарай арқа сүйеп, одан кейінгілерін өз білгеніммен қағаз бетіне түсірдім. Сонымен 1946-1950 жылдары Шиелі милициясының бастығы болып, милиция аға лейтенатты Чуйков Василий қызмет еткен. Әке-шешесі Бәйгеқұмда тұрған. 1950-1953 жылдары Алдан Аюпов деген Милиция капитаны басшылық жасаған. 1953-1962 жылдары милиция капитаны Жармағанбет ­Оразбаев басшы болса, 1962-1974 жылдары милиция майоры Өмірқұл Оразбеков ұжымды басқарады. 1974-1982 жылдары милиция падполковнигі Кәрім Жұмағалиев басқарған жылдары аудандық ішкі істер бөлімінің даму, өрлеу, жеке құрамның іріктелген тобы қызмет жасаған керемет, ұйымшыл ұжым болды. Жігіттер спорттан да, өнерден де, қылмыс ашудан да үнемі алда болды. 1980 жылы бастығымыздың басшылығымен милиция қызметкерлерінен республикада тұңғыш қазақ тілінде өлең айтатын «Жалын» атты ұлттық ансамбль құрдық. Мені ансамбльдің көркемдік жетекшісі етіп тағайындады. Бөлім бастығының саяси-тәрбие жөніндегі орынбасары ретінде бар жауапкершілік маған жүктелді. «Жалын» ансамблі республикалық қазақ телеарнасынан 1980 жылы 10 қараша күні алғашқы концерттік бағдарламасын ұсынып, үлкен құрметке бөленді. Ансамбль мүшелері, әнші-күйшілері Сейтомар ­Ермекбаев, Жаппарбек Оразмаханов, Бөлтай Қошқаров, Мәлік Дүйсенбаев, Шанақбай Кемелов, Нұрғали Қожақов, Қуаныш Бегалиев, ­Алтынбек Нұрмағанбетов, Бекайдар Рүстемов, ­Мырзахан Жандаев, Бақытжан Байтілеуов, Ермек Оспанов, Оразбек Искендиров, Алексей Гришаев, Әлайдар Бәйділдаев, Сансызбай Нұркеев, Анатоли Москавц т.б. секілді милиция қызметкері өнерді кәсіби мамандықтарымен қатар алып жүрді. Істеріне жауапкершілікпен қарады. 1984 жылы Байқоңыр телеарнасы шақырып, «Жалын» ансамблінің концертін жазып алды. Милициялардың халықпен байланысы күшейіп, олардың имиджін көтеруде ансамбль зор рөл атқарды. Жұрт жазалаушылықтан гөрі тәрбиешілік құндылықтарды сезінгендей болды. Оларға жылы жүзбен қарай бастады. 1982-1985 жылдары аудандық ішкі істер бөлімін Бақыт Бекмамбетов басқарды. Бастықтың орынбасары бола жүріп «Жалын» ансамблінің құрамында сахнада ән шырқады. Милицияның екі қабатты жаңа ғимаратын асарлатып бітіргізді. Милицияларға әр бөлмені бөліп беріп, сылатты, әктетті, сырлатты. Іскер, сабырлы кісі еді. Милиция подполковнигі шенінде Қызылорда қаласына ауысып кетті. 1985-1987 жылдары бастық болған жас жігіт милиция майоры Ержігіт Құлтаев ұжымды ұйыта білді. Москва қаласына жоғары милиция академиясына оқуға жіберілді. Бәйгеқұм ауылының тумасы болатын. 1987-1988 жылдары бөлімге милиция майоры Алдияр Нұрымбетов басшылық етті. Көпшіл де қарапайым болатын. Өмірі қысқа болды. 1988 жылы өмірден озды. 1988-1989 жылдары милиция подполковнигі Ғалымжан Ахметов Қызылорда қаласынан келіп, уақытша басшы болды. Қылмыс ашудың шебері еді. Кейін облыстық ІІБ-сы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1989-1997 жылдары полиция подполковнигі Қуаныш Жаңабергенов ұзақ жыл жайлы басшы атанды. Бөлімше басшыларына, орынбасарларына ерік беріп, жұмыс талап етіп отырды. 1997-1998 жылдары полиция майоры Әбдімәлік Қайназаров деген жаңақорғандық жігіт келді. Одан соң оның жерлесі полиция подполковнигі Шанжархан­ Қауленов 1998-2002 жылдары аралығында бөлім бастығы қызметін абыройлы атқара білді. 2002-2003 жылдары бөлімді Ауғанстан соғысының ардагері, полиция подполковнигі Асқар Исағалиев басқарып, облысқа ауысып, көп ұзамай облыстық ішкі істер басқармасының бастығы дәрежесіне жетті. Талдықорғандық жігіт болатын. «Қайтып келген жануардың қайыры бар» дегендей, 2003-2004 жылдары Әбдімәлік Қайназаров бұрынғы қызметіне қайта кірісті. Көрші аудандық пысық жігіт, полиция подполковнингі Бақыт Муятов 2004-2006 жылдары басшылық еткенде бұл жер темірдей тәртіптің мекені екенін көрсетті. Нартай ауылының талантты азаматы, полиция подполковнигі Ғани Тұрсекеев бөлімді 2006-2008 жылдары басқарып, облыстық ІІБ-на қызметіне көтерілді. Қызылордалық полиция подполковнигі Елболат Ахметов осында 2008-2011 жылдары бастық болып, жеке құрамға гумандық тәрбиенің үлгісін берді. Ат та тыныш, арба да тыныш қалды. Жерлесіміз, полиция палковнигі Сәттар Қарынбаев бөлімге 2011-2012 жылдары басшылық жасады. Жан-жақты алғыр офицер бір жылдың ішінде «(Жалын» ансамблінің 30 жылдығына концерттік бағдарлама даярлатып, облыстың Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған аудандарына концерт қойғызды. Шымкенттен мерекелік фотоальбомын шығартты. Аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан спорт алаңын соқтырды. Бөлімді дұрыс басқарудың ың-шыңсыз әдісін қолданды. Шиелілік полиция подполковнигі Уәлихан Исмаилов 2012-2014 жылдары бөлімде қалыпты жағдай ұстады. Аспады, таспады. Қоғаммен санасты. Жеке құрамның мүддесін қорғады. Жерлес жігіт Серік Тоқтыбаев бөлім бастығы болып 2014-2020 жылдары аралығында қызмет етіп, милиция подполковнигі шенінде Қызылорда қаласына ауысты. Бөлім жанындағы «Жалын» ансамбліне жанашырлық, қамқорлық жасап отырды. Шиелі аудандық полиция бөліміне 2020 жылдың наурыз айында полиция падполковнигі жалағаштық жас қыран Дәулет Беркімбаев бастық болып тағайындалды. «Тәртіп, тәртіп, тағы да тәртіп» екпінінде басталған жұмысына сәттілік тілейміз.
Көріп отырсыздар, әр басшы өз әлінше қызметін жасады. Олардың жетістіктері де, кемшіліктері де болды. Бірақ бір мақсатта қоғамдық тәртіп сақтауда, халық тыныштығын қорғауда, қылмыскерлермен күрес жүргізуде, ел сақшысы болуда, адамдарға қамқоршы болуда, Қазақстан мемлекетінің заңдылықтарын Ата Заңымыз аясында әділетті қолдана білуде басшылық жасап, жеке құрамды, ұжымды тек алға бастады. Сол үшін де мен қиын-қыстау кездерде жаныңыздан табылатын аудандық полиция саласының қызметкерлерін, басшыларын сөз еттім. Бүгінгі айтқанымыз ертеңге таңсық. Өткенді білмей, бүгінге жете алмаймыз. Дүниеден озғандарға иман, тірілерге шарапат тілеп отыру – ақсақалдық парызымыз. Келешек ұрпақ білер өмір өнегесі.

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция подполковигі
23 маусым 2020 ж. 573 0