Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам саудасы – аса қауіпті қылмыс

Адам саудасы – аса қауіпті қылмыс

Бүгінде әлем жұртшылығын шошындырып отырған мәселе – адам саудалау қылмысы болып отыр. Жан түршігерлік осы бір қауіпті қылмыс қару-жарақ, есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұрғаны мәлім. Бұл дегеніңіз азғындықтың шектен шығып, қоғамға аса қауіпті кесапаттың дендеп кеткенін көрсетеді.
Негізінде бұл қылмыс арзан жұмыс күшіне деген сұраныстан басталып, жыныстық қатынас, еңбекке күштеп жегілу, құлдыққа сатылумен айқындалады. Құлдық құрығына жастар ғана емес, орта жастағылар, тіпті егде адамдар да ілініп кетіп жатады. Бала ұрлау фактілері де орын алуда. Әсіресе, ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы алдап-арбаудың түрлі айла-тәсілдері жүзеге асырылуда. Құқықтық білімнің таяздығы, сенгіштік, көнгіштік, әлеуметтік жағдайдың мүшкілдігі, психологиялық тұрғыдағы әлжуаздық, отбасындағы қорлық – осының бәрі орға жығып, адам баласын өкініш пен азапқа душар етуі әбден мүмкін.
Айта кетейік, Қызылорда станциясы ЖПб-не қарасты Шиелі станциясы ЖПб-нің қызмет ету аймағында 2020 жылдың 11-13 маусым аралығында адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын-алуға, жолын кесіп, анықтауға және ашуға бағытталған «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Адам саудасының барлық түріне құрбандарды бас бостандығынан заңсыз айыру, зорлық-зомбылық пен қорқыту тән екені мағлұм. Орны толмас қайғы-қасірет әкелетін адам саудасы кез келген елде кездесетін, айналымы миллиардтаған ақшаны құрайтын ұйымдасқан қауіпті қылмыс болып табылады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, әрбір адам сақтық шараларын естен шығармай, өзіне мықты болуы керек. Аталған шара «адам саудасы» деп аталатын қылмыспен қоғам болып күресу, тосқауыл қою, қауіптің алдын-алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор.

Г.ӘБДІХАНИ
14 маусым 2020 ж. 983 0