ЗАҢСЫЗ САУДА – ЗАМАН ДЕРТІ
Қазақстан Республикасы конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Міне, сол Ата заңымызда көрсетілген ең қымбат қазына – адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары үшін жағдай жасалуы тиіс.
Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязовтың төрағалық етуімен «Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі» аудандық комиссия отырысы өтті. Адам саудасы – есірткі мен заңсыз қару жарақ сақтаудан кейінгі саналатын ең үлкен қылмыс түрі.
Комиссия отырысына бөлім басшылары, аппарат қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сатуға байланысты аудандағы ахуал оның ішінде жезөкшелік, әсіресе, кәмелетке толмаған қыздар арасында фактілердің жедел алдын алуға және құрылыс немесе басқа да салаларда жұмыс жасап жатқан азаматтарды құлдыққа пайдалану фактілерін анықтау мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы аудандық ішкі істер бөлімі қызметкері Н.Әлтай баяндама жасады. Ол өз баяндамасында жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында аудан көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірім қыздар арасында жезөкшелікпен айналысу деректері және жеңгетайлық қылмысымен, адам саудасымен айналысу жайлы қылмыс деректері анықталмағандығын тілге тиек етті. Жалпы жыл басынан бері 1112 шетел азаматы еңбек күшіне рұқсат алған. Қазіргі күні аудан бойынша Өзбекстан Республикасынан келген 37 шетел азаматы құрылыс жұмыстары мен еңбек күшіне тартылып, құжаттар рәсімделіп, жұмыс атқаруда. Бөлімнің көші-қон қызметі бөлімшесінің және учаскелік полиция инспекторларымен еңбек күшіне келген әрбір шетел азаматтары уақытша тіркелген мекен-жайы бойынша тексеріліп отырғанын алға тартты. Бүгінгі күні еңбек күшіне келген шетел азаматтарын құрылыс саласы мен егіншілікте құлдыққа пайдалану деректері анықталмағандығын баяндады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша адамдарды заңсыз әкетудің, әкелудің және сатудың құрбандарын қорғау мен оларға көмек көрсету және мемлекеттік органдардың адам құқықтарын қорғау саласындағы қызметтері, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын ашу бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімдігінің кадр бөлімінің маманы Мереке Абитбаева сөз өрбітті. Сондай-ақ, адам саудасы құрбандары медициналық көмекке жүгінген кезде оларға сапалы көмек көрсетуді ұйымдастыруды қамтамасыз ету мәселелері бойынша аудандық амбулаториялық қызметі бар орталық аурухананың дәрігері Бақтыгүл Мұсағалиева бірқатар деректі алға тартты. Баяндамашыларға жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова келесі жылдан бастап ауыл-ауылдарды аралап, шет аймақтағы ауыл тұрғындарын осындай комиссия отырысына қатыстыра отырып, аталған тақырыпқа орай мониторинг жасалса, ауыл әкімдерінің есебінде де осы мәселеге байланысты ақпарат берілсе деген ұсыныс білдірді. Комиссия отырысының қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов тиісті мамандарға аталған мәселе бойынша тапсырма жүктеді.
Айнұр
НАЗАРОВА.