Аталарым, ем ғой бізге сендердің баталарың
Қазақта үлкендерден бата сұрау – ежелгі салт. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген қазақ халқының батаның киелігіне деген сенімі жатыр. Батаны көбінесе аузы дуалы кісілерден, жақсылардан, көп жасаған қариядан, атақты батырдан, шашасына шаң жұқпайтын шешеннен, арқалы ақындардан, ойшыл кемеңгерлерден елге еңбегі сіңген атақты, абыройлы, өмірде өзіндік із қалдырған ақсақал аталардан арнайысұрайтын болған.Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ бата беруге де, бата алуға аса мән берген. Қариялардың батасы болашаққа ақ жол ашатынын білген.
Көптен көңілде жүрген аудандағы екі атақты батыр атадан бата алу арманым еді. Сол арманның сәті енді ғана түсіп отыр. Бұл екі атамызды білмеген кісілерге таныстыру орынды деп есептеймін.
Біріншісі – Ұлы Отан соғысынан тірі қалған жалғыз солдат – Сәрсенбек Байжанов атамыз. Мамандығы – мұғалім, соғысқа қатысып, біздер үшін жанын да, қанын да аямаған ерліктері басылым беттерінде бірнеше рет жарияланған. Соғыста жеңіп қайтқан хас батырымыз соғыс біткен соң өмір бойы адамзаттың болашағы бала тәрбиесімен айналысқан. Қазіргі таңда 97 жасқа келіп отыр. Ал екіншісі – Серғара Ізтілеуов атамыз. Алғашқы жұмысын ішкі істер халық комиссариатынан бастап, өмір бойы ұлттың қауіпсіздік комитетінде жұмыс атқарған. Қызылорда облысының барлық аудандарында осы саланың басшылық қызметтерінде болған. Отставкідегі полковник. Бұл атамыздың бағбандық, диқаншылық, ақындық қырлары бір төбе. Бұл кісілермен сұхбаттың барысында байқағаным, өмір бойы ұстанған бағыттары Отанды сүй, халқына адал болу, тазалық, табандылық, еңбексүйгіштік қасиеттері, нағыз қазақ халқына ғана тән тектіліктері сөйлеген әр сөзінен сезіліп тұрады. Біздің жастарға болашақта керек қасиеттер осылар.
Қазақта «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген мақал бар. Сондықтан осындай атақты кісілерді жас ұрпаққа таныстыру, батасын алу бүкіл ауданға үрдіс болса екен деген ойым бар. Мұндай игі істерден жастарымыздың ой түйетіні, өмірге деген көзқарасы оң бағыт алатынына сенімім мол. Қазақта «Бағыңды бар кезінде бағала» деген нақыл сөз бар. Аталарымыздың өткен өмірін өз ауыздарынан естіп, қағазға түртіп, баталарын алып қалсақ, болашақ ұрпаққа үлкен пайдасы болары сөзсіз.
Әлияр Сейітов