Халықтың нанын емес, қамын жейтін жігіттер қайда екен?
Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», жазушы Нұрмахан Назымханұлының аудан айнасы «Өскен өңір» газетінің 12 мамыр 2020 жылғы №35 санында жарияланған «Жер-Ананың бүгінгі жарақаты ертең жамағатты жылатуы мүмкін» атты проблемалық мақаласын оқып, оның «Аудан әкімінің назарына» айдарымен берілгеніне редакция алқасына да риза болдым. Кешегі кеңес заманынан үлгі алар нәрселер көп еді. Қазақ даналығы «Сын түзелмей, мін түзелмейді» десе, коммунистік партия, яғни коммунистер газет бетінде жарияланған әр сыни мақалаға да аса зор мән беріп, бюросында қарап, еңбекшілер депутаттары сессияларында шешім қабылдап жататын. Кінәлілердің теріс іс-әрекеттері дәлелденсе, партия қатарынан шығарып, қызметінен босатып әшкерелейтін. Ондайларды тәртіпке шақырып, «Істейсің бе, міндетіңді жөндеп атқар» деп түзу жолға салып отыратын. Оның қорытындысы газет бетінде басылып, кім болса да ұялтатын. Бұл адамдарды қоғамшыл болуға, туған жерін, елін, Отанын сүйе білуге, атқарып отырған қызметіне адал болуға тәрбиелеген жетістігі, таптырмас әдісі, патриот кадр даярлаудың бірден-бір жолы саналатын. Ал қазір ше?
Үнсіздік. Жанашырлық танытып бірдеңе жазсаң мекеме басшылары, кент, ауыл әкімдері «Не, саған менің орным керек болып жүр ме, ала ғой» деп міндетсиді, өзіңді кінәлайды. Оның кемшілігін, өз қызметін дұрыс атқармай жүргендігін ешкім білуге тиіс емес секілді. Оны ақын-жазушылар, журналистер айтпаса, кім айтады? Бұрынғыдай ең болмаса халықтық бақылау деген де жоқ. Ақшасы барлар тайраңдап, сайраңдап, ойларына келгендерін істейтін қоғамның болашағы бұлыңғыр. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, қанша қу болсаң да, мемлекеттік қызметте жүріп біреудің атынан ЖШС құрып, кәсіппен айналыссаң, өзбектерге гектарлап қызанақ, қауын-қарбыз ектіріп, баюды ойласаң да халықты алдап, биліктегі қызметіңді мазаққа айналдырып жүргеніңді сезіп-біліп қояды екен. Мемлекеттік қызметкерлердің ар-ожданы заңмен бекітіліп, «Қыздай болып жүріңдер» деуінің де жөні бар. Қаншама мемлекеттік қызметшілер осындай жауапсыздыққа бой ұрып, қылмыс жасап сотталып, қызметтерінен қуылып жатқаны аян. Халық сенген мемлекеттік қызметші гектарлап күріш егіп жатса, кім болғаны? Онда олар бірыңғай кәсіпкерлікпен айналысуы керек. Биліктегі орнын босатуы тиіс. Жазушы, журналистер – қоғамның қозғаушы күші. Олар көрмейтін нәрсені көріп, сезбейтін жағдайларды сезіп қоятын сезімтал жандар. Ағартушы, ақын Ахмет Байтұрсынов «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаған.
Осыдан екі ғасыр бұрын ақыл-ойдың алыбы Абай атамыз «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол» дей келе, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп бәрімізге ескерткен сияқты. Сонда да қоймаймыз, қашан істі болып сотталғанша тоймаймыз. Қанағат жоқ. Рақымды ойға да алмаймыз. Пара алып ақшаға, пұлға, теңге мен тиынға дейін құныққандар, дәніккендер, жемқорлар ұсталып, сазайларын алып жатса да, айылдарын жияр емес. Жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдың басында ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жазған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Абайдың өсиет-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деп қазақ халқына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлеріне, мемлекетшіл азаматтарына жария салған болатын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруында» қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтылса, Президент Қ.Тоқаев «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы» деді. Сонда біздің санамыз Жер-Анамызды аялай білуге, туған жеріміздің табиғатын, өзіміздің көрікті, сүйікті Шиелінің әсемдігін сақтап қалуға, оған жауапты басшылар мен қоғамдық ұйымдардың жанашырлық танытуына жетпегені ме? Әлде оған жан азығымыздың, рухани азығымыздың аздығы себеп пе? Мақалада жазылған көріністен кейін жауапты кісілерге бірнеше мәрте ескерткеніне қарамастан жазушыға пысқырып та қарамауы, елемеуі кенттегі мемлекеттік сапалы қызметтің жоқтығын аңғартады. Өз кезегінде бұл мемлекеттік қызметте бәсекеге қабілетті, білікті мамандардың жоқтығын «Туған жердің құстарын да сыйладым» дейтін жанашыр азаматтардың болмауын, жалпы қызметкерлердің жауапсыздығын, салғырттығын көрсетті. Шиеліге неге жазушының жаны ашып, мемлекеттік қызметкерлердің жүрегі сыздамауы керек?
Жер – аудан тұрғындарының ырысы. Оған қамқорлық жасау, бұзақылардан, зиянкестерден, ашкөздерден, қылмыскерлерден, пайдакүнемдерден, санасыздардан қорғау – баршамыздың парызымыз. Біздің азаматтық ұстанымымыз жеке басымыздан гөрі мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына қызмет жасағаны дұрыс. Қазақта «Табиғат – төл бесігің» деген қағида бар. Бұл әрқайсымыздың мекен ететін жеріміздің тауы мен тасын, топырағы мен суын, жыңғылы мен шеңгелін, сексеуілі мен жидесін, құсы мен аңын, ауасы мен даласын көздің қарашығындай сақтап жүріңіздер, естеріңізде болсын деген сөз. Нұрмахан жазғандай, жерді қопарып, шұңқырға айналдырып, күл-қоқыс орнына айналдырғанымыз тіпті ұят. Оның ескертпелеріне құлақ аспай, шара көрудің орнына жазушыны келеке жасауы – биліктегі інілеріміздің мемлекетшіл бола алмай жүргендіктерінде деп топшыладық. Бір ақын айтқан екен. «Ақымақ әкем алған ба, ақынның тілін бір рет» деп. Сондай-ақ осы жағдайларды қадағалайтын табиғат қорғау орындары – экологтар, жер бөлімі, кент әкімдігіндегі бауырларымыз «Жері байдың елі бай», «Ел мен жер егіз», «Ауылым – алтын бесігім», «Көп қайда болса, Құдай сонда» деген қазақтың нақылдарын білмеулері мүмкін емес. Қазір біраз жігіттердің мейманасы тасып, дандайсып жүр. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, мемлекеттік қызметтегілер абайлап сөйлеп, ең қу құс сауысқандай сақ болып, халқына адал қызмет жасаулары тиіс деп ойлаймыз. Олар халықтың арқасында солардың қаражатымен штаттық кестеге ілігіп отырғандарын ұмытпағандары абзал. Не болғанда да соғыс болсын, жаман індет коронавирус болсын, мемлекетшіл адамдар қара халықтан жиіркенуге құқылары жоқ. «Халық – Құдайдың бір аты» болса, оған тіл тигізу – күнәқарлықтың, көргенсіздіктің нышаны.
Әркезде «Елің – панаң, жерің – анаң». Көбіміз бүгінгінің ертеңі бар екенін ұмытып жатамыз. Халқын, елін жақсы көріп, сүйіп өткен арыстарымыз Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Әлихан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Жұмабек Тәшенов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Шахмардан Есенов, бүгінгі Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділовтардың жер дегенде, ел дегенде жанын берген, жанын аямайтын өнегесін бүгінгі жастарымыз да бойларына қуат етсе, теріс емес. Шиелі өңірі экологиясының тепе-теңдігінің бұзылуына, аймақтың флорасы мен фаунасының тосын жағдайға ұшырауына жол беруге болмайды. Өйткені, мұнда өзіміз тұрамыз. Қайта өзіміз өмір сүріп отырған жеріміздің табиғатын жасыл желекке бөлеп, төзімді, сәнді ағаштар мен өсімдіктер, гүлдер егіп, көгалдандырып, ауламызды, кентімізді абаттандырып отырсақ, бізге кім ұрсады, қуанбаса? Бұған әрине, қоғамдық ұйымдар мен кент көше комитеттерінің пейілі, ынсабы, ұяты, ынтасы мен жігері қажет-ақ. Марқұм Сейілбек Шаухаманов ағамыз өмір бақи «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деп кетті емес пе? Сол кісі «Көп ақымақтың ағасы болғанша, көп ақылдының інісі болайық» деп отыратын. Көпке топырақ шашпайық. Аудан көлемінде еліне, халқына адал қызмет жасап жүрген жігіттер де, жігіт ағалары да аз емес. Біреуге жағар, біріне жақпас, өзім білетін, еңбегін пұлдамай, жұртты алдамай азаматтық танытатын Дана Аман, Тұрмағанбет Жағыпбаров, Насыр Мырзабеков, Мейрамхан Дүйсенов, Исабек Байкенжеев, Дәулет Жұмбеков, Нәсіпбай Дүйсенов, Мәден Әлжанов, Асқар Бердібеков, Оразәлі Байділда, Балтабай Қошқаров, Мұрат Әшірбеков, Серік Мүліков, Нұрболат Пірімбет, Пернебай Күзембай, Бауыржан Көпеев, Ербол Жеңсікбаев, Аятжан Есжанов, Хамза Шәкіртаев, Әріпжан Ботаев, Құттықыз Ыханова, Нәйла Палымбет, Нұрлан Әмір, Кенжебай Жүсіп, Мақсат Әбу т.б. секілді Шиелінің ат үстіндегі шамшырақтарын ауызға алсақ, ешкім ренжи қоймас. Біз бұларға «Әркімнің шыққан тауы биік болсын» дейміз. «Пікіріңді» жұрттың ең соңында айт, қателеспейсің» демекші ойымды ортаға салдым. Сын емес, ақыл-кеңес айтқандай болдым. Дұрыс нәрсені дұрыс, бұрысты бұрыс деп отырмасақ, қоғамға, алға жылжып бара жатқан қоғамға, ұрпағымыздың болашағына қиянат жасағанымыз. Сын мақаланың жазылуы заңдылық. Сондықтан осындай газетке жазылған ордалы мәселелерге аудан әкімі де назар салып, талап қойып отырса, мемлекетімізге, ауданымызға, тұрғындарымызға пайдадан, жақсылықтан басқа ештеңе, сөз де, әңгіме де тумас еді. «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді» дегенді бүгінгі қадірлі молда, имамдарымыз бізден жақсы біледі. Тағы да ұлы Абайға жүгінеміз.
«Мен болам демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Үйткен адам жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға» дейді.
Президентіміз Қ.Тоқаев әлгі мақаласын тектен-тек жазбаған екен. Мемлекеттік қызметкерлерге сабақ болсын, данышпандардың сөзі ғибрат болсын деген шығар. Туған жеріміздің, Сыр маржаны – Шиелінің мазасын алып, берекесін қашырмайық, достар! Көне қыпшақтың ескерткішіне «Елді қан шығармай биле» деп жазып қойыпты. Жер – халықпен жер, халық – жермен ел. Елдің арқасында – қызметкерлер. Солай емес пе?
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі