Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тиымға тиылған ұлт адаспайды

Тиымға тиылған ұлт адаспайды

Кез келген ұлттың мұраты өркениет көшінің алдыңғы сапына ұмтылумен өлшенеді. Бұл жолда тарихтан тағылым алып, бүгінін зерделеп, болашағын бағдарлай білген ел ғана діттеген межесіне жетеді. Бүгінгідей сан алуан мәдениет пен технология тоғысқан жаһандану заманында біздің алдымызда ұлттық сананың өрісін кеңейтіп, рухани кемелдене түсу міндеті тұр. «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөздің парқын осындайда түсінеміз. Құндылықтарымызды сақтай отырып, санамызды сілкіндіру, жадымызды жаңғырту – әлемдік өркениет кеңістігінде жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі.
Ұлтымыздың ұлы ұғымдары, қастерлі қасиеттері аз емес. Соның бірегейі – қазағымның тыйымдары. Қасиетті Рамазан айында жаман әдеттен тиылып, жақсылыққа ұмтылатын пенденің жадында жүрер тиымдар көнермесін деген ниеттен туындаған тақырып бұл. Жақсыға жақын жүр, пенделік қылықтан бойыңды да, ойыңды да аулақ ұста, адамдықтан кетпе, адалдықты сақта, соны серік ет, одан кетсең надандықты қойып, айуандықтың күйін кешесің дейтін кешегі күннің естілері. Осындай кісілік пен кішілікті ұқтырар ұғымның арғы жағында кемел бол, кең бол, кем болмайсың, үлкенді танып, кішіге қарайлассаң, теріс мінезден аулақ жүрсең қарғаға тән күйкілік қалып, ертең-ақ қыран тірлікпен самғайсың деген ғаламат ғақлия жатқанын ұмыт қалдырып алмадық па? Қатаң тәртіпке баулитын қазақтың тиымдары жиі айтылмай жүргенінің әсері ме, беттен алып, жағаға жармасатын қызба мінезділер көбейіп кетті.
Қазақ тыйымдары – асыл қасиеттерді танып-білуге арналған бабалар өсиеті, тәрбие құралы деуге тұратын құндылық. Әр сөздің астарында том-том кітапқа татитын керемет қағидалар бар. Мысалға жүгінелік: «Үлкеннің алдын кеспе, адамды айналма, кемтар адамға күлме, үлкеннің жолын кеспе, жақсыдан тәбәрік ал, жақсылығы тиеді, анаға зекіме, азабын тартасың, барды жоқ деме, барың жоқ болады» – осылай кете береді. Мұндағы айтпағымыз не? Біз қазақ тиымдарын халық білмейді деуден аулақпыз. Алайда, сол білетін дүниелерді өскелең ұрпаққа үйретуді ұмыт қалдырмасақ. Өйткені, бабалар үлгісіндегі тыйым қарғадайымыздан жанымызға дарып, ойымызға қонбаған соң ба, көп мән бере қоймайтынымыз ақиқат. Шынына келсек, тыйымдардың түп-тамырында тәрбиелік қағидалармен қатар, темірдей тәртіп те жатыр. Ол заңмен, оның сан тарау бабымен емес, қысқа да нұсқа түйінімен түйінделген.
Бұл күндері бала санынан жаңылатын отбасылардың қатары кемімесе көп емес. 2-3 баланың бетіне қарап, ығына жығылғаннан артыққа уақыт таппай жатамыз. «Қызға қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым» дегенді елемей, оны айтатын ана мен әке күнкөрістің қамымен кетіп, қыздың түздегі қылығынан хабарсыз қалуда. Соның салдарынан жаман атқа ілінген бұрымдылардың да қарасы артты. Бұл біз бен сізден кеткен ағаттық. Алдыңғы толқын өзінің айбынымен көрініп, бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық тыйыммен тәрбие беріп, тәртіпті жолға сала алмаса, жас шыбықтың бір жағына қарай бұрала өсуі табиғи құбылыс демес­ке шараң қайсы?
Тобықтай сөздің түйіні қазақ тыйымдарындағы тәрбие мен тәртіпке шақырған қағидаларды көкейімізде жаңғыртып, онда кие мен құттың барын ұғуға ұйысады. Қай-қайсымыз да: «Үйге оң аяғыңмен кір, құт қонады; ұрлық, зорлық қылма, құрдымға кетесің; баланы шошытпа, атқа теріс отырма; адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып табылады; ас ішіп болған соң «тойдым» деме, қанағат де; босағаны керме, табалдырықты баспа...» басқа да халықтық қағидатқа ден қойсақ, ұлтты ұлт ететін өзгенің өзімшілдігі, әлем-жәлемі емес, өз құндылығымыз десек, қане. Тыйымға тыйылған, құндылықты құнттаған ұлт адаспайды, жолынан ауытқымайды. Елімізде жарияланған төтенше жағдайдың салдарынан пенде біткен төрт қабырғаға қамалып, бір шаңырақ асытанда басымыз түгел бірікті. Олай болса жаман дерттің өзін игілікке жаратар қазақылыққа салып, қасиетті айда рухани азық боларлық тиым­дарды ұрпақ жадына сіңіріп, тәртіпке үйретейік.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
28 сәуір 2020 ж. 811 0