Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » әскерилер марапатталды

әскерилер марапатталды

Ел басына күн туғанда алдыңғы шептен көрінетін әскери қызметкерлердің жұмысы уақытқа бағынбайды. Олар күн қызарып атқаннан, қою қараңғылық түскенге дейін еңбек етеді. Болат құрыштай бекем, темірдей төзімді бұл қызметкерлер елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауды басты мақсат деп біледі. Сол себепті олар құрмет көрсетіп, төрден орын беруге әбден лайық.

Жаһанды жайлаған жұқпалы індет шыққанда медициналық қызметкерлерден бөлек, әскери жасаққа да жауапкершілік артылды. Мемлекет басшысы ғана емес, қазақстандықтардың барлығы қоғамның тыныштығын сақтаушыларға сенім білдірді. Ақ халатты абзал жандар адамдарды ажалдан арашалап қалса, сайдың тасындай қатар тізілген әскери мамандар тыныштық пен тазалықты қамтамасыз етті. Тіпті өз өмірлерін қатерге де тікті. Демек әскери қызметкерлердің еңбегі бағалануы тиіс.
Өкініштісі, төрткүл дүниеге таралған дерт Шиелі ауданын да айналып өтпеді. Вирустың таралуына тосқауыл қоятын бірден-бір амал тазалық болатын. Сондықтан өңір басшысы жылдам шешім шығарып, жүйелі жұмысқа кірісті. Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау және қамтамасыз ету мақсатында 25 адамнан құралған арнайы әскери жасақ келді. Олар Тараз қаласында орналасқан нөмірі 22534 ә\б химиялық батальонының және Қызылорда қаласындағы нөмірі 66594 әскери бөлімдерінің қызметкерлері. Осы әскери жасақ Шиелі кентіне және ауылдық округтерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.
Мемлекеттің басты байлығы саналатын адамды аман алып қалу жолында аянбаған Қызылорда қаласындағы нөмірі 66594 әскери бөлімінің қызметкерлері 14 сәуір күні өз жұмыстарын аяқтады. Сәйкесінше Шиелі ауданы әкімдігі әскери жасақтың жүйелі жұмысына ризашылығын білдіріп, ізгі ниетін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Болат Смағұлов залалсыздандыру жұмысын жоғары деңгейде атқарып, тұрғындар қауіпсіздігіне үлес қосқаны үшін әскери жасаққа алғыс хат табыстады.
– Халық пен әскер бір дегендей біздің мақсатымыз бен істеп жатқан жұмысымыз да бір. Бірлесе қызмет атқарған сіздерге де ұжымның атынан алғыс айтамын. Жаһанды жайлаған індет ертерек ауыздықталуына тілектеспін, – деді өз кезегінде подполковник Тимур Батыршаев.
Әкімдік әскерилерді марапаттаған соң, жасақ Қызылорда қаласына қарай жол тартты. Бірақ аталған әскери бөлімнің бөлім командирінің орынбасары Т.Батыршаев кез келген уақытта Отанға қызмет етуге даяр екенін жеткізді.

М.БОЛАТҚЫЗЫ
18 сәуір 2020 ж. 568 0