Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев өмірден озды
Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев 81 жасында өмірден өтті, - деп хабарлайды Vesti.kz Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап. Сұлтанғали Қаратаев 1936 жылы 23 маусымда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1970-80 жылдары Қазақ радиосында шолушы әрі диктор болып жұмыс істеді, сондай-ақ, телевидение саласында да біраз қызмет еткен. Белгілі спорт комментаторы Владимир Толчинскиймен бірге жұмыс істеген. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматының Орталық стадионынан тікелей эфирде алғаш рет қазақша сайратқан Сұлтанғали Қаратайұлы еді. Оның спорт репортаждары әлі күнге дейін алтын қорда сақтаулы тұр. Сұлтанғали Қаратаевтың бүгінде қазақ комментаторлығына қажетті көптеген термин сөздерді де енгізгені жасырын емес. Мәселен, "Айып алаңы", "Оң қаптал", "Сол қаптал", "Қосалқы құрам" тағы басқасы да бар. Бүгінде сол сөз тіркестері жиі қолданылады. Сұлтанғали Қаратайұлының спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Сонымен қатар, бірнеше тарихи-танымдық мақалалары мен аударма еңбектері де жарық көрді.
Kaz.tengrinews.kz