СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Талдықорғандағы Салтанат сарайында кезекті салтанатты шара өтті. Қалыптасқан дәстүрге сай өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылған спортшылар мен жаттықтырушылар және спорт журналистері марапатталды.
Шара басталар алдында жиналғандар назарына өңірдегі дене тәрбиесі мен спорт саласының дамуын баяндайтын деректі фильм ұсынылды. Одан кейін спорт саласының сайыпқырандарын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.
Жалпы, ел спортында жетісулықтардың алатын орны ерекше. Жекпе-жек спорт түрлерімен бірге командалық ойындарда да біршама жетістіктеріміз бар. Волейболдан қыздарымыз ел құрамасының негізін құраса, гандбол мен регбиде, көгалдағы хоккейде де біраз биіктерді бағындырдық. Футболшыларымыз бір жылдық үзілістен соң премьер-лигаға қайта оралды. Қазақтың оң жамбасына келетін бокс, күрес сияқты жекпе-жек спорт түрлерінен әзірге ешкімге дес бере қоймасымыз анық. Соның арқасы болар, өткен жылы жетісулық спортшылар республикалық, халықаралық жарыстарда барлығы 1345 жүлдеге қол жеткізсе, оның ішінде 495 алтын, 372 күміс және 478 қола медаль бар. Осы кезеңде 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 132 спорт шебері, 698 спорт шеберлігінен үміткер және 381 бірінші разрядты спортшы дайындалыпты. Былтыр «Жетісу» футбол клубы, «Бесарыс» көгалдағы хоккей клубы ел чемпионаты мен халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетті. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында «Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі» КММ ретінде қайта құрылған облыстық спорт клубының спортшы-параолимпиадашылары да жетістіктерімен қуантты.
Бірінші кезекте жыл қорытындысында алдан көрінген спорттық мекемелерге құрмет көрсетілді. Одан кейін үздік спортшылар мен жаттықтырушылар, Жетісу жерінің спортын насихаттап жүрген журналистер мен блогерлер ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы