Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс айтуға арналған шара

Алғыс айтуға арналған шара

Жуырда Еңбекші ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Алғыс айту – парызым» атты іс-шара өтті. Шараның негізгі мақсаты – үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді өскелең ұрпаққа насихаттау. Алғыс айтуға арналған кешке ауыл ақсақалдары, жас мамандар және жеке кәсіпкерлер қатысты. Шара барысында ауыл ардагерлері Б.Әбдіжапбаров, М.Бекхожаев, О.Керімбеков, Ұ.Бәтішовалар алғаусыз ақ тілегін айтып, жастарға сенім артатынын жеткізді. Сондай-ақ жас буынның болашағына қажетті өнегесі мол өсиетті де тілге тиек етті.

Кеш әрмен қарай «Тау гүлі» әжелер ансамблінің «Беу, айдай», «Еркем-ай» әндерімен жалғасты. Бұдан бөлек ақ жаулықты әжелер «Смуглянка» әнін де нақышына келтіріп орындады. Әсем әннен кейін ауыл әкімі Б.Омаров пен ауылдық мәдениет үйі директоры Д.Дүйсахметов жеке кәсіпкерлерге демеушілік көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Айтулы шарада балдан тәтті балалар да тыс қалмады. Өнерге қарлығаштың қарақанат балапанындай қанат қаққан бүлдіршіндер өз өнерін ортаға салды. Осылайша ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Шырқа» ән үйірмесі, «Балауса» би үйірмесі және «Балдәурен» көркемсөз оқу үйірмелерінің мүшелері көптің ықыласына бөленді. Шара соңында мәдениет үйі қызметкерлері ақсақалдардың батасын алып, оларға сыйлық үлестірді.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ

11 наурыз 2020 ж. 551 0