Әйелдерді шаттыққа бөлеген шаруашылық
Нәзікжандылар қауымы асыға күтетін халықаралық әйелдер мерекесі жыл сайын ерекше тойланады. Әр азамат анасының, жарының, апа-қарындастарының, әріптестерінің құшағын гүлге толтырып, қуантатын да осы күн.
Ақмая ауылындағы «Ақмая» шаруа қожалығында да жылда 8 наурыз күні қыз-келіншектерге ерекше сый-құрмет көрсету дәстүрге айналған. Мереке қарсаңында ауылдағы мектеп, емхана қызметкерлері мен кәсіпкерлік, мәдениет салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар нәзікжандыларға шаруашылық басшысы Дәулет Жұмбеков жылы лебізін білдірді. Елді мекеннің дамуына, халықтың сапалы өмір сүруіне үлес қосуда аянбайтын аруларға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Махамбеттің құттықтау хатын табыстады.
Содан соң ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетовпен шаруашылық басшысы Дәулет Жұмбеков биыл 93 жасқа келген Зинарап Тәжібаеваның, 87 жасқа толған Александра Ким және 80-нің сеңгіріне шыққан Клара Құрымбаеваның шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтап, гүл шоғы мен сый-сияпат жасады. Ауылдың данагөй ақ жаулықтылары қос азаматқа алғысын айтып, баталарын берді.
Сондай-ақ мереке қарсаңында шаруашылық атынан ауылдағы зейнет жасындағы 200 ақ жаулықтыға арнайы сыйлық табысталды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ