Қоғамдық қабылдау өтті
Бейсенбі күні «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындардың көкейіндегі мәселені облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов, облыстық мәслихат депутаттары Райхан Ысқақова мен Қалмырза Қасымов және «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының орынбасары Патима Маханбет тыңдады.
Тұрғындар түрлі мәселе бойынша арыз-шағымдарын айтып, өтініштерін білдірді. Мәселен, Алмалы ауылының тұрғыны кейуана көмірмен қамтамасыз етуді сұраса, шиелілік 45 жастағы азамат жұмыссыз екенін айтты. Ал тағы бір ақ жаулықты ана сексеннің сеңгіріне шыққан апасының әлі күнге дейін құжатсыз жүргенін айтып, облыстық мәслихат депутаттарынан жәрдем сұрады.
Қабылдау өткізген депутаттар тұрғындардың шағымын жауапсыз қалдырмай, тиісті шаралар қабылдайтындығын жеткізді. 1 аптаның ішінде көмір сұрап келген кейуананың мәселесі шешімін табатын болды. Ал жұмыссыздықтан арылғысы келетін азамат пен құжатсыз қалған ақ жаулықты анаға мамандар бағыт-бағдар берді.
М.БОЛАТ