Өнеріме ешкім кедергі еткен емес
Мереке қарсаңында аудандық «Халық» театрының жетекшісі, мәдениет саласында өзіндік орны бар, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Жан дауа» спектаклінің қоюшы режиссері, көпбалалы ана – Меруерт Жомартовамен сұхбаттасқан едік. Өнерде де, өмірде де өз орнын тапқан, мақсаты айқын, арманы асқақ өнерпазбен болған әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жақында ғана «Жан дауа» спектаклін сахналадыңыз. Қойылымды тамашалаған көрермен түгелдей дерлік риза болды. Дәл осы спектакльді таңдаудың қандайда бір себебі бар ма?
– Енді бір үлкен себебі бар деп айта алмаймын. Бірақ «Жан дауа» спектаклін таңдаған негізгі себебім – қойылым жастардың есірткіге әуестенуі, жеңіл жүріске салынуы сияқты біздің қоғамда болып жатқан үлкен проблеманы суреттейді. Осындай қасіреттен зардап шегіп отырған біз білмейтін қаншама отбасы бар. Әке мен ананы сыйламайтын ұл, бетімен кеткен қыз. Міне, осылардың барлығы бір сағаттық қойылымның ішінде тоғысып жатты. Егер біздің қойылымға көрермендер риза болып жатса, біз олардың жүрегіне жеткізе білдік деп ойлаймын. Спектакльде ойнаған әрбір әртіс өз образдарын барынша жүрекпен жеткізуге тырысты. Менің тарапымнан айтылған сынды көтере білді. Мұндай қыз-жігіттермен қандай қойылымды сахналасаң да дәл осылай жоғары деңгейде өтетініне сенімім мол.
– Шыны керек, көпшілік тек мерекелік шаралар мен жиын-тойларда ғана көретін аудан өнерпаздарының халыққа мұншалықты сапалы дүние жеткізеді деп ойламағаны рас. Себебі, бұған дейін бірең-сараң болмаса тура осындай жоғары деңгейдегі туындылар көп бола бермейтін. Неліктен деп ойлайсыз? Бәлкім аудан өнерпаздарына лайықты жағдай жасалмай жатқан болар?
– Сенім білдіріп, көрермен ретінде оң баға беріп жатқандарыңызға рақмет. Негізі біз бұған дейін де махаббат, дін тақырыптарында және батырлардың шығармаларын сахналап, көрерменнің оң бағасын алған болатынбыз.
Спектакль қою оңай шаруа емес. Декорация, әртістер құрамын сахналау, мәтінді жаттау, т.б. Оның сан түрлі қиыншылығы бар. Оның үстіне спектакль қою белгілі бір уақытты (мүмкін 4 ай, 6 ай, 1 жыл) талап ететін өнердің қиын түрі. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Осы қойылымды сахналағанның бәрі дерлік әншілер. Олардың жүрегі өнер деп соққан соң, осындай дүние шығып отыр. Сол себепті мен өзім жұмыс істеп жатқан ұжымға үлкен алғысымды білдіремін.
– Алдағы уақытта да осылай көрерменге керемет көрініс сыйлауды жалғастыра беретін боларсыз?
– Мүмкін, әлі де қойылымдар қойылар. Жоғарыда айтқанымдай, бір сағаттық спектакльдің өзі қаншама күш пен үлкен дайындықты қажет етеді. Бірақ алдағы уақытта көрерменге талай құнды дүниелер ұсынамыз деп ойлаймын.
– Қателеспесек, сіз сонау Абайдың туып-өскен жерінде, Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келгенсіз. Алғашқыда Шиеліні жатсынбадыңыз ба?
– Иә, мен Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақши ауылында дүниеге келгенмін. Көпбалалы отбасынан шықтым. Әжеміз «Әр жердің салты басқа, иттері қара қасқа» деп айтып отырушы еді. Осы жерде есіме түсіп отыр, «Қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ», «Қыз жат жұрттық» деген де бар. Маған осы киелі Шиелі жерінен несібем бұйырған шығар.
Бір-бірімізді сүйіп қосылған адамым жанымда, келін боп түскен жерім қыздарындай қарсы алды. Отбасым менің жаңа ортаны жатсынбай, тез сіңіп кетуіме үлкен септігін тигізді. Екінші анам, яғни енем үлкен қолдау көрсетті. Былайша айтқанда, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, маған анамның орнына ана бола білді. Міне, осыдан кейін қалай жатсынасың? Мен бұл үшін ең бірінші Аллаға, екіншіден, осы Шиелідегі анама алғыс айтамын.
– Өнер саласына қалай келдіңіз?
– Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде Роза Рымбаевадай сахнада ән салсам, Әмина Өмірзақова секілді киноға түссем деп армандайтынмын. Бірақ Роза апамдай дауысым болған жоқ. Мектепте жүргенде сахнаны бермейтінмін. Содан 11 сыныпты аяқтап, арман қуып Алматы қаласына бардым. Бірден Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға тапсырдым. Ол жерде Асанәлі Әшімов ағамыздың алдында емтихан тапсырып, өте жоғары балмен драма театры және кино актриссасы мамандығы бойынша қабылдандым. Міне, өнер жолым осылай басталды. Академияны үздікке бітіріп, өмірлік жарым Айдостың қолынан ұстап, Шиеліге келген жайым бар. Содан бері аудандық мәдениет үйінде жұмыс істеп келемін.
Осы уақыттың ішінде көптеген байқауға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. 2015 жылы облыстық «Бұрымды ару» байқауының бас жүлдесін жеңіп алдым. Облыс, аудан әкімдерінен алған марапаттарым өз алдына. Қазіргі таңда Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Халық» театрының жетекшісі болып жұмыс атқарамын.
– Сіз үшін аудандық деңгейдегі өнер жолыңыз шығармашылығыңызға шектеу болмай ма? Республикада, белгілі театрларда еңбек етіп, киноға түсуді армандайтын шығарсыз?
– Менің өнерімді жандандыруыма ешкім кедергі еткен емес. Ал шығармашылығымды осы Шиеліде де шыңдауға болады деп ойлаймын. Мен өзімді де, өмірімді де Шиеліге арнаған жанмын десем артық болмас. Сол себепті де осы жердің мәдениетін көркейтуге шамамның келгенінше үлесімді қосқым келеді.
– Шығармашылық адамының еңбек жолы оңай емес. Әйел затына тіптен ауыр деуге болады. Оның үстіне тойға шығып тұрасыз. Отбасыңыз бар дегендей. Барлығына қалай үлгересіз?
– Өзіңіз айтқандай, өнер жолы әсіресе, әйел затына өте ауыр. Бұл жерде барлығына үлгеруім өмірлік жолдасымның арқасы деп айтар едім. Ол мені барлық жерде қолдайды, ақылын айтады, жол көрсетеді, бастысы сенеді. Сенім бар жерде адамның алмайтын қамалы болмайды деп ойлаймын. Иә, тойға шығып, өнер көрсететінім бар. Ол да менің балаларымның несібесі шығар...
Қалай үлгересіз дейсіз бе? «Әйел – қырық шырақты» деген, менің де үлгермей жататын кездерім болады. Ондайда жақындарым қол ұшын созады. Мен өзімді бақытты әйелдер қатарына қосамын. Әрине, Алла көптік етпесін, адал жарым, төрт перзентім, әке орнына әке, ана орнына ана бола білген жанашырларым бар.
– Үнемі күліп жүресіз. Жалпы күйзеліс, қиындыққа қалай төтеп бересіз?
– Шүкір, өмірімде айтарлықтай күйзеліс болған емес. Қиыншылық, ауыртпалықтар болды. Адам болған соң проблемасыз болмайды ғой. Ылғи төрт құбыласы түгел болып жүрсе де қызық емес шығар. Өмірдің мәні де осында деп ойлаймын. Алланың жіберген әр ауыртпалығының артында бір жақсылықтың барына сенемін. Оның барлығын күліп қарсы алып, дұрыс қабылдау керек. Негізі өмірде өте көңілді адаммын. Айналамдағыларға күлкі сыйлағанды жақсы көремін.
– Осыдан он жыл бұрынғы Меруерт қандай еді? Қазіргі қандай және енді он жылдан кейінгі Меруертті қалай елестетесіз?
– Он жыл бұрынғы Меруерт дейсіз бе? Ол Меруерт – сәл аңқау, жас, әдемі, ғашық, алға қойған мақсаттары айқын, жас келін, жас ана. Дәл қазіргі Меруерт – Шиеліге сіңген, төрт баланың бақытты анасы, адал жар, сүйікті әйел. Дәл қазіргі уақытым – нағыз шаршамай, талмай, еңбек ететін кезім деп ойлаймын. Ал енді он жылдан кейінгі Меруертті мәдениет саласына еңбегі сіңген, шәкірттер тәрбиелеп, көптеген жастарды жақсы бір бағытқа баулыған ұстаз деп елестетемін.
– Бүгін халықаралық әйелдер күні мерекесі. Аруларға, әйел-аналарға лебізіңізді білдірсеңіз болады.
– Шиелі ауданының барлық аналарын, қыздарын 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Отбастарыңызға бақыт, шаттық тілеймін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!
– Уақыт бөліп, шынайы әңгімелескеніңіз үшін рақмет. Сізге де шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ