Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда театры Шотландиядағы өнер фестиваліне қатысады

Қызылорда театры Шотландиядағы өнер фестиваліне қатысады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры үстіміздегі жылдың тамыз айында Шотландия астанасы Эдинбург қаласында өтетін «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.             Өнер ұжымы фестивальде қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклін ұсынады.     
Халықаралық «Фриндж» («Fringe») фестивалі 1947 жылдан бастап жыл сайын тамыз айында Шотландия елінде өткізіліп келеді. Әлемде ең жоғары деңгейде өтетін өнер фестивальінің бірі болып табылады. Фестивальге әлемнің 50 мемлекетінен 50 мыңға жуық өнерпаз қатысады. Олар 3 мыңға жуық қойылым көрсетеді.
«Ақбаян» спектаклін режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір қойған. Көркемдеген суретші - Нұркен Қалымбетов. Спектакльде ойнайтын артистердің басым көпшілігі - жастар.
Махаббат хикаясына толы елу минуттық қойылымда - бесікте аттастырылып, бірақ жолдары екіге айырылған, он жеті жылдан соң қайта жүздескен қос ғашықтың тағдыры суреттеледі. Бір-бірін көруге ынтық жүректер қайта табысады. Алайда, олардың қосылуына кедергі бар. Бірі - қалайда дүниесін толтыруды көздеген қыз әкесі - Қарабай. Екіншісі - Баянға ғашық, тек күшіне сенген Қодар. Спектакльде қазақтың ұлттық биі орындалып, асық, арқан-тартыс секілді ұлттық ойындар ойналады. Қойылымның өне бойынан қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері көрініс табады.
«Қазақтың ұлттық мәйегі мен мәдени құндылығы тоғысқан «Ақбаян» спектаклімен әлем сахнасына жол тартып, барша қазақ өнерінің жүгін арқалаған Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театры үшін бұл - үлкен тарихи құбылыс және мәртебелі міндет болып табылады», - дейді театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір.
Сонымен қатар театрдың шығармашылық құрамында жастар труппасын, қуыршақ тобы мен драмалық ұжымды қосқанда барлығы 50-ге жуық артис қызмет етеді. Театр 63 жылдық маусымында бес мемлекетке үлкен гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатты. Оның ішінде, Татарстан, Түркия, Әзербайжан және Ұлыбритания еліндерінде өткен өнер додаларына қатысып, үлкен жетістіктермен оралған болатын.
Источник: https://www.inform.kz
24 шілде 2018 ж. 1 573 0