Жасампаз елдің – өнерлі жастары
Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімінің қолдауымен, «Шиелі-Бірлік» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогіне «Жайдарман» фестивалі өткен болатын.
Аудан әкімінің кубогін ұтып алуды мақсат еткен біздің жастар өнерге шабыттанып, қанаттанғандай болды. Соның бір айғағы – «Жайдарман» фестивалінің бірінші кезеңінде «А тобы» аудан жастары және «Б тобы» болып, білім бөлімінен сегіз команда қатысып, соның ішінде 21-бекеттегі №243 негізгі орталау мектебінің «Шағын» тобының жастары жүлделі І орынға ие болды.
Артынша ізін суытпай, «Жайдарман» фестивалінің екінші кезеңі де өтті. Екінші кезеңге аудан көлемінен «Байсын қазақтары», №207 орта мектеп, «Телікөл құрамасы», «Бірлестік ауылы», «Шиелі жастары» және №243 негізгі орталау мектептен «Шағын» тобы бақ сынасты. Жастар өз өнерлерін ортаға салып, залдағы отырған көрермендерді күлкіге кенелтті. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Талғат Бөпежанов, аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Елдос Жүсіп, «Жастар ресурттық орталығы» КММ директоры Айдана Маманова және осы орталықтың кеңесшісі Ынтымақ Қаппаров, аудандық мәдениет үйінің жанындағы халық театрының режиссері Досхан Ерболат әділ бағасын берді. Жүлделі бірінші орынды және аудан әкімінің кубогі мен қаржылай сыйлығын 21-бекеттегі №243 негізгі орталау мектебінің «Шағын» тобы иеленді.
Топ құрамында өнер көрсеткен мектеп мұғалімдері Қасым Сәрсенбаев, Талғат Жұмабайұлы, Аман Маханбетов, Ернұр Бейсембаевтар жеңіспен оралды. Иә, «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қағиданы тағы да растағандай болды.
Жанна Қуандықова,
№243 негізгі орталау мектеп директоры.