Жанарды жасқа толтырған «Жандауа»
Сәрсенбі күні аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудандық мәдени-шығармашылық орталығы жанынан құрылған «Халық театры» ұжымының ұйымдастыруымен театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Жанұзақовтың «Жандауа» атты 2 көріністі психологиялық драмасы сахналанды.
Есірткі. Ессіз бала. Қиқар қыз. Үлкен қалаға арман қуып, жоғарғы оқу орнына түскен жалғыз ұл мен қыздың түзу жолдан тайғаны, есірткінің құрбаны болып баз кешкені көркем жеткізілген драманы сахна төріне алып шығу әсте оңай емес. Үлкен шеберлік пен көп дайындықты қажет ететін қойылымды небәрі 20 күннің ішінде қанттай етіп әзірлеп, көрерменге ұсынған «Халық театры» көптің ықыласына бөленді. Ауылдағы кәрі ата-анасын қалаға көшіріп алып келген ұлдың көксегені зейнетақысын есірткіге жұмсау еді. Ағасының ессіздігі қарындасының қыз ғұмырын құрдымға жібереді. Оң босағада отырып жүкті болған қыздың ауылға қайта бармасы анық. Амалсыз ағайын туыстан жырақ кеткен ата-ананың өмірі қалаға келген сәтте-ақ, тордағы құстың кейпіне айналды. Қоғамдағы өзекті мәселені дөп басқан психологиялық драманың ой саларлық тұсы жеткілікті. Драманың қоюшы режиссері Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық-мәдени шығармашылық орталығы «Халық театры» ұжымының жетекшісі Меруерт Жомартова: «Бұл шығарма қоғамдық кеселмен күрестегі адамзат баласының ауыр тұрмысын бейнелейді. Бір кейіпкерді сомдау үшін сол тағдырды өз басыңнан өткендей сезіне білу керек. Бұл сондай қиын. Ал оны 20 күннің ішінде дайын дүниеге айналдыру ауыр жүк. Алайда, сахнаға бой үйретіп, түрлі қойылымды әзірлеп жүрген өнерпаздардың еңбегін көрермен өзі бағалады. Бізбен бірге олар да жылады. Яғни жүректен жүрекке жетті деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы қойылымды ауыл-ауылды аралап қойып шығуға болады. Тек атымтай жомарт азаматтар демеушілік танытып жіберсе болғаны», – деді.
Осы заманның құтын қашырған, талай отбасының шаңырағын шайқалтып, небір өрімдей жастың өміріне балта шапқан, қоғамға зор зиян әкелген нашақорлықтың зардабы небір тағдырды жұтып кетті. Туындының авторы ғасыр індетінің шын бет-бейнесін жалаңаштап көрсетіп, бүтіндей бір отбасының ауыр тағдырын көз алдымызға әкелді. Зал тегіс жиналған көрермен жанарындағы жасты іркіп қала алмады. Қойылым соңына жетіп әртістер ортаға шыққанда орнынан тұра кетіп, ұзақ уақыт тоқтаусыз қол соққан халықтың ықыласында шек болмады.
Алқа отырысында айтылған ой
Қойылымнан соң мәдениет саласындағы қызметкерлерді біріктіріп, алқа отырысын өткізген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев біршама тапсырманы жүктеді. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылды қорытындылап, биылғы жылдың жоспарымен бөлісті.
– «Жылдың басын Хакім Абайдың 175 жылдығына орай «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты іс-шарамен ашқан болатынбыз. Енді «Алтын орданың 750 жылдығы, Ұлы даланың ұлы ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы аясында да республикалық ақындар айтысы және облыстық жас ақындар айтысы, жазба ақындар мүшәйрасы т.б түрлі шара ұйымдастырылатын болады», – деді ол. Одан әрі аудандық мәдени-шығармашылық орталығының басшысы Молдабай Дулатов баяндама жасап, іс-қағазбен жұмыс жүргізу, ақылы қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру мәселесі төңірегінде сөз қозғады. Ал жаңа ғимаратты ел игіліне жаратып, ұжымның ұйытқысына айналып отырған Бәйгеқұм ауылдық клубының басшысы Орынкүл Әлмағанбетова ғимаратты тиімді пайдалану төңірегінде ұсыныс-пікірін білдірді. Сонымен қатар аудандық «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева үйірме жұмыстарын жандандыру мәселесін көтерсе, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің басшысы Кенжебай Жүсіп сатира саңлақтарының шығармаларын сахналау төңірегінде әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар алқалы отырыс барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев 1 ақпан күні «Өскен өңір» газетінің №8 санында жарық көрген Гүлнәр Дүйсебайдың «Мәдениет саласына серпін керек» атты сын-ұсынысқа негізделген мақаласын талқылады. Мақалада айтылған қойылым қою мәселесін қатаң назарға алып, 22 ауылдық округтегі клуб үйлерінде сахналық қойылымдар әзірленіп, 2 айдың ішінде көрерменге ұсынылуы тиіс деп қатаң тапсырды. Оған қоса өнерпаздардың жанды дауыста өнер көрсетуін де нақтылай түсті. Ауылдық жерлерде үйірме жұмысын жандандырып, бір сарынды іс-шарадан алшақ болу керектігін жеткізді.
Бетті әзірлеген Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ