Пробация қызметкерлері қылмыстың алдын алады

Пробация қызметкерлері сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оның еркін өмірге бейімделіп, жұмысқа орналасуына және білім алуына көмектеседі. Осылайша аяғын шалыс басқандар бір рет мүмкіндікке ие болып, қоғамның қызу тірлігіне қосыла алады.
Жалпы пробация қызметкерлерінің негізгі мақсаты – сотталғандарды түзелу жолына түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу. Міне, осы мақсатта бейсенбі күні Шиелі ауданы полиция бөлімінде Қызылорда облысы прокурорының орынбасары М.Катаев пробациялық бақылаудағы сотталғандармен кездесті.
Аудандағы айыптылардың хал-ахуалын білмекке келген М.Катаев оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің негізгі бағыттарын айтты. Яғни қылмыс жасап, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендерге білім алуына, кәсіп түрлерін игеруге, жұмысқа орналасуына, емделуіне және құқықтық кеңес ала алатынына мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен бірге бірнеше заңға өзгерту енгізілгенін айтып, жаңа тармақтармен қатысушыларды таныстырды.
Кездесу барысында келешегінен күдер үзген жандардың кеудесінде үміт оты маздап, болашаққа нық сенім ұялады. Себебі, пробациялық бақылау – істі болғандардан өш алу үшін емес, керісінше оларды тәрбиелеу үшін қолданылатын қызмет.
М.БОЛАТҚЫЗЫ