Жұмыспен қамту – жаңа өмірге жолдама
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді аталы сөздердің бірінде. Өмір болған соң қуанышы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Дейтұрғанмен, тағдырына тап келетін өткінші қиыншылықтарға кей жандар сабырлық танытып, сүрінбей өтсе, кейбіреулер аяғын шалыс басып, уақыт өте өкініп жатады.
Біреулері аштықты, біреулері тоқшылықты көтере алмай, қателікке бой алдырып, бас бостандығынан айырылып, жазасын темір тордың арғы бетінде өткізеді. Қоғамнан ажыраған ол жандар берілген мерзімін өтеген соң бостандыққа шығады. Бірақ қоршаған ортаға бейімделіп кету үшін біршама уақытты талап етеді.
Осы тұста бір-бірімізге сүйеу болып, қиналған жанға қол созу – баршамыздың азаматтық борышымыз. Бүгінгі күні бостандыққа шыққан жандармен қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осыны білу үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне хабарласқан болатынбыз.
Аудан әкімдігінің 2019 жылға арналған «Жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» қаулысы бекітіліп, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 5 жұмыс орны, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 2 жұмыс орны белгіленген. Осыған сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар тізіміндегі 2 азамат және пробация қызметі есебіндегі 3 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар жыл басынан пробация қызметі бөлімінің есебіндегі тұрған 90 азаматтың 21-і, бас бостандығынан айыру орындарынан босап келгендердің 7-еуі жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 9-ы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал 3 азамат ақылы қоғамдық жұмыс мерзімі тәмамдалған соң тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ 1 азамат «Бастау Бизнес» жобасы аясында бастапқы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грант алып, қазіргі таңда несие алу үшін құжаттарын өткізген.
Есепте тұрған 18-29 жас аралығындағы жастарды әлеуметтендіру мақсатында 2 азамат «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаның» қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына тіркеліп, осы айда өз таңдауларына қарай шаштараз және құс шаруашылығы мамандықтары бойынша жолдамаларын алады.
11 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде тіркелген 28 азаматтың 21-і нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстырылып отыр дейді мамандар. Сондай-ақ алдағы уақытта пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен жаза өтеу орындарынан босап келген азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Е.ДАТКЕНОВ