Ескі ілім жарға жықпайды
Молда біткенді жамандап, Құдайдың құлақ кесті құлдарын көрсеқызар надан, жалмауыз етіп көрсету кешегі кеңестік идеологияның басты мақсаты болғаны ақиқат. Сұрқия саясаттың салдарынан хат танып, Хаққа мойынсұнған талай молда, ахундар халық жауы атанып, ит жеккенге айдалып, оққа ұшып, шаһид болды. Орысқа бодан болғанға дейін қазақ халқының санасында ғылым-білімге берік, аманатқа ақ адал болып келген молда деген мәртебелі ұғымды өшіріп, керісінше оларды сауатсыз, қатыгез, дүмше етіп көрсетуді көздеді. Құйтұрқы саясатын жүзеге асыру үшін, кеңес үкіметі түрлі әрекеттерге барып, әсіресе, әдеби оқулықтар арқылы елдің санасын улауды көздеді. Сол замандағы әдеби шығармалардан молдалардың мүриттеріне «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген түсінікпен тәлім бергенін байқайсыз. Дін ұстанғандардың рухани, жан-тән тазалығынан мүлдем хабарсыз екендігі баяндалып, қоғамда молдаларға деген теріс түсінік қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп отырғанын көресіз. Соның салдары болса керек, байырғы ахундардың айтатын «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген мақалдың да өңі өзгеріп, әзіл-сықаққа айналып кетті. Жетпіс жылдық идеологияның әсерінен бұл мақалдың парқын білмей, қылжаққа айналдырып, жеңіл түсінуге бейімделіп те алғандаймыз.
Иә, «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөзді қазіргі уақытта әркім, әрқалай түсініп, өзінше топшылайды. Қазіргі күні бұл мақал әсіресе, Ислам дінін уағыздап, дін ұстанған жалпы исі мұсылман қауымының шалыс басып, іс-әрекетінен қате кеткен кезінде жиі айтылады. Екінші біреулер аталған мақалды «Имамдардың айтқан ақылын ал, оны өмірлік тәжірибеңде пайдалан. Бірақ молдаларға ұқсап жаназа намазын оқуға асықпа» деп те қабылдайтын көрінеді. Ал екі ауыз сөзбен бүтін шариғаттың шартын түсіндіріп, адамдарды дінге шақыруда молдалар қандай ұстанымда болу керек екенін айтқан бұл мақалдың негізгі мақсаты не? Баяғы дін ұстаздарының имамның айтқан тілін ал, бірақ істегенін істеме деуінің артында қандай ой жатыр? Әрі-беріден соң бұл мақалды қай жерде, нендей жағдайға байланысты айтуымыз керек? Ендігі әңгімеміз осы сұрақтар төңірегінде өрбімек.
Жалпы қай заманда болсын әулие, ахун, молда, имамдардың мақсаттары бір болғаны белгілі. Ол – Алланың хақ діні Исламға шақыру, шариғатты түсіндіріп, асыл Пайғамбарымыздың көрсеткен жолын сол қалпында жамағатқа жеткізу. Бұл енді ақиқат. Бірақ молдалардың мақсаттары бір болғанымен заманына қарай олардың дінге шақыру, уағыз айту тәсілдері өзгеріп отыратыны бар. Мәселен, бүгінгі қоғам, елдегі иман ахуалын жамағаттың Рамазан айында ауыз бекітіп, бес уақыт намаз оқуымен өлшейді. Мешіттердегі уағыз-насихатта көбінде осы бағытта жүріп, имамдар да халықты бірінші кезекте намаз оқып, зекет беріп, ораза ұстап, қажылыққа баруға үгіттеп, осы құлшылықтардың орындалуын талап етеді. Солайша алдыңғы орынға Ислам шариғатындағы сыртқы көрініс, яғни іс-әрекетпен жасалатын құлшылықтар шығып, керісінше адамның ішкі дүниесін тәрбиелеу, құлшылықты жаратқан Раббысының разылығы үшін жасау секілді діннің басты құндылықтары кейін қалып қояды. Әрине, имамдардың адамдарды намаз оқуға шақырып, шариғат үйреткені жөнсіз, пайдасыз дей алмаймыз. Өз кезегінде бұл тәсілдің де берері мол. Дегенмен дінге бет бұрып, ислам әлемімен танысып, Хаққа құлшылық етуге ниет білдірген жас өренге Құдай тағаланың құдыреті мен шексіздігін терең түсіндірмей жатып, әліппені намаз, ораза секілді құлшылық түрлерін істеуге шақыру, адамды теңіз ортасына тастап, қайыққа отырғызып жағалауды өзің тап дегеннің кейіпі іспетті.
Ал кешегі ишан, сопы, діндарлардың дінге шақыруы қалай болды? Бағанадан бері шимайлап отырған «Молданың айтқанын істе, істегенін емес» деген сөзді олар не себепті айтты? Өйткені, баяғы молдалар шәкірт тәрбиелегенде олардың сыртқы көрінісін емес, ішкі жан-дүниесін жақсартуға күш салған. Бірінші кезекте діннің маңызын түсініп, адами құндылықтарды сақтап, шариғат іліміне терең бойлауды көздеген. Былайынша айтқанда, дін жолына албырт сезіммен емес, жауапкершілігін жіті түсініп, темір қазықтай нық сеніммен келуді мақсат тұтқан. Сондықтан болар олар дәріс алуға келген шәкірттеріне әуелі сен намаз оқы, ораза ұста, қажылыққа бар деген сөзді айтып, яки ол құлшылықтарды көрсетуге асықпаған. Ондағы мақсат – адамдардың құлшылықтың бұл түрлеріне саналы түрде келуін қалағандықтары еді. Сол себепті олар, «Менің істегенімді емес, айтқанымды істе. Егер айтқанымды бұлжытпай орындай алсаң, істеген ісім ешқайда қашпай, өзі саған келеді» деп түсіндірген.
Иә, ғұламалар арасында «Діни ғылымға жүгінерде алдыңғы буынға қара, ал дүниеауи ғылымда артыңа қарайла» деген сөз бар. Осы ретте бізге де дін мен дәстүрді бөліп жармай бір арнаға тоғыстырып, қаз қалпында жеткізе білген бұрынғы молдалардың тәліміне назар салып, солар салған сара жолмен болашақ ұрпағымызды тәрбиелесек, жаңылу мен адасудан аулақ болар ма едік деген ой біздікі. Анығы Аллаға аян.