Ел жадында қалған жан немесе Кісенбай молда мешіті жөндеуді қажет етеді
Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын.
Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалынған.
Қазіргі таңда мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен халқымыздың тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынуда. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру.
Қазақ халқының ұлттық санасының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалаумен құнды. Аталарымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел-қыдырың» деп бекер айтпаған. Соның бірі – Жөлек ауылында орналасқан Кісенбай молда (ишан) кесенесі мешіті жөнінде, ол атаның өмірбаяны жөнінде ұрпақтарынан естігенімді жазамын.
Бестібайұлы Кісенбай 1883 жылы қазіргі Шиелі ауданы, Жөлек ауылында туылып, 1971 жылы қайтыс болған. Әуелде ауыл молдасынан сабақ алған талапты бала 16 жасында Түркістандағы “Қарнақ” медресесін бітірген. Елге келіп ауыл балаларының сауатын ашуға қал-қадірінше еңбек етеді. Бертін келе, Кеңес өкіметі орнаған соң халық жауы атанып, 1936-37 жылдары қуғын-сүргінге ұшырайды.
1936 жылдың күзінде ишанның қадір-қасиетін білген ұлтжанды азаматтар сол отырған жерінен Қарақалпақстан арқылы алып қашып, Өзбекстанға өткізіп жіберіпті. Артынан қуып келген қуғыншылар Кісенбайдың пайдаланып жүрген діни кітаптарын өртеп кейін қайтқан екен. Дегенмен, бұл топ босқа кетпей, қылышын қанға малып кетіпті. Атап айтқандай ишанға қызмет етіп, көмек қылып жүрген бір орыс және бір қазақ жігітін дарияның жағасына апарып атып тастаған екен.
Қытай асып кетуге мүмкіндігі болса да, елжанды азамат мұсылман елдерін паналап күн кешеді. Ол, 1949 жылға дейін Өзбекстан, Тәжікстанда қашып жүріп, «Самарқан медресесін» бітірген. Басқа мемлекетте жүріп адам емдеген, сабақ берген, жергілікті жердің халқына көмек берген, мұсылмандыққа үгіттеп, уағыз айтып, «Алланың» ақ жолына жол аша білген.
Самарқандағы медресені бітірген Кісенбай Бестібайұлына Ташкент, Орта Азия мұсылмандар орталығынан «Имам» деген атақ беріп, қолына онысын растайтын құжатын тапсырыпты.
Кісенбай – өзбек, тәжік, орыс тілдерін жетік меңгерген, өте сауатты кісі болған. Өлең жазған, «Шайыр», яғни ақын болған. Көптеген қолжазбалары қызылжағалы жендеттердің қолымен өртеліп жойылған.
Бұл кісі алғашқы діни білімді сауаты терең, қазақ халқы арасында өзінің керемет істерімен небір діни-әфсаналарға негіз болған XIХ ғасырда өмір сүрген Ахмет ишан, Марал ишандардан білім алған.
Кісенбай молда, (бұрынғы Сырдария совхозы) Жөлек ауылының Сырдарияның арғы бөлігіндегі Жуантөбе фермасының жанындағы қазіргі «Үш молда» атанып кеткен жерде 1899-1900 жылдары мешіт соқтырып, бала оқытқан. Мешіттің құрылысына көзей руынан шыққан Кісенбай, Оразбек, Төлеген деген азаматтар басшылық жасап, халықты ұйымдастырып, кесек құйып тұрғызған. Мешіт қабырғаларының кесегін сол кезде Ресейден қуғын көріп келген қашқын Павел Иванович деген орыс жігіті күйдіріп отырған.
Кісенбай молданың қамқорлығын көп көрген осынау орыс жігіті ислам дінін қабылдап, намазға жығылыпты. Сол күйдірген кірпіштеріне рұқсат алып, кесектің сыртына өз есімінің “П.И” деген бас әріптерін түсірген. Оны бүгінгі күні мешіт қабырғаларын өрген кесектердің сыртынан көруге болады.
Өмірінің жартысы қуғын-сүргінмен өткен ілімді, білімді азаматтың жазған қолжазбалары әр түкпірде шашылып қалған.
Кісенбай молданың емшілік қасиетіне тоқталсақ, ертеректе қыпшақтың бесарыс тұяқты елінің бір азаматының жалғыз баласын қарақұрт шағып қатты науқастаныпты. Кісенбай молда ол балаға 1 күн үзбей дем сала отырып, Құранның аяттарымен жазған екен. Сонымен қатар, бет-ауызы қисайып кеткен өзбек азаматын да 3 күн емдеп, ауызын орнына келтіріп, еліне қайтарған екен. Сол сияқты, Жиделі ауылында өмір сүрген Әбілқасым деген нағашысы да солай ауызы қисайып келіп, бірнеше күнгі емнен кейін құлан-таза айығып кетеді. Осы жағдайларды өз көзімен көрген туған немересі, Перуза апайдың әңгімесінен естігенім, ол кісі 33 жасында сары аурумен қатты ауырып, 1 ай 18 күн жансақтау бөлімінде ем қонбай жатқанда, таңға жақын сәлде киіп алған атасы келіп, «Балам, ана кеседегі сүтке дем салып кеттім, соны ішші деді». Сол сүтті ішкенен кейін ем қона бастаған. Сол сияқты басқа аурулармен емдегендері де бар.
Кешегі өткен кеңестер кезеңінде ислам дініне деген қиын-қыстау заманда халықтың сауатын ашуға атсалысқан, Алланың ақ жолына бастап, елді имандылыққа тәрбиелеп мешіт тұрғызған, ем қонбаған науқастардың дертіне ем жасаған ишан Бестібайұлы Кісенбай 3 күн хал үстінде жатып, 4-ші күні яғни, 1971 жылдың 9 ақпанында өмірден озады. Жөлек ауылындағы Жуантөбе фермасының маңында орналасқан қорымда жерленген.
Кісенбай атаның ұрпақтары бірлесіп, «Үш молда» кесенесін салған. Қазіргі таңда «Үш молда» атанып кеткен Кісенбай ата салған мешіті сақталғанымен, мемлекет қарауына алып жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Қазақстанның қасиетті орындарының бірі ретінде немесе «Діни және ғибадат орындары» санатына жатқызу үшін ел арасында шарапатымен есте қалған тарихи тұлға Кісенбай атаның көнеден келе жатқан «Үш молда» мешітін тізімге алып, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орын ретінде келешек жас ұрпақтарға ұғындыру қажет деп санаймын.
Жақсылық Әлиев.