Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зұлматты жылдар естелігі

Зұлматты жылдар естелігі

Сталиндік зұлмат заман миллиондаған адамның сай-сүйегін сырқыратып, шетелге босқын болып кетуге мәжбүр етті. Менің әкемнің әкесі Қошан сол замандағы аты әйгілі молда болған деседі. Тәуіптік жағы да күшті болған. Жылан, қарақұрт шаққан адамдарды талай рет дұғалап сақтап қалыпты. Сондықтан, ел арасында сыйлы, сөзі өтімді, өте салмақты жан болады. Балаларының (бес бала) күшімен, мал бағып, жер өңдеп, бақуатты өмір сүрді.
Бірақ, белсенділерге оның бақуат­тылығы, молдалығы, ел ішіндегі беделі ұнай қоймайды. Халықтың құрметіне ие болған оны «Құлақ» (орыстың кулагын осылай атаған), «қанаушы» тап өкілі деп, қуғынға салды. Мешітін жермен-жексен етіп бұздырды. Ағайынды арандатып, араға от тұтатты. Дүние-мүлкін талан-таражға салмақ болып, түрлі жалалар мен сес көрсетулерге тап болды. Маңдай тер, қара күшпен өсірген өнімдері өздеріне бұйырсын деп, еккен астығын белсенділер тонап кетпеуі үшін ұраға жасырды. Тіпті, оны бас пайдаға асырып, қулықпен астық сұратқандар да болды. Махайдың әйелі 7-8 жасар баласы Сағынбекті мойнына дорба асып, Қошан атаға жібереді де «Ей құлақ, астық бер, әйтпесе үкіметке айтамын» – деп айтқызып, астық алып отырған екен. Сонымен, Қошан атамыздың астық ұрасын үкіметке жеткізіп, етегін түріп, жеңін қайырып келген белсенділер, үй төңірегін кісі бойындай қазып, астық ұрасын таппай кетеді. Сол мезетте Қошан атам оқшау отырып, дұға қайырумен болады. Сөз басында айтқан молдалық қасиеті ме, әлде тәңірдің қарасқаны ма, әйтеуір, астыққа бір қарыс қана жетпей қалыпты. Бұл істен нәтиже шықпаған соң, белсенділер «Құлақ» деген атаудан бөлек, Қошанды «итжеккенге» аударатын шешім шығарады. Бірақ, сол кездегі заң бойынша, әкесі орнына баласы баруға ниеттенсе, ұсынысы қабылданады екен.
Осылайша, кәрі әкесін қиындыққа қимаған үшінші баласы Рзашер әке орнына Сібірге «Новокузнецкіге» жер аударылады. Қыстың күнгі қақаған 40 градустық аязда қол күрекпен бетон араластырып жатқанда, ұлтаны түсіп, жалаңаш саусақтары шығып кетеді. Мұны көрген бақылаушы офицерлер: «Бұл қай жақтың халық жауы, мүмкін емес. Бүгін шыдасаңыз, ертең үйіңізге қайтасыз» деп, уәделерін орындайды. Үсіген саусақтарынан айрылған  Рзашер аға елге аман-есен келіп, үйленіп, отбасын құрып, бала-шағалы болып, әкеге деген сүйіспеншіліктің зор үлгісін көрсетті.
Сол зобалаң уақытта Қошанның екі баласы (Байқожа, Әлішер) еңбек майданында болса, бір баласы (Әшірәлі) Ұлы Отан соғысы майданында болып, бір баласы (Мырзашер) аурудан шетінеген еді. Сталиндік сұрқия саясат, надан тобырды шебер пайдаланды. Мал-жанынан айырылған, жүруге әлі келмей, Қаратаудың «Жүніт төбесінде» аштан қырылып, сүйектері үйіліп жатыпты. Сол жер күні бүгінге дейін жарылған, тақыр, қақ болып тұр.
Жалаға ұрынған жандармен бірге «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған белсенділер де кетті о дүниеге. Тәуелсіз еліміз түлеп келеді. Тәубе. Зұлмат заман қайтып оралмасын. Ағайынның ынтымағы бұзылмасын. Алла Елбасымызға сабыр берсін. Жастардың елге, жерге деген патриоттық сезімі арта берсін. Тәуелсіз еліміздің төбесі биік, туы тік желбіреп, әлем сүйсінер ел болғай!

Кенжетай БАЙҚОЖА.
02 маусым 2018 ж. 1 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930