Әке – асқар тау
Дінімізде некелесіп, отбасын құру – үлкен жауапкершілік. Отбасындағы жауапкершілікті сезіну – пайғамбарлар дәуірінен келе жатқан мұра әрі сүннет болып табылады. Отан отбасынан басталады. Отбасы бұзылса қоғам да бұзылады. Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық, жаман әке аузына қазық, деген сөз бар. Ұл бала әкенің мысалымен өседі, соның бойындағы қасиеттерінен нәр алады. Әке – ұл үшін ең қымбат жан. Ең биік шың. Ең асқақ асқар тау. Анаға қарағанда әкенің беделі ұл баланың алдында әлдеқайда жоғары. Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы.
Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі. Баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде шаңырақ көтеруі, баласына азан шақырып ат қою, дені сау ұрпақ өсіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі. Әкесі ағайын-туыспен, халықпен араласуды өз мақсатына жетуді, ұрыс-керісті шешуді, достасуды, қыздармен дұрыс қарым-қатынас құруды үйрету керек.
Отбасының иесі – әке болған. Ер адам әйелден бір саты жоғары тұрады. Ер адам тәрбиесі бөлек болған. Қас-қабақпен басқару, тәрбиелеу, яғни әке мысы, сесі, қатулығы оның бұл қаталдығы, талапшылдығы – баласын жек көргеннен емес, түздегі әке перзентін ұрмаса да, ұрыспаса да бала содан қаймығып, сескеніп, құрметтеп өсуі тиіс. Ер бейнесінің жиынтығын әкесінен көргені абзал. Ол үшін аналарымыздың көмегі қажет. Олар балаларына «әкең біледі», «әкең шешеді», «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді», «әкең рұқсат бермейді» дегенді жиі айтып, өзі де күйеуіне патшадай құрмет көрсете білуі тиіс.
«Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген қазақта мақал бар. Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуаныш – бала болса, перзент үшін де ата-анадан қымбат ешкім жоқ. Хақ тағаладан кешірім сұрап, бала-шаға, немере-шөбереге тәрбие беріп, жөн-жол көрсетуге тиіс үлкендеріміздің көбі әлі күнге дейін ескіден келе жатқан ескі дос «арақты» қимай, бос уақыттарын карта ойнаумен өткізетіні жасырын емес. Ішімдік ішетін ата-аналарымыздың да арасында кездесетіні бар. Осындай тәрбие көрген ұл-қыздар солардың соңынан дұға ететін перзенттер болып шыға ма? Әрине, жоқ. Керісінше, перзенттің істеген кейбір теріс іс-әрекеттері үшін ата-ананың атына кір келіп, ол екеуінің атына балағат сөздер айтып жатады.
Адам баласының бақытына жататын үш нәрсе: игі әйел, жайлы үй, жақсы көлік. Сондай-ақ, адам баласының бақытсыздығына жататын үш нәрсе: жаман әйел, жайсыз үй, жаман көлік деген. Күшті кісі – күресте жеңген кісі емес, шын мәніндегі күшті кісі – ашуын тежей білген кісі. Пайғамбарымыздың өмірі, сөзі мен ісі түгелдей өнеге. Әке әйелі мен балаларының, бүкіл жанұясының бақытын қалар болса, отбасының берекесін бұзатын көңілге қаяу түсіретін сөздер мен істерден аулақ болғаны абзал.
Хазреті Ибраһим пайғамбарымыздың (с.а.с) әкесі хақ тағалаға серік қосып, пұттарға табынған уақытта ол ашу шақырып, әкесіне қатты сөздер айтпады. Керісінше, кішірейе сөйлеп, ұстаған жолының терістігін түсіндіруге тырысты. Сыпайы түрде жылы сөздермен әкесіне жеткізді. Бүкіл елші, пайғамбарлар ата-ананы құрметтеуді өсиет етті. Алланың разылығы – ата-ананың разылығында. Ислам діні – жанұяның тірегі, отағасы болып табылатын ерлерге жұбайларына жұмсақ қарауды әмір етіп, оларды үлкенді-кішілі кемшіліктерін бетіне басып, айып таға беруді тыйым салды.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып, «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» – деп жауап қатқан деседі. «Жақсы маман – жұмысын жақсы атқарушы емес, білгенін үйретіп, жақсы маман дайындай білуші». Сол секілді, еркек қандай әке бола алғандығымен де бағаланады.
Пайғамбарымыз мүміндердің ең имандысы, мінез-құлқы көркем болғандар, сіздердің жақсыларыңыз – әйелдеріңе жақсы болғандарыңыз, дейді. Алла тағала өз елшісінің осындай істерінен және басқа да күнделікті өмірінен мұсылмандардың үлгі-өнеге алып, одан үйренулері керек екендігін баяндайды.
Әке – асқар тау. Әкелер мәртебесі биіктей берсін. Ұлыңызға беретін «ең жақсы сыйыңыз» мәнді, берекелі, жемісті болсын.
Ғани қажы Мақұлбеков,
«Ақмая» мешітінің имамы.