Жамағатқа жөн сілтеген имам
Жол түсіп, Жуантөбе ауылына жолға шықсаңыз сарқырап аққан Сырдарияның қалқымалы көпірінен өтсімен, сол жақта алыста тұрған мазаратты көре аласыз. Ал, оның маңайында екі қабырғасы мен бір терезесі ғана қалған ескі ғимаратты байқауымызға болады. Бір қарағанға бұл ескі ғимарат болар, бірақ мұнда уақытында бес уақыт азан айтылып, шәкірттер тәрбиеленген. Қабырғасының қалыңдығы екі жарым кірпішті бойлайды. Жанына барсаңыз бір сырды бүгіп, айта алмай тұрған кейіпке енеді. Бұл – Кісенбай молда мешіті.
Біздің өңірдің «Киелі Шиелі» деп бекер айтылмағаны белгілі. Қасиет қонған бұл топырақ талай дарындыларды дүниеге алып келді. Сондай жандардың бірі – Кісенбай Бестібайұлы.
Заманында бұл мекенде имамдық етіп, шәкірт тәрбиелеген Кісенбай Бестібайұлы 1883 жылы аталмыш ауыл маңайында орналасқан Жөлек ауылында туылып, 1971 жылы қайтыс болған. Ол, ауыл молдасынан соң білімді 16 жасында Түркістандағы “Қарнақ” медресесінде жалғастырды. Мұнан соң, туған өлкесіне оралып, шәкірт тәрбиелей бастайды. Бірақ, Кеңес өкіметі орнаған соң Кісенбай халық жауы атанып, 1936-37 жылдары қуғын-сүргінге ұшырайды.
Қиыншылық бұлты Кісенбай молданың басына келіп төнгенде, ұстаздың қадір-қасиетін түсінгендердің көмегімен Қарақалпақстан арқылы, Өзбекстанға өткен екен. Қаншама қиыншылыққа кездесіп жүрсе де, уақыттың қадірін білген ол 1949 жылға дейін Өзбекстан, Тәжікстанды паналап, «Самарқан медресесін» бітірген. Осы тұста оған Ташкент, Орта Азия мұсылмандар орталығынан «Имам» деген атақ беріп, қолына онысын растайтын құжаты табыс етілген көрінеді. Имам атанған білімді жан тек қазақ тілін ғана емес, өзбек, тәжік, орыс тілдерін жетік меңгерген. Шәкірт тәрбилеумен қатар өлең жазған, «Шайыр», яғни ақын болған. Бір өкініштісі осы тілдерде жазған барлық еңбектері қуғыншыларға қолды болып, өртелген екен.
Кісенбай молда туралы газеттің №46 санында ардагер Жақсылық Әлиев толықтырып жазған болатын. Ал, өткен бейсенбі күні Кісенбай молданың ұрпақтарының ұйымдастыруымен ардагерлер мен тұрғындардың басы қосылып, мазарат басына Кісенбай, Оразбай, Төлеген аталарға ескерткіш ретінде салынған «Үш ата» мешітінде болып, аталардың әруағына құраннан дұға бағыштады. Бұл тұста қызы Перуза әкесі мен сол жерде жерленген аталар жайлы естеліктер айтты. Тұрғындар да әке-шешелерінен Кісенбай молда туралы, оның білімділігі мен қасиеті, уақытында түрлі ауруларды емдегендігі жайында сөз өрбіді. Сонымен қатар, ескі мешіт ғимараты мемлекет қорғауына өтіп, киелі жерлердің картасына енсе деген тілектерін білдіріп жатты. Бұл басқосу сенбі күні «Ханшатыр» мейрамханасында жалғасты.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.