Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал азығының жақсаруы – маңызды мәселе

Мал азығының жақсаруы – маңызды мәселе

Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылық өндірісінің маңызды саласының бірі. Ежелден бастау алып, атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп қазаққа таңсық дүние емес. Бірақ түрлі факторларға байланысты аталған салада да шешімі табылмаған шаруалар аз емес. Сол маңызды мәселелердің бірі – мал азығы. Жеткілікті мөлшерде мал азығының қоры жасақталмай, мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайтыны анық.

Әне-міне дегенше қыстың соңғы айына да табан тіредік. «Жуанның жеңішкеріп, жеңішкенің үзілетін», яғни қыс мезгілінің қаһарына мінетін уақыт. Сондай-ақ мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлемегендердің қоры бітіп, шөп саудасының қыза түсетін шағы.
2019 жылы аудандағы ірі қара саны – 59407, қой мен ешкі – 88111, түйе – 1504, ал жылқы – 15451 басқа өскен. Көрсеткіштерге сүйенсек, төрт түлікте өсім бар. Яғни, өңірде мал шаруашылығы ілгерілеу үстінде. Ал осы малдың негізгі азығы саналатын жоңышқа көлемі 2017 жылы 9437 гектар болса, 2019 жылы 7846 гектар жерге егілген. Биыл төрт түлік мал басына қажетті 98 мың тонна табиғи шөп, 30 мың тонна жоңышқа шөбі және 28 мың тонна сабан дайындалған.
Өзіміз білетіндей мал азығына жататын шөптердің ішінде жоңышқаға сұраныс қай кезде болсын жоғары болмақ. Ол мал шаруашылығында бағалы жем-шөп болып есептеледі. Бүгінгі күні мал азығы мен адамдар пайдаланатын тауарлардың бағасы пара-пар. Күріштің бағасы 200-300 теңгенің аралығы болса, жоңышқа прессінің 400 теңгеден төменін таба алмаймыз. Өткен жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы қуаңшылық өңірдегі жоңышқаға деген сұранысты арттырып, пресстің қымбаттауына алып келді.
Сондай-ақ «Жоңышқа өсіру ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың биологиялық факторы болып табылады. Ол биоклиматты, топырақ, су және энергетикалық әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік береді. Топырақтың құнарлылығын арттырып, эрозиялық үдерістің дамуына жол бермейді. Сондай-ақ топырақ құрамындағы техногендік әсерді төмендетеді, топырақ өңдеуді барынша азайтады және техногендік ауыртпашылыққа ұшыраған жерді жақсартады. Егіншіліктің жоңышқа жүйесі ауыл шаруашылығы өндірісін оңтайландыруда жүйелі фактор ретінде қатысады», – дейді осы саланы зерттеуші ғалымдар.
Осы орайда жоңышқаның көп күтімді қажет етпейтінін, суға аса мүқтаж емес екенін, оның үстіне жыл сайын қайта-қайта жер жыртып егілмейтінін ескеруіміз керек. Сонымен қатар, бір рет егілген жоңышқа 3-4 жылға дейін өнім береді. Жерді тыңайтады әрі мал шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді. Сол себепті де осы бағытқа назар қойғанымыз абзалырақ. Мал азығының жақсаруы – мал шаруашылығының дамуының кілті. Мал азығының көбейгені бағаны түсіреді. Ал бағаның түскені мал шаруашылығын дамытуға, мал санының артуына септігін тигізеді.
Шиелі – Ы.Жақаевты екі мәрте Соцалистік Еңбек Ері атандырған киелі мекен. Топырағына түскенді тал қылатын шұрайлы аймақ. Осы қасиетті сақтап қалу – баршамызға ортақ шаруа.

Саламат ӘБДРАХМАНОВ

15 ақпан 2020 ж. 1 002 0