Сүт фермасы іске қосылмақ
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында озық дамыған отыз елдің қатарына кіруге одан әрі қол жеткізу үшін 10 міндет қойды. Сол басымдықтардың алғашқысының бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Яғни еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды екенін жеткізді. Аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшін де, экономикалық және әлеуметтік аспектілерде де стратегиялық маңызды болып саналады. Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының өзекті салаларының бірі, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі. Сол себепті аудандық ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстың жай-жапсарын халыққа ұсынбаққа аталған сала басшысы Мұрат Әшірбековпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Егін еккенге бітеді. Ала жаздай ақ маржанын баптап, дәнді-дақылын өсірумен айналысқан диқандар қауымы мен қара жердің тынысын тереңнен алатын кезі – күз. Молшылық айы саналатын берекелі күз ауыл шаруашылығы үшін де еңбектің нәтижесін көрсетер сәт. Биылғы өнім көрсеткіші қандай, қамбаны қызылға толтыра алдық па?
– Иә, дала төсіндегі ризығымызды ысырап қылмай жиып-теріп алдық. Шиелі диқандарының маңдай тері еш кетпеді. Биылғы жылы 29 595 гектар жерге егін егіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2400 гектарға артық өнімге қол жеткізіп отырмыз. Оның ішінде дәнді дақылдар – 13 882 га, майлы дақылдар – 1 896 га, мал азықтық дақылдар – 9 213 га, картоп, көкөніс, бақша – 4664 га. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 12 475 га болса, орта өнім гектарына 61,2 центнерден келіп, жалпы өнім 76 347 тонна болды. Сонымен қатар 1332 га жерге егілген күздік бидай дақылы бүгінгі күнде толығымен жиналып, 2664 тоннаны көрсетсе, орта өнім гектарына 20 центнерден келді. Нәтижесінде аудан бойынша тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие «Ақмая» шаруа қожалығы биылғы жылы 332 гектар жерге бидайдың супер элиталық «Стекловидный» сортын егіп, егістің әр гектарынан 30 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. Ал «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы 200 гектар жерге мақсарының супер элиталық «Мөлдір-2008» сортынан әр гектарынан 15 центнерден өнім жинады. Бестам ауылдық округіне қарасты «Алтын дән» шаруа қожалығы мен Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен біріге отырып, картоптың гибридтік «Ақсор», «Жанайсан», «Үшқоңыр» сорттары және мал азықтық асқабақ дақылының гибридтік «Афродита», «Карина», «Мозолеевская-10» сорттарын екті. Ауданда бүгінде тамшылатып суару әдісімен Ақтоған, Тартоғай, Гигант, Талаптан, Сұлутөбе ауылдық округтерінде 50 гектар алма бағы өсірілуде. Жобалық кеңсе аясында Шиелі кентінің шығыс аймағынан жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бүгінгі күні 2 гектар жерге 8 жылыжай салынып, алғашқы өнімдері жиналуда. Нақтырақ айтар болсақ, 1093 га жерге көкөніс дақылдары орналастырылып, 3984 тонна көкөніс өндірілді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті артып келеді. Тек биылғы жылы ғана 280 тонна көкөніс, 335 тонна бақша өнімдері Ресей Федерациясына экспортталды.
– Аграрлық саланы цифрландыру бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Техника жеткілікті ме?
– Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында «Ақмая» шаруа қожалығында 800 гектар жерге ақылды ферма жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар суды үнемдеп пайдалану бойынша Жаңатұрмыс ауылдық округінде «Байсын» шаруа қожалығы ашық топырақта тамшылатып суару әдісімен 13 гектар жерге көкөніс дақылдарын ексе, бұдан бөлек Ақмая, Алмалы, Ақтоған, Талаптан ауылдық округтерінде су үнемдеу мақсатында плёнка қолдану әдісімен 155 гектар жерге көкөніс дақылдарын орналастырып, жоғарғы өнімдерге қол жеткізуде. Ал күзгі егін жинау науқанына 116 комбайн, 63 жатка, 51 жүк көлігі, 322 дана трактор толықтай қатысты. Піскен дайын өнім тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпей, дер уақытында жиналуы үшін техникалық жабдықтың толық болғаны өте маңызды. Осы орайда биылғы жылы құны 600 млн. теңге болатын 6 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
–Шиелі өңірі егін шаруашылығы бағытына басымдық танытатыны белгілі. Енді мал шаруашылығы төңірегінде әңгіме өрбітсеңіз...
–Ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығы екендігі сөзсіз. Қазақтың байтақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болған. Ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, жесең – ас, кисең – киім, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. Аудандағы төрт түлік мал санына тоқталар болсақ ірі қара – 59 396, 106,5%-ға, қой мен ешкі – 90 738, 108,8%-ға, түйе – 1504, 102,4%-ға, жылқы – 15 621, 113,7%-ға өсіп, құс – 27 695 басты құрады. Төрт түлік мал басының артуына байланысты өндірілген өнімдерде де едәуір өсім бар. Сөзімізді нақты дәйектермен сабақтар болсақ, жыл басынан бері 3739,4 тонна ет, 14 349,1 тонна сүт, 2039,8 мың дана жұмыртқа өндірілді.
– Соңғы жылдары мүйізді ірі қара мен қойды дамыту мен сапасын арттыруды көздеген «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тиімді несиеге қол жеткізген көптеген шаруашылық құрылымдары оның игілігін көріп, мал басын біршама арттыруға мүмкіндік алуда. Осы бағдарлама аясында қандай жұмыстар жүргізілуде?
–Биылғы жылы ауданға «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елден 325 бас асыл тұқымды МІҚ аналығын сатып алу жоспары бекітілген. Қазіргі таңда Ақмая ауылдық округіне қарасты «Әсет» шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан «Сыбаға» бағдарламасымен жоспарланған 104 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара малын және қосымша өз қаржысынан 16 бас, барлығы 120 бас «Қалмақ» тұқымды МІҚ малын алып келді. Ал бағдарламаның қой малын сатып алу бағыты бойынша ауданға 7800 бас қой сатып алу жоспары бекітілген болатын. Осыған орай ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына қой сатып алуға 12 746 басқа өтініш беріліп, бүгінгі күні 5317 бас қой сатып алуға қаржы бөлініп, шаруашылық құрылымдары сатып алу жұмыстарын жүргізуде.
Онымен қоса мал бордақылау алаңдары да жұмыс істейді. Осы жылы аудандағы мал бордақылау алаңдарына 2565 бас бұқашықтарды өткізу бойынша жоспар бекітілсе, әзірге 1932 бас бұқашық өткізілді.
– Мал азығы дайын ба? Алдағы жоспар қандай?
– Аудан бойынша қысқа түсетін төрт түлік мал басына қажетті 98 мың тонна табиғи шөп, 30 мың тонна жоңышқа шөбі және 28 мың тонна сабан дайындалды. Алдағы уақытта жобалық құны 2,5 млрд. теңге көлеміндегі «Сыр агро и К» ЖШС-нің 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу жоспарлауда. Қуаттылығы жылына 5,3 мың тонна сүт өндіретін ферма іске қосылғанда 30 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, Төңкеріс ауылдық округіне қарасты 1000 басқа арналған «Жылқайдаров» мал бордақылау алаңының жұмысы жүргізілуде. Жалпы Шиелі ауданы егінмен қатар мал шаруашылығына да ден қойды. Әсіресе, ет, сүт бағытында шаруашылықтар құрылып, аудан халқы өз өнімдерімізді тұтынып келеді.
– Уақыт бөліп, жауап қатқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан
Гүлнәр Дүйсебай