Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік тілдің жанашыры

Мемлекеттік тілдің жанашыры

Бойында сан қырлы қасиет бар адамдар саусақпен санарлық. Олар білім мен таланты арқасында, маңдай тер еңбегі нәтижесінде жетістіктерге жетеді. Еліне жасаған адал қызметімен көпшілік ілтипатына бөленеді. Мен халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамдық Бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлын сол қатарға қосар едім.

Замандастар ортасында беделді болу, елеулі болу өзіңді бақыт құшағында сезіну болса керек. Жасынан өзі таңдаған құрылысшы мамандығын алып, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» құрмет белгісі медалін алуы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі болуы, Қармақшы ауданының және Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атануы – Сәдуақас Әбдіқадырұлының азаматтық болмысын аңғартады. Тынымсыз тірлік, ізденіс, көп оқу, алдына келген мақалаларды зерттеу, ой талқысына салу «Тіл сақшысы» басылымының әр нөмірінің сапалы, көрнекті, мазмұнды, мәнді шығуы да бас редактордың назарынан тыс қалған емес. Сұңғақ бойлы, терең ойлы, былайынша сұсты көрініп, өте сирек жымиятын, шындығында сабырлы, қарапайым, жай сөйлеп, жанымды түсін деп отыратын білімді де өткір кісі Сәкең ағамыз биылғы жылдың қаңтар айында 75 жастың төріне шығыпты. С.Аңсат 1945 жылдың 12 қаңтарында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Жосалы кентінде дүниеге келген. Сол кенттегі №26 қазақ-орта мектебін 1962 жылы бітіріп, Шымкент қаласындағы қазақ химия-технологиялық институтына түсіп, 1967 жылы «құрылыс-технологі инженері» мамандығын үздік дипломмен алып шығады. Сол кездегі тәртіп бойынша оқып жүріп-ақ еңбек жолын Шымкенттегі темір-бетон зауыттарында бетоншы, арматуршы болып бастайды. Институт тәмамдаған жас маман жолдамамен «Қызылорда құрылыс» тресіне қарасты «Құрылыс материалдары комбинатына» арматура цехының шебері болып орналасады. Отбасылық жағдайына байланысты өзі туған Жосалы кентіне оралып, «Қызылорда ауыл құрылысы» тресіне қарасты 1602-ЖМК-ға құрылыс шебері болып жұмысқа тұрады. 1969 жылы Қармақшы аудандық атқару комитеті санаулы жоғары білімді құрылысшы ретінде оны аудандық архитекторлық қызметке шақырады. Жас жігіт аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметке араласып, ой-өрісі кеңіп, келешегіне баспалдақ боларлық тәжірибе жинақтайды. Жосалы кенті мен ауданның барлық елді мекендерінің бас жобалары жасалып, құрылыс обьектілері бас жобаға сәйкес салыну қолға алынды. Тұрғындардың да үй салуына жер телімдерін беру колхоздан алынып, архитектураға беріледі. Сөйтіп құрылыс салу заңдылықтары сақталып, тәртіпке, әсемдікке көңіл бөле бастайды. Осынау алапат жұмыстың басы-қасында жүріп, туған еліне еселі еңбек жасаған жас инженердің жылы лебізі ауылына деген сағынышы әлі күнге басылар емес. Еңбекқор қырынан танылған С.Аңсат 1972 жылы Қызылорда облыстық атқару комитетіне, облатком төрағасы орынбасарының көмекшілігіне шақырылады. Іскерлік танытқан ол, 1974 жылы облыстық атқару комитетінің «Күрделі құрылыс басқармасына» бастық болып тағайындалады. 1980 жылы елгезек, алғырлығымен көзге түскен Сәдуақас Әбдіқадырұлын облыстық партия комитеті жолдамамен Мәскеу қаласындағы СОКП орталық комитетінің жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына екі жылдық оқуға жібереді. Оны 1982 жылы бітіріп келген С.Аңсат Қызылорда облыстық партия комитеті аппаратында үш ай нұсқаушы қызметін атқарады. Осы жылдың қараша айында Қызылорда қалалық партия комитетінің 2-ші хатшылығына сайланған С.Әбдіқадырұлы бұл қызметте 1991 жылдың мамыр айына дейін істейді. Осы уақыт аралығында облыстық партия ұйымын басқарған Т.Есетов, Е.Әуелбеков, С.Шаухамановтармен қызметтес болады, олардан өмірлік өнеге алады. Екінші хатшы кезінде құрылыс, коммуналдық шаруашылығы, сондай-ақ идеология салаларына басшылық жасайды. Қызылорда қаласына ағылып келіп жатқан көптеген ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен танысады. Солардың ішінде кеңестер одағының батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан Момышұлының отбасымен ерекше жақындасып, достасып, бауырласып кетеді. Осының айғағындай жазушы Бақытжан 2008 жылы өзінің «Орда алая, мечеть белая» деген роман-эссесіне досы Сәдуақас Әбдіқадырұлын бас кейіпкер етіп жазып, Сыр еліне деген шын пейілін, досына деген айбат құрметін осы шығармасы арқылы білдіріпті. «Намысты нанға сатпа» деген, «Өз тілінде өспеген бала, ана сүтін татпаған жетіммен тең» деп қазақ тілінің жақтаушысы, тіл жанашыры болған Бауыржан Момышұлының баласының «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл жанашыры» құрмет белгісі медалінің иегері С.Аңсатпен дос болуы қандай сәйкестік! Сәдуақас Әбдіқадырұлының республикамызда тіл мәселесін, қазақ тілі тақырыбын көтерудегі батылдығы, батырлығы кімге тартқан десек. Иә, италияндық ұлы суретші ­Леонардо Да Винчи «Адам баласының үш түрі бар: көретіндер, көрсеткенді көретіндер және көрмейтіндер» депті. Десе, дегендей-ақ осы кісінің тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттау бағытындағы, мемлекеттік тілдің қолдану аясын барынша кеңейту және мәртебесін көтеру жөніндегі, республикалық «Тіл сақшысы» газетін шығарып, оның таралым санын 11750 данаға жеткізіп, қазақ халқына рухани азық сыйлап отырған ұлан ғайыр жұмысын көрсетсе де, көре алмайтындар, оны қолдаудың, демеудің орнына тіпті көрмейтіндер де көп пе деп қаласыз. Еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне байланысты облыс басшылары оны жаңадан құрылып жатқан Еңбек бас басқармасына бастық етіп жібереді. Алты жыл қызметтен соң С.Аңсат 1997 жылы «Харрикейн Құмкөл Мұнай» АҚ ұңғыларды күрделі жөндеу басқармасы бастығының орынбасары болып ауысады. Мұнда жүріп, қоғамдық негізді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының осы компаниядағы ­бастауыш ұйымдарының басын біріктіретін комитеттің төрағасы және бірлескен кәсіподақ төрағасының орынбасары қызметіне сайланады. Кәсіподақ комитетімен бірлесіп, «Мұнайшы» көп тиражды газетін шығарады. Өзінің журналистік қабілетін шыңдай түседі. Қай қызметте болмасын тындырымды істерімен танылған С.Әбдіқадырұлы ғасырлар тоғысқан 2000 жылы Нұр-Сұлтан қаласы коммуналдық басқармасына бөлім басшысы болса, келер жылы Қазақстан Республикасы көші-қон және демография жөніндегі агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарады. 2004 жылы Алматы қаласына көшіп, онда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық аппаратында бас инспекторлық қызметіне орналасады. Араға екі жыл салып «Атамекен холдинг» АҚ директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі бола жүріп, 2008 жылы құрметті зейнет демалысына шығады. 2009 жылы республикалық «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы болып сайланады. Осы кезден бастап ­­С.­Аңсаттың қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігі артып, 2010 жылы туған елі Қызылордаға көшіп келіп, қоғамдық негізде «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып сайланады. 2013 жылы Қызылорда облыстық «Қазақ тілі» қоғамы филиалының жанынан республикалық «Тіл сақшысы» газетін шығарып, оның бас редакторы қызметін атқарып келе жатқан Сәдуақас ағамыз, бұл күні облыс қана емес, республика тіл жанашырларының құрметті ақсақалына айналған. Ол басқарған «Қазақ тілі» қоғамы облыстың барлық аудандарында жұмыс істейді. С.Аңсат «Қазақтарға қазақ тілі қоғамының не қажеті бар» деген тұжырымды жоққа шығарып келеді. Оның алған бетінен қайтпайтын өжет, қайсар, талапшыл мінез-құлқы алға қойған мақсаттарына жеткізуде. Ерлік десе болғандай. Ол сауатты, мықты журналист, саясаткер ретінде де тілге байланысты, саясат аясында да қалам сермеп, өзінің қарымды қаламгер екенін дәлелдеп отыр. Сәкеңнің тәуелсіздік туралы, демократия, ақиқат пен әділдік тақырыптарына жасаған шолулары, саяси танымы оқырмандарын бейжай қалдырған емес. «Тіл сақшысы» газетінің ақылдастар алқасы да қазақтың танымал ғалымдары мен жазушыларынан, негізінен ана тіліміз – мемлекеттік тілдің шын жанашырларынан құралған. А.Айталы, З.Ахметова, Ж.Әкім, Ә.Бәкір, Ш.Құрманбайұлы, М.Мырзахметұлылар ұлтымыздың тақиясына тар келмейтін тұлғалар қатарында. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруде олардың мақалалары мен ой-пікірлері өте маңызды. Тіл жанашырлары көтерген үш-тілділік мәселесі де Президент Қ.Тоқаевтың тарапынан жылулық лебізін сездірді. Өзінің бар саналы ғұмырын еліміздің өркендеуі мен дамуына арнаған, Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің, мемлекеттік тілінің гүлденуіне осы күнге дейін үлес қосып келе жатқан ағамыз Сәдуақас Аңсат Қызылорда қаласында қызмет атқарған жылдары бірнеше мәрте облыстық партия комитеті мүшелігіне кандидат, қалалақ кеңестің депутаты болып сайланған. ­С.­Әбдіқадырұлының өлшеусіз зор еңбегі бағаланып, ол «КСРО Еңбек ардагері», «Қазақстан Респуликасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халық Ассамблеясына 10, 20 жыл», «Ұлы Октябрь Революциясына 100 жыл», «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілі» айрықша белгісі», Республикалық «Тіл жанашыры» құрмет белгісі, «Қызылорда қаласына 190 жыл», «Қармақшы ауданына 80 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл», «Комсомолға 100 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ Қызылорда облыс әкімі мен мәслихатының құрмет грамотасымен, «Халықаралық қазақ тілі» қоғамының ҚР көші-қон және демография агенттігінің құрмет грамоталарымен, ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына, Қазақстан Үкімет басшысының алғыс хатымен марапатталған. 75 жастың желкенін желбіретіп, сексеннің сеңгіріне секірсем деп отырған, ардақты ардагер шағында мемлекеттік тіліміздің туын көтеріп жүрген Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлы ағамыздың қаламына шабыт, еңбегіне табыс, өзіне абырой, денсаулық тілей отырып, Шиелі ауданының ардагерлері, тіл жанашырлары , журналистері мен республикалық «Тіл сақшысы» газетінің оқырмандары атынан аудан айнасы «Өскен өңір» газеті арқылы ыстық ықыласымызды, шексіз алғысымызды білдіргенді жөн көрдік. Иә, «Ер өзі үшін тумайды, жұрт үшін туады» деген рас сөз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі


21 қаңтар 2020 ж. 1 219 0