Мұғалім мәртебесін өсірдік. Ал мұғалім өз беделін өсірді ме?

«Көп біріксе – ел болар, көп тілегі көл болар» демекші, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге еліміздегі ұстаз көріп, тәлім алған саналы азаматтардың барлығы дерлік үн қосты десек артық айтқандығымыз емес. Әсіресе, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері, әлеуметтік желі қолданушыларының мұғалім мерейін арттыруға қосқан үлес, ықпалы өте зор. Мағжан ақынның «Алты Алаштың игі жақсылары бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деген қанатты сөзіне жан бітіріп, педагог абыройын асыруға ел азаматтары бір ауыздан атсалысты. Қазақы тілмен айтқанда бүгінгі қоғам «өзі болған қыз, төркінін танымай кетедінің» кейпін кимеді. Керісінше бесіктен шығып, есіктен аттаған балаларын білімді һәм тәлім-тәрбие беруде тәжірибесі мол, дүниелік мәселесі шешіліп, елең-алаңсыз жұмыс істейтін, ұлт болашағын ойлаған ұстаздарға тапсыруды мақсат етті.
Жә, жарар! Сонымен жаңа заң ережесіне көз жүгіртсеңіз, 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендегенін байқайсыз. Бұл жеңілдік тәлімгерлерді балалардан бір уақыт босатып, миын тынықтырып, өзін-өзі дамытып, кәсіби кемелденуге сеп болмақ. Ал халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған. Жаңа заң ауыл ұстаздарын да жарылқап, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуға басымдық беріп отыр.
Осы күні Отан алдындағы борышын өтеуге асығатын ер азамат кемде-кем. Әскери бөлімшеден үйді-үйге шақырту жіберіліп, Отан қорғаудан қашқандарды итпен іздеп, індерінен шығарып, сарбаз қатарына қосқанымен, есебін тауып, елде қалып қоятындар азаймай тұр. Мемлекет бұл мәселенің де шешімін тауып, ер мұғалімдерге жеңілдік жасапты. Нақтылап айтсақ, биылдан бастап ЖОО-дан басқа білім беру мекемелеріндегі педагогтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыруға қол қойылды. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші мұғалімдердің мәртебесін көтеруге негіз болған басты себеп, ұлағатты ұстаздардың қосымша жұмыстарға жегіліп, көшеде қағаз теріп, қоқыс жинап жүрулері мен оқушылардың мұғалімге мінез көрсетіп, тіпті жұдырық ала жүгірген жағдайларының жиі орын алғаны түрткі болған еді. Осындайда мұғалімге қарсы келмек былай тұрсын, бетіне қарауға қорқатын шәкірт тәрбиелеген кешегі ұстаздар қандай бақытты болған деп ойлайсыз. Педагог мәртебесі туралы заң бұл түйінді де тарқатып тастапты. Ендігі жерде мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін көбірек айыппұл төлету жағы қарастырылса, ал ұстаздардың ар-намысына тигендер әкімшілік кодекстегі жеке бап бойынша 30 АЕК көлемінде айыппұл төлемек. Егер аталған жағдай қайталанса, әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылатын болады.
Конституциядағы аталған бапқа қатысты өз пікірін білдірген ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Ең басты, ең керек нормалар қабылданды. Заңда жазылған нормаларды орындау үшін 2024 жылға дейін мемлекеттен 5,3 трлн теңге қаржы бөлінеді», – деді.
Хош. Бәрі дұрыс, бәрі керемет. Бірақ жабылып жүріп мәртебесін өсірген мұғалімдеріміз шын мәнісінде мәртебелі ме? Жалпы бүгінгі ұстаздардың білім деңгейі мен кәсіби шеберлігі қай дәрежеде? Біздіңше қоғам ендігі жерде осы сұрақтарды талқыға салып, сансыз ұстаздан сапалы білім беруді талап етуі керек секілді. Міне, сонда ғана ұстаз ұлағатты болады деп білеміз.
Елдос ЖҮСІП