Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жылдағы жаңа заңдар

Жаңа жылдағы жаңа заңдар

Көпшілік жаңа жылды өзгерістермен қарсы алғысы келеді. Сондай-ақ алдағы 365 күнге жаңа жоспарлар құруға тырысады. Ал жаңа тышқан жылында қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр? Осы орайда біздің ойымызға оралатыны 1 қаңтардан бастап күшіне енген заң жобалары. Иә, кеше ғана есіктен енген тышқан жылы бірнеше заңға өзгеріс пен толықтырулар әкелді. Олай болса сол заңдарға шолу жасап көрелік.

Мас күйінде көлік жүргізгендер 10 жылға ­сотталады
Қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі – мас күйінде көлік жүргізу жайы. Деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңнан астам жағдай тіркеледі екен. Тіпті 2019 жылы мас жүргізушілердің салдарынан 1000-нан астам азамат жарақат алған. Олардың арасында қаза тапқандары да бар. Міне осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Заңға сәйкес, енді көлікті мас күйінде тізгіндегендер 10 жылға түрмеге тоғытылады. Сондай-ақ өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әрі әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұзарады. Ал егер куәлігінен айырылған азамат мас күйінде өзге машинаны айдаса, көлік жүргізу құқығынан да өмір бойы шектеледі.

Мал ұрлағандардың жазасы күшейтіледі
Бүгінде малға барымта жасайтындардың қарасы қалың. Алайда, олардың көбісі татуласумен аяқталады. Сондықтан жауапты мамандар аталған қылмыс түрімен күресті күшейту керек деген ойға келген. Осы орайда жаңа 2020 жылы мал ұрлығымен айналысатындардың жазасын күшейткен. Тарқатып айтар болсақ, жаңа заң жобасы бойынша енді осы қылмыста «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайды. Заң бойынша барымта жасағандар қомақты айыппұл төлейді немесе 5жылға бас бостандығынан айырылады. Ал ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала ұйымдастырылып жасалған ұрлық болса, 7 жылға жуық түрмеге тоғытылады. Бірнеше рет барымта жасаса – 10 жыл, аса ірі көлемде қылмыстық топ болып мал ұрласа – 12 жыл қамауға алынады.

Салықтан кімдер ­босатылады?
Тышқан жылының тағы бір жаңалығы – салық режимін қолданушы шағын бизнес өкілдері кіріс үшін төлейтін салықтан 3 жылға босатылуы. Алайда, бұл жеңілдіктер жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделінетін тауар өндірушілер, ойын бизнесі және сыртқы экономикаға қатысушыларға арналмаған. Сонымен қатар жаңа жылда шағын кәсіп ұйымдарын тексеруге 3 жылға мораторий жарияланады деген ақпараттар бар. Бірақ бұл кәсіпкерлердің кедендік, салықтық комиссия және қылмыстық іске байланысты тексерістерден босатылатындығын білдірмейді.

Жаңа жәрдемақы мөлшері
Ел аузында «21 мың теңге» аталып кеткен жәрдемақы да жаңа жылда біршама өзгерістерге ұшырамақ. Себебі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, жаңа 2020 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай беріледі. Атап айтар болсақ, төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы жүйесі қайта қаралды. Енді атаулы әлеуметтік көмек 6 немесе 12 айға емес, тоқсан сайын тағайындалады.

Әзірлеген
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ


06 қаңтар 2020 ж. 714 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930