Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл оқиғалары

Жыл оқиғалары


Әрбір адам «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтеді. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылдың соңғы сейсенбісінде өткенге салауат айтып, жыл бойы ауданда болған айтулы оқиғаларды саралап көрелік.
Өткен жылдың соңында көптен күткен ірі өндіріс орны – «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты ашылғаны белгілі. Зауыт жұмысын бастағанымен тауар нарыққа тек биыл шығарыла бастады. Иә, бүгінде Шиелі тұрғындары ғана емес, алыс-жақын аймақтағы ағайындар да кез келген ғимараттың іргетасын аталған зауыттың цементімен қалауда. Алпауыт кәсіпорын аз ғана уақыттың ішінде жаңа жұмыс орындарын ашып, сапалы тауарларымен танылып үлгерді.

Жәрдемақыдағы жаңалық
Тек шиеліліктер ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін биылғы жылдағы айшықты оқиғалардың бірі 21 мыңның жыры болды. Аудан көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде жыл бойы түрлі жағдайлар орын алғаны рас. Жәрдемақының жарылқағандары да, оған қолы жетпей әбігерге түскендер де, ақшаны қолына алып, «қайтадан қайтарып жүрмеймін бе?» деп уайымға батқандар да болды. Бұл төңіректе газет бетінде жазылған түрлі жанрдағы мақалалар да аз болмады. Қалай десек те атаулы әлеуметтік көмектің мұқтаж жандарға әжептеуір жәрдем болғаны белгілі. Келер жылдан ­бастап бұл жүйеге аздап өзгерістер енгізілмек. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға бала санына қарай ай сайынғы беретін жәрдемақы айтарлықтай өсетін болады.

Жыл қоржынындағы көне жәдігер
2019 жыл есіктен ене бере төңкерілген бір тасын көтерсең, тарихы тіл қататын Шиелі жерінен тағы бір көне жәдігер – шығыр табылған еді. Ескіден қалған елеулі шығыр 21 бекеттің жанынан қазып алынды.
Бұл біздің өңірдің егінмен әлдеқайда ерте айналысқанының дәлелі. Х-ХІІ ғасырларда Отырар алқабынан табылған шығыр құрылғысы туралы тарихи деректерде жақсы мәліметтер келтірген. Сыр бойындағы егіншілік жерлерді суаруға арналған бұл құрылғының құрылымында аздап өзгерістер болғанымен, жалпы атқаратын қызметі бір. Қыстың салқынында шеңгелді шауып, қора тоқу – кез келген ауылдың үйреншікті ісі. Бірақ қалың шеңгелдің арасынан қымбат мұралар шығады деген ешкімнің ойына кіріп шықпасы анық. Табылған жәдігер ауданның тарихының әріректе екенін айқындай түскендей. Жерден бір қарыс төмен, құмға арнайылап екі қатарға алты-алтаудан көміліпті. Аудандық тарихи өлкетану музейі қызметкерлері барлық шығырды қазып алып, ұрпаққа насихаттау үшін музейге орналастырды.

Аудан архитектурасы жаңа нысанмен толықты
Жылдың елеулі оқиғаларының қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой түзеген «Рәміздер алаңы» мен «Рухани жаңғыру» аллеясының ашылуы да бар. Сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ауданға арнайы атбасын бұрып, қос нысанның ­лентасын қиған болатын.

«Ақылды ферма» алғашқы
Сондай-ақ елде қарқынды жүргізіліп жатқан цифрландыру жобасы аясында облыста алғаш рет «Ақылды ферма» жобасы енгізілді.
Мамыр айында сыр бойылық шаруалар Ақмая шаруақожалығының егіс алқабында ұйымдастырылған алқалы жиында басқосты. Шараға аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, облыстық басқармалар, салалық мекеме, ұйым басшылары, сонымен қатар Қазақстандағы іргелі республикалық маңыздағы ғылыми зерттеу институттарының жетекшілері, ғалымдары, алпауыт агротехника компанияларының өкілдері де қатысты. Семинарда күріш егісінде алғашқы дән себу рәсімі өткізіліп, шаруашылықтағы «Akmaya Smart Farm» жобасының жұмыстары таныстырылды. «Ақылды ферма» дегенді білдіретін бұл жоба бойынша егіс алқабы түгел цифрландырылып, жердің бедері, егістіктің жай-күйі, оның ауруы, арамшөптер мен зиянкестердің таралу аумағы, топырақ құрамы, минералды тыңайтқыштар көлемі арнайы компьютерге автоматты түрде енгізіліп, сақталып, есептеліп, сол арқылы деректер базасы жасақталып, арнайы мониторингке сәйкес жұмыстар жасалатын болады. Бұл облыста алғаш қолға алынған пилоттық жоба болып саналады. Семинар қонақтары шаруашылықтың осынау жаңа жобасымен танысып, оң бағасын берді.
Шаруалардың дүбірлі шарасында сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы қызылордалық жастар үшін алдағы уақытта агрономия саласы бойынша қосымша оқу гранттары бөлінетіндігін меңзеп, осы арқылы келешек Сыр бойында диқаншылықтың одан әрі дами түсетіндігін жеткізді. Диқаншылықтың дами түсетіндігі дегенде, біз бұрынғыдай қара күшпен қаржыға емес, ақыл мен сандық технологияға арқа сүйейтіндігіміз сөз болды. Сонымен бірге сала мамандары, ғылыми зерттеу институттары мен агротехника компанияларының өкілдері ауыл шаруашылығын цифрландыру, егіншілікте агродрондарды пайдалану, егінді әртараптандыру, суландыру жүйелерін жаңғырту, үнемді пайдалану мәселесін қозғады. Онда аймақтың алдағы жұмыс міндеттемелері, ұсыныс-кеңестері тыңдалып, жоспарлары пысықталды.

Бір мүшелден кейінгі үшем
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл ауданда өткен жылмен салыстырғанда егіздер саны артқан. Ал үш сәбидің бірдей жарық дүние есігін ашуы – сирек кездесетін қуаныш. Дүниеге үшем келіп, өрісі кеңейген шаңырақтың шаттығын сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес шығар. Сан ғасырлық тарихы бар Шиелі өңірінде алғашқы үшем 2007 жылы, яғни осыдан 12 жыл бұрын дүниеге келген екен. Жаннұр, Ернұр, Айдын есімді ұл-қызды сыйлаған алтын құрсақты ананың жолы биыл кент тұрғыны Жазира Ертаеваға ­бұйырды.

Сары қарбыздың сыры
Бұрын-соңды ананас дәміне ұқсас, түсі күннің сарысымен бірдей түсті қарбызды жедіңіз бе? Мүмкін ғаламтордан суретін көріп, таңқалған шығарсыз. Ерекше сортты қарбыз биыл Ақмаяның егін алқабында алғаш рет егілді. Ол дәмі ғана емес, түсі де айрықша «лунный» сортты қарбыз болатын. Өз тілімізге тәржімалағанда «күннің сыйы» деп аталады. Мүмкін қызғалдақтай қызыл емес, күндей сары болғандықтан солай аталған шығар. Ақмаялық Рәби Айтмағанбетов есімді диқан бұл қарбызды биыл бірінші рет еккен. Әуелгіде ол ғаламтордан дерек алып, байқап көруге тырысады. Өзге қарбыздармен бірдей баптап, күтеді. Жиын-терім науқаны басталғанда алғашқы тәжірибесі іске асып, күннен сый ретінде келген өнімі өзге көкөністермен бірдей жемісін берген. Рәби диқанның бұдан бөлек арнайы еккен асқабақтары да тегенедей болып көздің жауын алады. «Атлант», «бикмакс» деп аталатын бұл асқабақ сорттарының өнімділігі жоғары болды.

Мерейі үстем марапат иесі
Жақында ғана жерлесіміз, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Республика бойынша жемісті, ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін 2019 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаттарының есімдері анықталды.
Нәтижесінде айтыс өнерінің талантты өкілдерінің бірі, жас болса да талай додада халықтың көкейіндегісін дөп басқан суырып салма ақын Мейірбек Сұлтанхан «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.

«Серпін» алып, серпіліп қалды
Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағаны белгілі. Осы орайда жыл бойына жасалған жұмыстардың нәтижесіндей, Тәуелсіздік күніне орай аудандағы белсенді жастар «Серпін» сыйлығымен марапатталды. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл сыйлық өңірдегі он жасқа бұйырды.
Жыл бойында аудан көлемінде болған елеулі оқиғаларды қысқаша осылай тіздік. Жалпы доңыз жылы аудан үшін сәтсіз жыл болмаған сыңайлы. Арайлап атқан әр күнінен жағымды жаңалық күтетін, әрнәрсені жақсылыққа жорып, тек жақсыны үміт ететін қазақпыз ғой. Ендеше есіктен енгелі тұрған тышқан жылы мол табысымен, береке-бірлігімен, татулық, амандығымен енсін демекпіз.

Гүлхан ЯХИЯ
31 желтоқсан 2019 ж. 562 0