Ұстазы талантты болса, Шәкірті талапты болады
Ұлттық білім беруді жаңғырту – мектептегі білім берудің мазмұнын түбегейлі өзгертіп, жаңартып, барлық азаматтарға сапалы білім алуға, қоғамда сәтті қарым-қатынас жасауға бағытталған идея.
Дегенмен қазіргі таңда әртүрлі себептермен оқу процесінен тыс қалған азаматтардың санаты бар. Осындай адамдарды білімге тарту, жалпы білім деңгейін көтеру мақсатында ауданда 60 жылдық тарихы бар кешкі мектеп жұмыс істейді. Мұндағы шәкірттерді жұмыс істейтін ересектер мен 15 жастан асқан кәмелетке толмаған жасөспірімдер құрайды. Мектепке жас ерекшелігі, білім алу деңгейі, әлеуметтік және отбасылық жағдайы, мектептен тыс жұмыспен қамтылу дәрежесі мен сипаты, есте сақтау, көңіл бөлу және т.б. белгілері бойынша қабылданады.
Қазіргі таңда Қалдыбек Берімбет басқарып отырған Шиелі аудандық жалпы орта білім беретін кешкі мектеп КММ-де 86 оқушы білім алады.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей бүгінде мектеп ахуалы жақсы. Көптеген оқушылар оқудан қол үзіп қалуына байланысты білімі мен дағдыларын жоғалтады немесе күндізгі мектепте оқу барысында білімді игере алмайды. Сондықтан кешкі мектеп мұғалімдеріне зор талап қойылады. Мұғалімдердің маңызды міндеті – оқушыларды өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға мүмкіндік жасау, баланың жан-жақты дамуына ықпал ету.
Кешкі мектептегі сабақтар қосымша топтық немесе жеке сабақтар түрінде толықтырылады. Осындай жан-жақты ізденістің барысында 9 сынып оқушысы Анастасия Эльмурзаева жалпы білім беретін пәндерден өткізілген республикалық олимпиаданың II аудандық кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып, II орын иеленді. Аудандық білім бөлімі атынан грамота мен сыйлық алды. Орыс тілі пән мұғалімдері – Д.Ыбраш, Р.Айтуғанова, Ғ.Байназар апайлар өз ісіне берілген, майталман мамандар.
Ә. Болатова,
аудандық кешкі мектеп директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары